Бұл туралы осы кітаптарды өз көзімен көрген Азаттық радиосының Душанбедегі тілшісі Барот Юсуфи хабарлады.
- Қай жерде басып шығарылғаны белгісіз осы кітаптар Тәжікстанда заңсыз түрде таратылып жатыр, - дейді ол.
Кітап мұқабасында автордың аты жазылмаған. Бірақ кітаптағы мәліметтердің «Эрк» оппозициялық партиясы, «Өзбекстан халық қозғалысы» және осы қозғалыс жетекшісі Мухаммад Солихқа қатысты интернет парақшаларынан көшіріліп алынғаны айтылады.
Кітаптың қандай тиражбен басып шығарылғаны және Тәжікстанда нақты қанша кітап таратылғаны әзірше белгісіз.
- Әрқайсысы 100 беттен тұратын бұл кітаптарда Өзбекстан басшысы Каримов «агрессор» және «диктатор» ретінде сипатталады. Каримов пен оның отбасының «қылмыстары» туралы айтылады. Кітапта Саддам Хусейн, Каддафи, Чаушеску сияқты диктаторлар қатарында Каримовтың суреті де көрсетілген. Кітаптағы мәліметтер «Эрк» партиясы және Мухаммад Солихқа қатысты сайттардан алынғаны айтылады, - дейді Барот Юсуфи.
Мухаммад Солихтің өзі Азаттық радиосы Өзбек қызметіне берген сұқбатында бұл кітаптың басып шығарылғанынан бейхабар екенін мәлімдеді.
- Біздің көзқарасымызды қолдайтын адамдар шығарған болуы мүмкін. Каримовқа қарсылас оппозициялық пікірде болғандар тек біз ғана емеспіз ғой. Оның қарсыластары тек Өзбекстанда ғана емес, басқа елдерде де бар. Бүкіл Орталық Азия халықтары Каримовты «диктатор» деп ұната бермейді, - дейді «Өзбекстан халық қозғалысы» жетекшісі Мухаммад Солих.
Кітаптың орыс тілінде жариялануы және онда тәжік-өзбек қарым-қатынастарына қатысты мәселелердің де айтылуына байланысты оның тәжік оқушыларына арналғанын аңғаруға болады.
- Кітаптар толық орыс тілінде. Онда Тәжікстан туралы, Рогун станциясы төңірегіндегі дау, шекаралық проблемалар көтеріліп, Ислам Каримов өз саясатымен ағайынды екі елді бөліп тастады делінеді, - дейді Барот Юсуфи.
Бұдан бұрын интернеттегі YouTube порталында «Халық дауысы немесе Иуда-2» деп аталатын фильм пайда болған еді. 54 минуттық фильмнің авторлары Өзбекстанның «атасы» Ислам Каримовтың отбасын «13 миллиард АҚШ доллары көлемінде мемлекет қаржысын жымқырды» деп айыптайды.
Мухаммад Солих бұл фильмге де өзі жетекшілік ететін оппозициялық партияның қатысы жоқтығын айтады.
- Бұл фильмді дайындағандарды да біз білмейміз, - дейді Мухаммад Солих Азаттық радиосы Өзбек редакциясына берген сұқбатында.
«Халық дауысы» атты фильмді оппозициядағы «Өзбекстан халық қозғалысының» мәлімдемелері жарияланатын тәуелсіз Түркістан ТВ видео порталы да көрсеткен.
Түрмеде өлтірілген бір кісінің әйелі делінетін кейіпкердің әңгімесіне негізделген «Халық дауысы» фильмінде президент Каримов пен оның үкіметіне қарсы бірқатар айыптаулар айтылады.