Accessibility links

Офшорға қатысын жоққа шығарған Мыңбаев терістеуді талап етпейді


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев. Қазақстан, Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Сурет "Не хабар?!" газеті редакциясынан алынды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев. Қазақстан, Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Сурет "Не хабар?!" газеті редакциясынан алынды.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) журналистері атаған офшор компанияларға қатысы бар екенін жоққа шығарады. Олар Paradise papers құжаттары жария болуына байланысты Мыңбаев туралы мақалалар жазып, оны ірі бизнес-империяның тең қожайыны деп атаған. Азаттықтың «Терістеуді талап етіп, сотқа жүгінесіз бе?» деген сұрағына Сауат Мыңбаев жауап бермеді.

Осы айда Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев туралы "Қазақстанның құпия миллиардерлері", "Қазақстанның бұрынғы мұнай министрінің кенеттен көзі ашылды" және "Қазақстандық топ-шенеуніктің көлік империясында құпия үлесі бар" деген үш мақала жариялады. Үш мақаладағы материалдардың бәрі Кайман, Бермуд және Виргин аралдарында тіркелген офшорлорды қамтитын Appleby компаниясынан жарияланып кеткен мәліметтерге негізделген. Paradise papers («Жұмақ аралдарының құжаттары») деп аталатын миллиондаған құжатта әлемнің түрлі елдерінде тұратын саясаткерлер, танымал қайраткерлер және әйгілі жұлдыздардың үлесі болған немесе қазір иелік ететін офшор компаниялар аталған.

Оқи отырыңыз: Офшор дауында Мыңбаев пен Атамқұлов аталды

МЫҢБАЕВТЫ ЖАУАПҚА ИЛІКТІРГЕН ҮШ МАҚАЛА

Мыңбаев - әр тараптандырылған қоржынында миллиардтаған (доллардың) активі бар Meridian Capital бизнес-империясының тең қожайыны деп көрсетілген «Қазақстанның құпия миллиардерлері» деп аталатын алғашқы мақала жарияланғаннан кейін «ҚазМұнайГаз» басшысы әлгі компанияны құруға қатысқанын, бірақ қазір оның саясатына араласпайтынын хабарлаған. Мыңбаевтың болжамынша, "мемлекеттік қызметке шақырған 2003 жылы үлесін басқа адамдардың басқаруына өткізген". Азаттық сауалына жолдаған жауабында Мыңбаев "Meridian Capital компаниясындағы үлесімді мемлекеттік қызметшілерден талап етілгендей, салық декларациямда көрсеткенмін, оны талай жыл бойы тапсырып келдім әрі мұны ешқашан жасырған емеспін" деп жазған болатын.

Сауат Мыңбаевтың (сол жақта) энергетика және минералды ресурстар министрі болған кезінде Солтүстік Каспий экологиялық базасын салу жөнінде жергілікті тұрғындар пікірін тыңдап тұрған сәті. Атырау, 2008 жылдың қарашасы.
Сауат Мыңбаевтың (сол жақта) энергетика және минералды ресурстар министрі болған кезінде Солтүстік Каспий экологиялық базасын салу жөнінде жергілікті тұрғындар пікірін тыңдап тұрған сәті. Атырау, 2008 жылдың қарашасы.

OCCRP ұйымының келесі мақаласына Азаттыққа жолдаған дәл осы жауап арқау болған. "Қазақстанның бұрынғы мұнай министрінің кенеттен көзі ашылды" деген мақалада Мыңбаев ертеректе журналистермен әңгімесінде "офшорға қатысым жоқ" деп айтқаны көрсетілген. Мақала авторлары тіпті Мыңбаев декларацияда Meridian компаниясындағы үлес меншігін көрсеткен күннің өзінде мұнай компаниясы акционерінің Қазақстан үкіметі атынан мұнайға қатысты келіссөздер жүргізуі "кем дегенде мүдделер қақтығысы болып саналатынына" назар аударады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, әшкереленіп кеткен құжаттар 2006 жылы компаниядағы үлес көлемі жағынан Мыңбаевтың екінші ірі акционер болғанын, яғни оған компанияның 18,75 пайызы тиесілі болғанын көрсетеді. Оның қалған алты тең қожайыны Meridian компаниясына "арзан" несиелер беріп отырған постсоветтік аймақтағы төртінші ірі банкте жоғары лауазымды қызметтер атқарған.

Оқи отырыңыз: "Кенеттен көзі ашылған" Мыңбаев пен "құтқарылатын" банктер

Ал "Құпия көлік империясында қазақстандық топ-шенеуніктің үлесі бар" деген үшінші мақаланың көп бөлігі Қазақстанда "мұнай мен газды темір жолмен негізгі тасымалдаушы" әрі Теңіз кенішін игеріп жатқан компанияға қызмет көрсететін ірі жөндеу базасының, депоның иесі деген TTG Group компаниясына арналған. Зерттеуші журналистердің жазуынша, әлгі компанияда Сауат Мыңбаевтың үлесі болған әрі қазір де болуы мүмкін. OCCRP журналистерінің мәлімдеуінше, TTG Group компаниясы Теңіз кенішінде жұмыс істейтін мұнай өндіруші концернге (Chevron, ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз» және LukOil бірлескен кәсіпорны) газ, күкірт және өзге заттарды тасымалдауға арналған цистерналар, вагондарды жалға беру арқылы кірісі мол бизнес көзін тапқан. OCCRP компанияға Мыңбаев көмектескен деп санайды, яғни мемлекет меншігіндегі Қазақстан даму банкін ол басқарған 2002 жылы TTG Group компаниясы цистерналар сатып алу үшін осы банктен 11,7 миллион доллар несие алған.

Теңіз кенішіндегі Шаңырақ вахталық қонысы. Атырау облысы, 2010 жыл.
Теңіз кенішіндегі Шаңырақ вахталық қонысы. Атырау облысы, 2010 жыл.

МЫҢБАЕВ МАҢЫЗДЫ СҰРАҚҚА ЖАУАП ҚАТПАДЫ

Бірнеше мақала жарық көргеннен кейін Сауат Мыңбаев қазақстандық БАҚ-тарға үкіметте және "ҚазМұнайГаз" компаниясында жұмыс істеген кезінде ол басқарған министрліктер мен ұлттық компания Meridian Capital компаниясымен бір де мәміле жасасқан жоқ деп жауап берген. Мыңбаев комментарилерінде Meridian Capital және TTG Group компаниясының екеуінің де акционерлері бір адамдар болуы мүмкін, бірақ өзім ешқашан TTG Group компаниясының акционері болған емеспін, қазір де акционері емеспін деп мәлімдеген.

Азаттық сауалына "ҚазМұнайгаз" компаниясынан келген жауапта (редакция оны сауал жолдағаннан кейін бір аптадан соң алды) Сауат Мыңбаев TTG Group компаниясына "қатысым жоқ" деп тағы жазған. Ол ешқашан, оның ішінде Қазақстан даму банкі басқармасы төрағасы болған тұста да әлгі компания мүддесі үшін "лобби жасағаным жоқ" деп көрсеткен.

Ұмытпасам, 16-17 жыл бұрын Қазақстан даму банкі TTG Group компаниясына несие бергені есімде. Несие беру туралы шешімді әрдайым несиелендіру комитеті қабылдайды әрі ол корпоративтік процедураларға сәйкес және Қазақстан даму банкінің стандартты шарттары негізінде қабылдайды.

Мыңбаевтың жауабында "Ұмытпасам, 16-17 жыл бұрын Қазақстан даму банкі TTG Group компаниясына несие бергені есімде. Несие беру туралы шешімді әрдайым несиелендіру комитеті қабылдайды әрі ол корпоративтік процедураларға сәйкес және Қазақстан даму банкінің стандартты шарттары негізінде қабылдайды. Несиелендіру шарттары толығымен орындалып, әлгі несие 100 пайыз жабылған" деп жазылған.

Зерттеуші журналистер мына жайтқа назар аударады: жарияланып кеткен мәліметтері Paradise papers құжаттарына негіз болған Appleby регистратор-фирманың материалдарына сәйкес, 2016 жылғы сәуірдегі есеп бойынша Meridian Capital қожайындары арасында Мыңбаев «active politically exposed person» ретінде көрсетілген. Бірақ Азаттыққа жолдаған жауабында Мыңбаев мұны жоққа шығарып, «бұл кезге қарай Meridian Capital акционерлері қатарынан баяғыда шығып кеткен болатынмын» деп жазған.

Азаттық Мыңбаевтан «OCCRP мақалаларындағы мәлімдемелерді терістеуді талап етесіз бе және және ар-намысыңызды қорғауды сұрап, сотқа жүгінесіз бе?» деп сұраған еді. Ұлттық мұнай-газ компаниясы басшысы бұл сұраққа жауап берген жоқ.

XS
SM
MD
LG