Accessibility links

Терек, саябақтағы орындық, «Пельменная» дәмханасы...


Қонаев көшесі мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы алып бәйтерекке қағылған ақпараттық тақтайшка. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.
Қонаев көшесі мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы алып бәйтерекке қағылған ақпараттық тақтайшка. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.

Қазақ совет әдебиеті негізін қалаушылардың бірі Сәбит Мұқановтың туғанына биыл 115 жыл толады. Алматыда жазушы есімімен байланысты көрнекті орындардың жолсілтемесінде қате өріп жүр, ал тарихи ағаштағы жазудың «саяси» мазмұны өзгерген.

Сәбит Мұқанов 1900 жылы туып, 1973 жылы қайтыс болды. Совет үкіметі орнаған кезде ол өрімдей жас болатын. Социалистік реализм жанрында жазып, коммунистік режимді мадақтаған оны «пролетариат мұңын жоқтаған» жазушы деп атайды. Сәбит Мұқанов - қазақ совет әдебиеті алғашқы буынының Қазақстандағы сталиндік репрессия зобалаңынан тірі қалған санаулы өкілдерінің бірі.

КӘРІ ТЕРЕКТІҢ СЫРЫ

Алматының орталық бөлігіндегі тротуардың ортасында алып кәрі терек тұр. Соңғы жылдары қаладағы ағаштар жаппай оталып жатқанын ескерсек, оны мүлде кесіп немесе бұтақтарын отап тастамағаны құдды ғажап дүниедей көрінеді. Алматыдағы жасыл желектерді кесіп, бұтақтарын отаумен айналысатын жұмысшылардың көзіне түспей қалды деуге де келмейтін сияқты. Өйткені әлгі терек алыстан көзге түседі. Ол Қонаев пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы көрнекті орын - Дінмұхамед Қонаевтың мүсінімен бір қатарда өсіп тұр.

Алматы орталығындағы көрнекті қазақ зиялыларын "көрген" кәрі терек. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.
Алматы орталығындағы көрнекті қазақ зиялыларын "көрген" кәрі терек. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.

Жуырда кәрі теректің діңіне екі лентамен байланған қараторғай үйшігі пайда болды. Үйшіктің бүйіріне темір тақтайша қағылған. Тақтайшада «Қонаев көшесі мен Қарасай батыр көшесінің қиылысындағы алып бәйтерек. 1930 жылдары бұл бәйтерек Сәкен Сейфуллиннің үйінің ауласында өсіп тұрған. Жаздыгүні бәйтерек діңіне қолжуғыш ілінген. Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, т.б. сол үйге келгенде, сол қолжуғыштан қолдарын жуған» деп жазылған. (алашордалықтарға қарсы шыққаны тарихтан белгілі Сәбит Мұқановты Алаш қайраткерлері қатарына неліктен қосып қойғаны түсініксіз.– Ред.).

Ал сәл төменірек тұста мұражайдың мекенжайы, телефон нөмірі мен электронды поштасы көрсетілген әрі Сәбит Мұқановтың мұражайына шақырған жазу бар.

Бұл терек пен оның тарихы жайлы Азаттық тілшісі жаңа жолсілтемеден танысып, оны іздеп шыққан еді.

14 ТАРИХИ ОРЫН

Жолсілтеме «Мұқановпен серуен» деп аталады. Оны Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай кешені шығарған.

«Мұқановпен серуен» жобасының жетекшісі Гүлнәр Құдабаева. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.
«Мұқановпен серуен» жобасының жетекшісі Гүлнәр Құдабаева. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.

Мұражай кешені ғылыми бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Құдабаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, былтыр күзде Алматыда халықаралық мұражай форумы аясында гранттар конкурсы өткен. Гранттардың бірін (екі миллион теңге) Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай кешені ұсынған жоба жеңіп алған. Жоба «Мұқановпен серуен» деп аталады.

Жоба аясында мұражай қызметкерлері Гүлнәр Құдабаеваның басқаруымен 44 беттік түрлі-түсті «Мұқановпен серуен» жолсілтемесін құрастырып, осы аттас сайт ашқан әрі Сәбит Мұқановтың өмірімен тығыз байланысты орындардың маршруттық картасын жасаған. Карта мен жолсілтемеге осындай 14 орын енгізілген.

Олардың арасында Қазақстан Жазушылар одағы (Сәбит Мұқанов әр жылдары Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы болған), Қазақстанның орталық мемлекеттік мұрағаты (мұнда Мұқановтың жеке қоры сақталған), «Қазақ энциклопедиясы» баспасы (Мұқанов оны құрушылардың бірі әрі бас редакцияның мүшесі болған), Шоқан Уәлиханов атындағы № 12 гимназия (мұнда Мұқанов және өзге мәдениет қайраткерлері түрлі шығармашылық үйірмелерге жетекшілік еткен), бұрынғы «Пельменная» (Мұқанов кейде мұнда бас сұғып, түшпара жегенді ұнататын), Қазақ-Британ техникалық университеті жанындағы шағын саябақтағы орындық (жазушы осы саябақта отырып демалғанды жақсы көретін) сияқты орындар бар.

«Мұқановпен серуен» кітапшасына жоғарыда аталған терек те енгізілген. Кәрі теректегі қараторғайдың үйшігіндегідей ақпараттық тақтайша жолсілтемеге енген 14 орынның бәрінде орнатылған.

ӨЛКЕТАНУШЫ КӨЗІМЕН

Мұндай жолсілтеме құрастыру тәжірибесі бар жандар «Мұқановпен серуен» жолсілтемесі толық емес екенін әрі белгілі бір тарихи сәйкессіздіктер бар екенін байқайды.

«Мұқановпен серуен» жолсілтемесінің мұқабасы.
«Мұқановпен серуен» жолсілтемесінің мұқабасы.

Алматыдағы Сәбит Мұқанов тұрған әрі қазір сақталып қалған орындар жолсілтемеге неліктен енгізілмегені түсініксіз. Оның отбасы әуелі Артиллерия көшесі (қазір Құрманғазы көшесі) бойындағы үйде тұрған. Бірақ ол үй баяғыда бұзылған. Кейін ол қазіргі Қабанбай батыр мен Төлебаев көшелерінің қиылысындағы ғимаратта тұрған (кезіндегі Калинин және Абай атындағы көшелер). Қазір бұрынғы келбеті сақталмағанымен, бұл үй әлі бар.

Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы сегіз жылында Төлебаев көшесіндегі 125-үйдегі алты бөлмелі үлкен пәтерде тұрған. Оны советтік Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың бұйрығымен Мұқановтың отбасы үшін арнайы жобалаған. Қазір бұл пәтер - Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің бір бөлігі.

Жаңа жолсілтемемен танысып шыққан соң «Белгілі бір мекемелердің Сәбит Мұқанов қайтыс болғаннан кейінгі ғимараттарының фотосуреттерін неге енгізген?» деген заңды сұрақ туады. Жазушының өмірі бұл ұйым-мекемелерге байланысты болғанымен, олардың қазіргі мекенжайына ешқандай қатысы болмаған.

Мысалы, «Мұқановпен серуен» кітапшасында қаладағы 8-ықшамауданда орналаласқан «Қазақ энциклопедиясы» баспасы ғимаратының суреті бар. Бірақ жазушы бұл ғимаратта ешқашан жұмыс істемеген, өйткені оның кезінде «Қазақ энциклопедиясы» баспасы өзге мекенжайда отырған. Оның Шевченко көшесі, 28-үй деген бұрынғы мекенжайын 1973 жылғы телефон анықтамалығынан білуге болады екен. Егер қазір әлгі ғимарат бар болса, тарихи көзқарас тұрғысынан алғанда, соның фотосуретін беру жөн болмас па еді деген ой келеді.

«Жазушы» баспасына қатысты да осындай ескерту айтуға болады. Жолсілтемеде Сәбит Мұқанов қайтыс болғаннан кейін салынған баспалар үйі (Абай даңғылы, 143-ші үй)ғимаратының фотосы берілген. Ал жазушының көзі тірісінде баспа басқа жерлерде отырған. Мысалы, 1960-1970 жылдары Коммунистік даңғылы, 105-үйде болған. Егер әлгі ғимарат бұзылмай, сақталған болса, оның фотосуретін беру қисындылау болар еді ғой.

Белгілі бір тарихи дәлсіздіктерді мекеме атауларынан да байқауға болады. Олардың көбі Сәбит Мұқановтың көзі тірісінде басқаша аталған, бірақ жолсілтемеде қазіргі атаулары берілген. Мысалы, Сәбит Мұқанов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін қалыптастыруға қатысты деп көрсетілген. Бірақ бұл жоғары оқу орны Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін атауын екі мәрте өзгерткен. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ретінде құрылған оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық университеті деп аталған. Бірақ жоба авторлары мұны көрсетпеген. Сондықтан ҚазҰПУ-дің фотосуреті ретінде Сәбит Мұқанов қайтыс болғаннан кейін салынған бас корпус емес, жазушы жұмыс істеген корпустардың бірінің фотосын берген жөн еді.

Сәбит Мұқановтың 115 жылдығына орай Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов мұражай кешені директоры Әділғазы Қайырбеков мақалалар, ғылыми баяндамалар мен сұхбаттардан тұратын «Тұлғалар тағылымы: Сәбит пен Ғабит» деген кітап шығарған.

Жазушының 115 жылдығына орай «Мұқановпен серуен» жолсілтемесі мен картадан бөлек, өзге де шаралар өтті. Биыл сәуірде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Сәбит Мұқанов – әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі жарқын тұлға» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Алексей Азаров – Азаттықтың мәдениет жөніндегі шолушысы.

XS
SM
MD
LG