Accessibility links

«Жиһадта» жүріп үйленген жігіт «өлген», әйелі екі баласымен қалған


Сириядағы қазақ "жиһадшыларының" видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)
Сириядағы қазақ "жиһадшыларының" видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласынан «жиһадқа» кеткен жастар – Әлихан Алдабергенов пен Алма Байзақ Сирияда жүріп бас құрасқан. Кейін Әлихан өлгенін хабарлаған Алма «жағдайын жасайтын адамдар барын» айтып, елге қайтудан бас тартқан.

Әлихан Алдабергенов (1991 жылы туған) Қарағанды қаласындағы спорт мектебін аяқтап, Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің дене тәрбиесі факультетін бітірген. Ал Алма Байзақ (1994 жылы туған) сол университетте оқып жүрген.

«СПОРТШЫЛАРДЫҢ БӘРІ НАМАЗ ОҚИДЫ, УАЙЫМДАМАҢЫЗ»

Әлихан Алдабергеновтің анасы Нұрсұлу Мұхамеджанованың айтуынша ұлы университет бітірген соң Қарағанды төңірегіндегі орта мектептердің бірінде мамандығы бойынша мұғалім болып жүрген. Әлихан осыдан төрт жыл бұрын, 2013 жылы наурызда белгісіз жаққа аттанған. Көп ұзамай оның Сирияға «жиһадқа», яғни сол елдегі террористік топтар қатарына қосылуға кеткені мәлім болған.

- Кетерінен бір апта бұрын үйге келгенде ерекше ештеңе байқамадық. Намаз оқитын. «Спортшылардың бәрі намаз оқиды, уайымдамаңыз» деді. Сақал қойып, қысқа шалбар кимеді. Оқушылары туралы көп айтатын, балалармен жұмыс істегенді жақсы көруші еді. Мектеп директоры да солай деді, – дейді Нұрсұлу Мұхамеджанова.

Әлихан Алдабергеновтің Сәтбаевтағы таныстарымен бірге Сирияға «жиһадқа» аттанғаны белгілі болған соң әкесі бірнеше ата-анамен бірге іздеп, Сирияға дейін барып қайтқан.

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) баламызды іздеп шетелге шығуымызға қарсылық білдірген жоқ. Төрт ата-ана Түркия арқылы Сирияға шығып, балалармен кездесті. Бірақ айналасында қарулы адамдар болғандықтан, елге алып кетудің сәті түспеді. Әлихан да «елге қайтсақ, құртады» деп, құлықты болмады. Күйеуім «Әлиханның аяғына жыртық аяқ киім, үстіне салпылдаған киім кигізіп қойыпты» деп келді, – дейді Нұрсұлу Мұхамеджанова.

Қазақстанның қауіпсіздік органдары «Сирия мен Ирактың бір бөлігінде радикал исламшыл қарулы топтармен бірге жүр» деп есептейтін Әлихан Алдабергенов Сәтбаевтағы отбасымен хабарласып тұрған. Артық сұрақ қоймауды өтінген, туған үйінің суреттерін жиі сұрап, ағайындарын сағынғанын аңғартқан.

- Менімен сөйлескенде кейде көзіне жас толып кететін. Ондайда байланысты өшіріп, қайта қосатын. Ағайын-туыстарды, тіпті олардың балаларына дейін сұрастыратын, – дейді анасы Нұрсұлу Мұхамеджанова.

Келініміз бірі екі жасқа, бірі алты айға толған екі сәбидің суретін жіберген. Былтыр шілдеде «Әлихан қаза болды» деп хабарлапты. Бірақ өзі көрмеген. Сондықтан сене алмаймыз, күніміз жылаумен өтіп жатыр.

Сирияға кеткен Әлихан Алдабергенов арада бір жыл өткеннен кейін, 2014 жылы сол жаққа барған Алма Байзақпен танысып, үйленген. Екі балалы болған. Бірақ соңғы сегіз айда хабар үзілген.

- Әлихан үйленген қыздың шешесімен таныстым осында. Ол да жылап отыр. Келініміз бірі екі жасқа, бірі алты айға толған екі сәбидің суретін жіберген. Былтыр шілдеде «Әлихан қаза болды» деп хабарлапты. Бірақ өзі көрмеген. Сондықтан сене алмаймыз, күніміз жылаумен өтіп жатыр, – деп күрсінеді Нұрсұлу Мұхамеджанова.

«АЛЛАҺ ЖОЛЫНДА ЖАРАЛЫЛАРҒА КӨМЕКТЕСІП ЖҮРМІН»

Әлихан Алдабергеновке Сирияда жүріп тұрмысқа шыққан Алма Байзақ та – Сәтбаев қаласынан «жиһадқа өз еркімен аттанғандардың» бірі. Анасы Зәмзәгүл Әбілмәжинаның айтуынша, Алма – екі қызының бірі, әкелері 2009 жылы қайтыс болған.

Алма Байзақ «жиһадқа» 2014 жылы кеткен. Оған дейін Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің екінші курсын тәмамдаған. «Қызыңыз сессияға келмеді» деген хабар түскен соң анасы Зәмзәгүл Алманы Қарағандыға іздеп барып, таба алмаған. Үш күннен соң Алманың өзі хабарласып, әуелі Сирияда, кейін Ирак аумағында «Аллаһ жолында жаралыларға көмектесіп жүргенін» айтқан.

- Шамамен төрт айдан кейін Нұрсұлудың баласы Әлиханға тұрмысқа шықты. Қазір екі ұлы бар, олардың суретін көрдік, – дейді Алма Байзақтың анасы Зәмзәгүл Әбілмәжина.

Сирияның Ракка қаласында жүрген "жиһадшы". 2014 жылдың жазы. (Көрнекі сурет)
Сирияның Ракка қаласында жүрген "жиһадшы". 2014 жылдың жазы. (Көрнекі сурет)

Алма Байзақ бірнеше ай бұрын Әлиханның қайтыс болғанын, бірақ өлгенін өзі көрмегенін шешесіне хабарлаған. Ол «Күйеуің қайтыс болса, балаларыңды алып елге қайт» деген анасының өтінішіне құлақ аспаған, «басқа адамдар жағдайын жасап, көмектесетінін» айтқан. Соңғы бір-екі айда Алманың өзінен де хабар үзілген.

Алма Байзақтың анасы Зәмзәгүл Әбілмәжина қызы Сирияда жүріп тұрмысқа шыққан Әлихан Алдабергеновтің анасы Нұрсұлу Мұхамеджановамен хабарласып тұрады. Бірақ ол кісіні «құдағи дей алмайтынын, қызын өз қолымен ұзатпаған соң құда-жегжат деуді де ыңғайсыз көретінін, елден ұят санайтынын» айтады.

Алайда балаларының тағдыры бір болғандықтан, Нұрсұлу Мұхамеджанова мен Зәмзәгүл Әбілмәжинаның әңгімелері – ортақ, қайғы-мұңы – ұқсас. Олар балаларын қылмыскер қатарына қосқысы келмейді, «алдау-арбауға түсті, әлі де болса түзеледі» деп санайды. Кішкентай сәбилердің тағдырына ерекше алаңдап, «оларды қайтарып алуға өкіметтен қайран бола ма» деп үміттенеді.

Қазақстандықтардың Сирия мен Ирактағы радикал исламшыл қарулы топтардың сапында ұрысқа қатысып жатқаны 2013 жылдың күзінде –интернетте бір видео жарияланған соң жұртқа белгілі болған. Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың қазақстандықтар екенін анықтаған.

Сириядағы қазақ "жиһадшыларының" балалары. Видеодан алынған скриншот. 2013 жылдың қазаны.
Сириядағы қазақ "жиһадшыларының" балалары. Видеодан алынған скриншот. 2013 жылдың қазаны.

Сол видео жарыққа шыққан соң Қарағанды облысының Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Кеңгір ауылынан балаларын іздеп Сирияға барушылар көбейген. Азаттық тілшісімен сөйлескен ол адамдардың кейбірі балаларының үй-іштерін де ала кеткендерін айтқан. Мысалы, Жезқазған қаласының жанындағы Кеңгір ауылының тұрғыны, «жиһадқа» отбасымен кеткен ұлы Ержан Дәніхановты іздеп барған Мұхамбетқали Дәніханов:«Баламды райынан қайтара алмай қайттым. Ол жақта Жезқазған, Қарағанды, Алматы сияқты әр жерден жиналған қазақ жастарын көрдім, көпшілігі қаза болыпты» деп келген. Кейін «Ержан Дәніханов та қайтыс болған, әкесі келіні мен немерелерін іздеп барып, әкеле алмады» деген хабар тараған.

ҰҚК-нің екі жыл бұрынғы дерегінше, Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында 150-ден астам қазақстандық бар, олармен бірге 200-ден астам әйел мен балалары да жүр.

Қазақстан заңы бойынша, шетелдерде қарулы қақтығысқа қатысқан азаматтар қайта оралған жағдайда ұзақ жылдарға қылмыстық жазаға тартылады.

XS
SM
MD
LG