Accessibility links

Сағымбаевтың түрмедегі күндері


Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев. Астана. 30 қараша, 2016 жыл.
Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев. Астана. 30 қараша, 2016 жыл.

Астаналық құқық қорғаушы Талас Сағымбаевтың бостандыққа шыққанына алты ай болды. Бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесімен бірнеше ашық текетірестен кейін ол аз уақыт түрмеде отырып шықты.

Өзін Астана автотранспорт қызметкерлері кәсіподағының төрағасы деп атайтын құқық қорғаушы Талас Сағымбаев Ақмола облысы Степной кентіндегі ЕЦ-166/26 жалпы режимдегі колонияда төрт ай 22 күн отырып шықты. Оны колонияға биыл наурызда еркіндігін шектеу жазасын түрмеде өтеуге ауыстырғаннан кейін қамаған.

Құқық қорғаушыны еркіндігін шектеу жазасын өтеу талаптарын бұзды деген айыптайды. Ал өзі мұны теріске шығарады. Сағымбаев түрмеде аз уақыт отырсам да денсаулығыма нұқсан келді, бірақ дұрыстап емделуге немесе заң жүзінде ақталуға ақша жоқ деп шағынады.

50 КУРТКА ЖӘНЕ МӘСІМОВТІҢ ӘКЕСІ

Талас Сағымбаевты бизнесмен Қажымқан Мәсімовке 300 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу туралы сот шешімін орындамағаны үшін былтыр мамыр айында соттаған болатын. Ертеректе құқық құқық қорғаушы сол кездегі Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің әкесін «бизнесті арамзалықпен жүргізеді» деп ашық айыптап, сотта жеңілген болатын. Кейінгі жылдары сол кездегі премьер-министрдің әкесін сынаған мұндай бірнеше акция болған. Қажымқан Мәсімов айыптауларды теріске шығарған.

Астана соты Талас Сағымбаевты Қажымқан Мәсімовтің үстінен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған шағымын қайтарып алуды және өзі таратқан ақпаратты баспасөз арқылы терістеуді міндеттеген болатын. Жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Сағымбаев «Шымкент қаласындағы бір топ кәсіпкер мен үлескер Қажымқан Мәсімовті келісім-шарттағы міндеттемелерін орындамады деп айыптайды» деп мәлімдеген. Әлгі сұхбаттан кейін Қажымқан Мәсімов ар-намысын қорғауды сұрап, сотқа жүгінген.

Қажымқан Мәсімов. Алматы. 21 желтоқсан 2009 жыл.
Қажымқан Мәсімов. Алматы. 21 желтоқсан 2009 жыл.

Бұған қоса, құқық қорғаушы бизнесмен Қажымқан Мәсімовтің қатысы бар делінген 50 курткаға қатысты хикаяны да айтып берген. Сағымбаевтың сөзінше, 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданын су басқан кезде Қажымқан Мәсімовтің компаниясынан адамдар келіп, «зардап шеккендерге таратамыз» деген уәдемен кәсіпкер Гауһар Айтымбетовадан курткалар алған. Сағымбаевтың болжамынша, әрқайсысы бес мың теңгелік 50 куртканы зардап шеккендерге таратқан болуы мүмкін. Бірақ куртканың ақшасын сол күйі ешкім төлемеген.

Түрмеден шыққаннан кейін Азаттыққа берген сұхбатында Талас Сағымбаев «түрмеде біреулердің қорқақтығынан отырып шықтым, мен қорғаған адамдар сотқа келмей, өз сөздерін растаудан бас тартты» деп мәлімдейді.

- Мен түрмеде айыппұлды төлемегенім үшін емес, қорқып, сотқа келмей қойған әлгі әйелдің кесірінен отырып шықтым. Мені ар-намысты қорғау бабы бойынша айыптады... Әлгі норма халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісінің 19 бабына қайшы болса, ар-намысты қорғау туралы қайтіп айтады? Мемлекеттік шекараға қатысты мәселе болмаса, жазбаша немесе ауызша түрде әр адамның өз пікірін білдіруге құқығы бар. Қажымқан Мәсімов менің үстімнен жеке тұлға ретінде арыз берді. Ал мен оны барлық жерде ЖШС директоры деп жазып жүрмін ғой, Назарбаевқа жеке тұлға ретінде шағымданған жоқпын, бланкілердің бәрінде өзімді кәсіподақ төрағасымын, яғни заңды тұлға деп көрсетемін, ал мені жеке тұлға ретінде соттады. Бұған қоса, мен Гауһар Айтымбетованың өкілімін, азаматтық кодекстің 163 бабын қарасаңыз болады, Мәсімов екеуміздің арамызда тікелей қарым-қатынас жоқ, бір-бірімізге қатысты алған ешқандай міндеттемеміз жоқ, олар мені заңды тұлға ретінде алды, ал зиянды өтемақыны жеке тұлға ретінде өндіріп, жеке тұлға ретінде соттады, - дейді Талас Сағымбаев.

«ТҮРМЕДЕ ЖАҒДАЙЫМ ЖАҚСЫ БОЛДЫ»

Бұған қоса, Талас Сағымбаев еркіндігін шектеу жазасын өтеу шарттарын бұзғанын терістейді. Ол науқастанып, бүйрегіне операция жасатқанын, ал түрмеге жазықсыз түскенін айтады. Бұған қоса, құқық қорғаушының сөзінше, оған үкімді қалай орындауды ешкім түсіндірмеген. Оған тағайындалған еркіндігін шектеу жазасын өтеу тәртібі бойынша, ол айына екі мәрте пробация қызметіне барып белгіленіп тұруы тиіс болған.

- Мені олардан қашқақтап, белгіленуге келмеді, жасырынып, тығылып жүрді деп айыптап, өтелмеген күнге тағы бір күн қосып берді. Наурыздың 11-і күні кешке қарай моншадан шықсам, «Сіз тұтқындалдыңыз» деп келіп тұр. Тура моншада дүйім жұрттың көзінше қолыма кісен салды. Денемде соққы іздері жоғын тексеру үшін әуелі сот-медициналық сараптамаға апарды, сосын абақтыға алып кетті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ, қолыма ешқандай қағаз берген жоқ, - дейді Талас Сағымбаев.

Тұтқын Астана тергеу абақтысында 42 күн отырған. Сосын оны Ақмола облысы Степной кентіндегі ЕЦ-166/26 жалпы режимдегі колонияға жіберген. Құқық қорғаушы үнемі тоңып жүріп, бір құлағына суық тигізіп алғанын айтады. Оның сөзінше, сол кездегі сырқатынан әлі жазылмаған, бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты дәрігерлерге қарала алмай жүр.

Зонада 15 күндік карантиннен кейін жазасын өтеу үшін оны бірінші отрядқа жіберген. Оның сөзінше, отрядта бір күн де болмаған, қант диабеті мен қан қысымы жоғары болуына байланысты бүкіл мерзімін колонияның медициналық бөлімінде өткізген. Құқық қорғаушы «денсаулығым әлсіз болғандықтан, колония басшылығы қорқып, мені штабтың астында орналасқан медсанбөлімге жатқызды» деп санайды.

Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.
Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.

Талас Сағымбаевтың Азаттыққа айтуынша, колонияның медициналық бөліміндегі палатада онымен бірге бес-жеті адам жатқан. Тұтқындар ішінен тағайындалатын шаруашылық бөлімі меңгерушісі де «оны бақылау үшін» әлгі палатада жатқан.

Бұрынғы тұтқын «жабық типтегі курорт сияқты лагерьде жақсы болды» дейді. Бірақ тамағы майлы емес, тіпті диеталық тамақ болған. Бірақ ол «бұл қайта жақсы болды, менің денсаулығым үшін пайдалы ғой» дейді. Зонада Талас Сағымбаевқа «Дяха» деген лақап есім қойған.

- Отрядтағылар сағат алтыда тұрады, ал біз жетіде тұрамыз. Ешқандай таңғы жаттығу, ешқандай әлгі қалай еді… ешқандай тізіммен түгендеу деген жоқ. Таңертең лагерь кезекшісі келіп, қандай шағымдарың бар деп сұрап кетеді. Колония қызметкерлерінің де қарым-қатынасы жақсы болды. Аптасына бір рет моншаға апарып тұрды, жаныма завхоз бен бақылаушы еріп барады. Моншаға апарып, жуынғаннан кейін кері әкеледі. Аптасына бір мәрте - дүйсенбі күні телефон соғуға болады, - дейді Сағымбаев.

Оның сөзінше, зонада дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болған. Медицина бөлімінде фельдшер ғана жұмыс істейді, ал тиісті дәрігерлерге қаралу үшін оны Державинск қаласына апарып жүрген, ол жақта диабет, қан қысымына байланысты есепке қойған.

- Зона қызметкерлері өте сыпайы болды, мені ешкім ұрып-соғып немесе қорлаған жоқ. Зонада видеокамералар орнатылған, не болып жатқанын содан көріп отырады, - дейді Талас Сағымбаев.

Ол «колониядағы теледидардан ресейлік НТВ және «Россия 24» телеарналарының ғана хабарлары көрсететін болғандықтан, түрмеде отырған кезде көрші елді жақын тартып кеткенін» айтады. Бастапқы кезде кішкентай радио болған. Бірақ оны алып кеткен, ал газеттің шаңына аллергиясы бар болғандықтан, газет оқи алмаған, зонада ұнайтын кітаптарын да таппаған.

- Байқауымша, зонадағылардың 80 пайызы, тіпті одан да көп бөлігі еш жазықсыз отыр. Мұны менімен сөйлескен адамдар да айтты, мұны ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі өзі де мойындайды. Қазіргі қылмыстық кодекс прайс-параққа айналды. Мысалы, біреуді түрмеге отырғызу - бір баға, «ақша жасау» - бір баға, түрмеде аман-сау қалғың келсе – бір баға төлеу керек. Енді адамдардың құқығын қорғаумен бұрынғыдан 10 есе, 100 есе көп айналысатын боламын, - дейді Талас Сағымбаев.

Ол Азаттыққа «қазірдің өзінде бірнеше іс алғанын», өз ісіне қатысты ақталуды жоспарлайтынын айтты. Талас Сағымбаев «бірақ кейін болмаса, қазір бұған шамам да, мүмкіндігім де жоқ» дейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG