Accessibility links

"Жала жапты" деп айыпталған журналист ақталды


Ratel.kz порталының экс-тілшісі Динара Бекболаева сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 3 мамыр 2018 жыл.
Ratel.kz порталының экс-тілшісі Динара Бекболаева сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 3 мамыр 2018 жыл.

Ratel.kz сайтының Оңтүстік Қазақстан облысындағы экс-тілшісі Динара Бекболаеваны жергілікті белсенді сотқа берген.

Мамырдың 3-і күні Шымкенттегі Абай аудандық сотының судьясы Элеонора Бакирова 27 жастағы журналист Динара Бекболаеваны кінәсіз деп тапты. Ratel.kz сайтының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі болған Бекболаеваны "Мемлекеттік туы" жастар ұйымының жетекшісі Сүйін Абулда сотқа берген болатын.

- Cот тергеуі кезінде Сүйін Абулдаға жала жабылғаны анықталмады. Журналистік қызмет шеңберінде жұмыс істегеніңіз анықталды, - деді судья Элеонора Бакирова.

Абай аудандық сотының судьясы Элеонора Бакирова. Шымкент. 3 мамыр, 2018 жыл.
Абай аудандық сотының судьясы Элеонора Бакирова. Шымкент. 3 мамыр, 2018 жыл.

Шағымданушы Сүйін Абулда мен оның қорғаушысы соңғы екі сотқа және үкім оқылған отырысқа келмеді. Сондықтан шағымданушы тараптың үкімге қатысты пікірін білу мүмкін болмады.

Мамырдың 3-і күнгі отырыста Динара Бекболаева мен оның қорғаушысы Дәуренбек Момбаев істі әділ шешу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының қызметкерлерін куәгер ретінде шақыру жөнінде талап-тілек түсірді.

- Жәбірленуші Сүйін Абулданың облыстық ішкі саясат басқармасы өткізген тендерді жеңіп алғаны туралы жаздық. Ал мақала оның сотқа шағымдануына себеп болды. Сондықтан ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің куә болуы істің мәнін ашуға көмектеседі, - деді Динара Бекболаева.

Судья "бұл жерде сіз емес, заң бойынша шағымданушы неліктен айыптап отырғанын сотқа келіп, дәлелдеуі керек" деді ол.

Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) жиында отыр. Шымкент. 20 қазан, 2016 жыл.
Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) жиында отыр. Шымкент. 20 қазан, 2016 жыл.

Сүйін Абулда соңғы отырыстарға келмегендіктен оның жеке шағымын судьяның хатшысы оқып берді. Арызда Сүйін Абулда өзі төрағалық ететін "Мемлекет Туы" жастар одағы 2017 жылы облыстық ішкі саясат басқармасымен келісім-шартқа отырып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу жұмыстары үшін 2 миллион 350 мың теңге тендер алғанын жазады.

Динара Бекболаеваны осы тендерге қатысты "Акимат ЮКО платил за троллинг Габидуллы Абдрахимова?" тақырыбында сараптамалық мақала жазып, оны Ratel.kz сайтына жариялағанын айтқан. Абулда "журналист негізсіз, еш дәлелсіз жала жауып, абыройына нұқсан келтіргенін, ар-намысына тигенін, облыс және қала әкімі мен өзінің арасына іріткі салуға әрекеттенгенін" жеткізген. Белсенді шағымында журналистің үстінен "жала жабу" бабы бойынша іс қозғап, кешірім сұрауды талап еткен.

Сотта Динара Бекболаева Сүйін Абулданың шағымымен мүлде келіспейтінін айтты.

- Бұл мақаланы жазудағы мақсатым салық төлеушілердің қалтасынан төленетін мемлекеттік сатып алу қалай жүргізілетінін көрсету болды. Тендер алған Сүйін Абулданың жұмысын көрсету үшін оның әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарын іздедім. Тендердің талабы бойынша ол өз ісін жариялауы керек. Сүйін Абулданың әлеуметтік желілердегі жеке парақшасынан бірде-бір патриоттық тәрбие беретін материал таппадым. Есесіне, сол кезде Шымкент қаласының әкімі болған Ғабидолла Әбдірахимовқа қатысты сыни жазбаларды кездестірдім, - деді журналист.

Журналистің айтуынша, оның Сүйін Абулдамен жеке бас араздығы жоқ. Тілшінің сөзінше, Абулда оны кезінде жер мәселесіне қатысты шерулерден хабар таратуға шақырып отырған.

- Мақала шыққаннан кейін жиналыс өткізді. Сол кезде де ұтып алған тендерінің жұмысын сұрадым. Бірде-бір дәлел келтіре алмады. Керісінше ар-намысыма тиді. Төрт ай өткеннен соң сотқа шағым түсірді, - дейді Динара Бекболаева.

Шымкенттегі мемлекеттік сараптама орталығы мақалаға психологиялық-филологиялық сараптама жасап, "арызданушы Сүйін Абулданың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның беделін түсіретін мәлімет жоқ" деп қорытынды шығарған. Сараптама қорытындысын сотта судья Элеонора Бакирова да оқып берді.

Сот тергеуі біткеннен кейін судья жарыссөзге көшті. Жарыссөзде Динара Бекболаева мен оның адвокаты Дәуренбек Момбаев шағымданушы сотқа келіп өз дәлелін келтіре алмағанын, сараптама қорытындысы мақалада жала жабатын сөз жоқ екенін растағанын айтып, журналисті ақтауды сұрады. Судья шағымданушы Сүйін Абулданың арызын қанағаттандырмады.

Ratel.kz порталының экс-тілшісі Динара Бекболаеваның адвокаты Дәуренбек Момбаев. Шымкент. 3 мамыр, 2018 жыл.
Ratel.kz порталының экс-тілшісі Динара Бекболаеваның адвокаты Дәуренбек Момбаев. Шымкент. 3 мамыр, 2018 жыл.

Сәуірдің 24-і күні Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты тағы бір журналист Серікжан Мәулетбай мен informburo.kz сайтына қарсы шағымды қанағаттандырмаған. Журналисті Art Asia туристік компаниясы сотқа берген. Шағым беруші соттан 2016 жылы қараша айында informburo.kz сайтында жарық көрген “Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон” атты мақаланың тақырыбы мен ондағы бір сөйлемді "компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді" деп танып, алып тастауды талап еткен еді.

XS
SM
MD
LG