Шетке шикізат сатудан түскен табысты халық арасында әділ бөліске салу туралы ойды алғаш рет Қазақстан оппозициясы 2004 жылы парламент сайлауы қарсаңында ұсынған болатын.
ЕСКІ ДЕ ЖАҢА ИДЕЯ
Араға сегіз жыл салып бұл ойды америкалық экономист- ғалым, Нобель сыйлығының иегері, Аризона университетінің профессоры Эдвард Прескот қайталады.
Естеріңізде болса, мамырдың 22-сінде Астанада өткен экономикалық форумда сөз сөйлеген Нобель сыйлығының иегері «Қазақстан мұнайынан түсіп жатқан ақшаның бір бөлігін әр қазақстандықтың депозиттік шотына аудару арқылы меншік иелерінің ауқымды базасын құруға болатыны» туралы кеңес берген еді.
Профессор Эдвард Прескотт «Сонда Қазақстан халқы өз капиталын инвестициялау қадамдарын жасап, ел үшін тиімді болар еді деп ойлаймын» деген болатын.
Бұрынғы вице-премьер, «Ракурс» экономикалық сараптау орталығының директоры Ораз Жандосов бұл идеяны өзінің бұған дейін де ұсынғанын айтады.
Жандосовтың айтуынша, бұл ойды ол 2002 жылы ұсынған. Ал 2004 жылы парламенттік сайлау науқаны жүріп жатқан тұста, «Ақ жол» партиясынан депутаттыққа кандидат ретінде тіркеліп, теледидардан сөйлеген кезде алғаш рет халыққа жария еткен.
«ПРЕЗИДЕНТ КЕЛІССЕ, БАСҚА КЕДЕРГІ ЖОҚ»
Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмұтова «Ел билігі ол кезде бұл ұсынысты оппозиция тарапынан жасалғандықтан ғана қабылдамаған» дейді.
Махмұтованың айтуынша, Қазақстан үкіметі 2005 жылы ұлттық мұнай қоры туралы тұжырымдаманы әзірлеу барысында мұнайдан түскен кірістің бір бөлігін азаматтардың арасында бөлу мүмкіндігін қарастырып, кейін оны тиімсіз деп тауып бас тартқан.
Ораз Жандосов, Меруерт Махмұтова және Мұхтар Тайжан «Мұнайдан түскен табыстың бір бөлігін ел азаматтарының арасында бөлудің уақыты жетті, бұл ойды іске асыруға бір адамның ғана саяси еркі керек, басқа кедергі жоқ» дейді.
«МҰНАЙҒА ҒАНА АРҚА СҮЙЕУ - ҚАУІПТІ»
Медиаменеджер және бизнесмен Арманжан Байтасов Нобель сыйлығының иегері Эдвард Прескоттың ұсынысы арқылы байлар мен кедейлер арасындағы жер мен көктей алшақтықты азайтуға болады деп пайымдайды. Арманжан Байтасов сонымен бірге «Бұл ой жүзеге асса, халықтың бойында мұнайдан түсетін долларға ғана иек арту сияқты керенау мінез қалыптаса ма» деп те қауіптенеді. Осы себепті ол халықтың қолына «балық емес, қармақ бергенді» жөн санайды.
Болатхан Тайжан қорының президенті, экономист Мұхтар Тайжан бұл қауіппен келіспейтінін айтып, керісінше, мұнайға арқа сүйеу Қазақстан үкіметіне тән құбылыс болып бара жатқанын айтады. Экономистің деректері бойынша, қазір республикалық бюджеттің үштен бір бөлігін ұлттық мұнай қорынан тікелей құйылып жатқан 8 миллиард пен 9,2 миллиард доллар аралығындағы қаржы құрап отыр.
Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің мұнайдан түскен кіріске тәуелділігі жылдан жылға артып келе жатқанын айтқан Ораз Жандосов та бұл пікірді қостайды.
Меруерт Махмұтованың пікірінше, ұлттық мұнай қорына түсіп жатқан табыс «Самрұқ-Қазына» қоры арқылы түрлі жобаларға жұмсалып жатыр. Ол «Бұл жобалардың негізгі бөлігі жоба күйінде қалатыны - жасырын жайт емес» деген ойын айтты.
10 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕПОЗИТІНЕ
Меруерт Махмұтова «Ұлттық қордың барлық қаржысын «Самрұқ-Қазына» қоры жұтып, жоқ болып кетіп жатыр» деген алаңдаушылық білдірді. Ол «Күндердің күнінде бұл қор жекешеленіп кетсе, Қазақстан халқы жиналған қазынадан құр қалып, құм асауы мүмкін» дейді.
Ораз Жандосовтың есебі бойынша, мұнай өндірудің бүгінгі көлемін ескерсек, мұнай сатудан түскен 10 миллиардтай долларды қазірдің өзінде ел азаматтарының депозиттеріне аударуға болады.
Бұл – халықтың түпкілікті қажетін өтеуге деген көмек. Бірақ бұдан қазақстандықтар аспаннан алтын жауғандай шалқып өмір сүріп кетеді деп айта алмаймыз.Ораз Жандосов.
Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі Ораз Жандосов «Бұл – халықтың мұнайға арқа сүйеуі емес, керісінше, халықтың түпкілікті қажетін өтеуге деген көмек. Бірақ бұдан қазақстандықтар аспаннан алтын жауғандай шалқып өмір сүріп кетеді деп айта алмаймыз» дейді.
Шикізат сатудан түскен табысты әділ бөлу туралы тақырып Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде талқыланды. Пікірталасқа түрлі себептермен Қазақстан парламенті мәжілісінің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова, осы комитеттің мүшелері Нұртай Сәбилянов пен Екатерина Никитинская, Қазақстанның ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко, басқа да ресми тұлғалар қатысқан жоқ.
Дөңгелек үстелдің толық аудио нұсқасын мына арадан тыңдауға болады: