Accessibility links

Вена: Австриядағы жаңа жанжалдың Әлиевке қатысы бар


Австрия билігінің өкілдері жергілікті полицияның екі офицері Рахат Әлиевке қарсы тыңшылық әрекетке барды деген айыппен жауапқа тартылып жатқанын растады. Оның біреуі қамауда отыр.

Австрия Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Рудольф Голлиа Азаттық радиосына австриялық екі офицердің қызметтерінен шеттетілгенін айтты. Олар қазақстандық арнаулы қызмет пайдасына тыңшылық әрекеттер жасады деп күдіктелуде.

Оларға айып өткен сәрсенбіде пәтерлеріне тінту жүргізгеннен кейін тағылды. Вена прокуратурасының ресми өкілі Герхард Ярош Азаттыққа берген түсініктемесінде олар қазақтың құпия қызметіне Рахат Әлиевке қатысты ақпараттарды берді деп күдіктеліп отырғанын айтқан. Алғашында екі офицер тұтқындалған болса, кейіннен біреуі босатылған, ал екіншісі қазіргі кезде алдын-ала тергеу орнында отыр.

Рахат Әлиевтің айналасындағы жаңа жанжал 17 ақпан, сейсенбіде шыққан Вена газеттерінің басты тақырыбына айналды. Австриялық журналистер, шамасы, шпион-офицерлер туралы нақты ақпараттарды біле алмаған болса керек. Олардың айтуынша, офицердің біреуі Ішкі істер министрлігінің полиция басқармасының өз ішіндегі жемқорлық күресетін ішкі тексеру бөлімінде жұмыс істеген.

Азаттық радиосы өзінің халықаралық баспасөзге шолуында екі офицердің EKIS полициясының компьютерлік мәліметтер базасынан қазақстандық тапсырыс берушілерді қызықтыратын ақпараттарды іздеумен айналысқанын хабарлаған еді. Австрия баспасөзі бұл ақпараттардың Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты Астанадағы биліктің Венадан ала алмай отырған ақпарат екендігіне күмән келтірмейді. Рахат Әлиевке қатысты ақпаратқа тапсырыс бергендер туралы да нақты мәлімет жоқ.

Вена прокуратурасының ресми өкілі Герхард Ярош қазақ барлау қызметінің агенттері деп отырғандар кімдер, оларға қатысты қандай шаралар қолдануда деген сұрақтарымызға тергеудің әлі жалғасып жатқандығын алға тартып, нақты жауап берген жоқ. Герхард Ярош біздің журналистің құпия мәліметтер туралы сұрағын да жауапсыз қалдырды, бірақ ол бұл ақпараттарды осы күдіктелген адамдар полиция қызметінде болғандықтан ғана ала алған деді.

Австрия прокуратурасы осыдан үш апта бұрын Алматыдан келген екі адамнан және бір қазақ полициясының бір офицерінен "Нұрбанктің" екі менеджерінің жоғалуына байланысты сұрақтарға жауап алғандығы белгілі. Жоғалған банкир Жолдас Теміралиевтің зайыбы Армангүл Қапашева 27 қаңтарда тергеушілердің сауалдарына жауап берген еді. Одан соң Австрия прокуратурасының сұрақтарына Рахат Әлиевтің бұрынғы бизнес-әріптесі, "Нұрбанктің" бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов пен ІІМ тергеушісі Гаши Машанло жауап берген болатын.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Армангүл Қапашева үшеуінің де екі банкирдің жоғалуына Рахат Әлиев кінәлі деген ойларынан қайтпағанын айтады. 2007 жылы Австрия үкіметі Рахат Әлиевке Қазақстан билігі таққан айыптың саяси астары бар деп, оны Қазақстанға қайтарып беруден бас тартқан.

Бүгін Вена прокуратурасының өкілі Герхард Яроштың бізге хабарлауынша, бұл іске қатысты қандай да бір шешім қабылданбаған.

Рахат Әлиев өзінің төңірегінде өрбіген жаңа жанжалға қатысты Азаттық радиосына түсініктеме беруден бас тартты. Бұдан бұрын да Рахат Әлиев Қазақстанның құпия қызметі өзін ұстап алу немесе өлтіру мақсатында Еуропаның көптеген елінде аңдып жүргендігін бірнеше рет айтқан еді.

Өткен жылдың қыркүйек айында Венада Рахат Әлиевтің одақтасы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетуге әрекет жасалған бір оқиға болған еді. Осы іс бойынша Германия демократиялық республикасының арнаулы қызмет базасына қатысы болған «Штази»-дің бұрынғы қызметкерлері тұтқындалған. Бұл іс әзірше сотқа жеткен жоқ.

Осылайша, Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен өлтірілген күніне орай «Өкіл әке» кітабын шығарамын деп уәде бергенінен кейін, бұрынғы күйеу баланың айналасындағы сәл тынышталып қалған оқиғалар Қазақстаннан қайтадан Австрияға ауысты.

Өткен аптада оппозиция басшылары мен Қазақстанның бірқатар зиялы қауым өкілдері биліктен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен диссидент Заманбек Нұрқаділовтың өлімдеріне қатысты істерді Рахат Әлиевке қарсы мәліметтер нұсқасында қайта тергеу жұмысын жүргізуді талап етті.

Ал, әзірше Рахат Әлиевтің айналасында жаңа жанжалдар қызып тұр. Қаңтар айында Венада Австрия полициясының бір офицері қазақстандық әлдебір азаматқа Рахат Әлиевке қатысы бар құпия мәліметтерді бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, шартты түрде 8 айға бас бостандығынан айырылған.
Ендігі кезекке Рахат Әлиевке қарсы шпиондық әрекеттер бойынша жаңа сот істері шыққалы тұр.
XS
SM
MD
LG