Accessibility links

Журналисті сотқа кіргізбеді


Сандуғаш Дүйсенова, журналист
Сандуғаш Дүйсенова, журналист

Талдықорғандық журналист "былтырдан бері өзін Алматы облысы соттарына кіргізбейді" деп шағымданады. Құқық қорғаушылар "бұл - еркін ақпарат алуға тосқауыл" деп санайды.

Республикалық жазба және интернет-басылымдардың Талдықорған қаласында тұратын тілшісі Сандуғаш Дүйсенова осы аптада – 18 қараша күні мақала жазу мақсатымен Талғар аудандық прокурорының Талғар қаласында балабақша ғимаратын сату-сатып алу келісім-шартының күшін жою жөніндегі білім беру бөлімінің үстінен түсірген талап-арызы бойынша өткен Алматы облыстық сотының кассациялық алқасы отырысына кіруге тырысқан. Процеске онымен бірге республикалық телекомпаниялардың тағы бірнеше журналисі кірмек болған. Бірақ Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, жұрт қатысқан ашық отырысқа олардың ешқайсысын кіргізбеген, тіпті себебін де түсіндірмеген.

Тілші мұның себебін кәсіби қызметінен көреді. Өйткені былтыр ол «Алматы облыстық соты ғимаратының жертөлесінде өздері пайдалану үшін VIP-сауна салды» деп мақала жазған. Ол «содан бері нон грата персонаға айналдым» дейді.

Журналист Сандуғаш Дүйсенова сот тыңдауларына өзін заңсыз кіргізбеген сайын жоғарғы сотқа жедел телеграмма жолдайтынын, бірақ кейде ведомстводан жауап келмейтінін айтады.

— Мені сотқа кіргізбеудің кінәсін толықтай облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденовке артамын. Ол менің қонституциялық құқымды өрескел бұзып әрі кәсіби қызметіме тосқауыл қойып отыр. Ол ақпаратқа қол жеткізу құқымды шектеді. Ал бұл заңға сәйкес жазалануы тиіс. Сот – әділ төрелік жасалып, дауды шешетін орган. Бұл – әділдік салтанат құруы тиіс орын, - дейді Сандуғаш Дүйсенова.

Азаттық Сандуғаш Дүйсенованың шағымына орай 18 қараша күні Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Айнаш Рахымбаевадан әуелі ауызша комментарий сұраған. Ол жауап беруге уәде еткенімен, кейін байланысқа шықпай қойды. Келесі күні электрондық пошта арқылы жазбаша сауал жолданды, бірақ мақала жарияланған сәтке дейін жауап келмеді.

Андрей Гришин, құқық қорғаушы
Андрей Гришин, құқық қорғаушы

Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкері Андрей Гришиннің айтуынша, журналистерді сотқа кіргізбеу елде қалыпты жағдайға айналған.

— Бұл - Қазақстан сот төрелігінің жүйелі проблемасы. Сот отырыстарына, әсіресе саяси астары бар істер қаралған процестерге журналистер кіре алмайтын жағдай біздің Алматыда да жиі кездеседі. Судьялар түрлі желеумен баспасөз өкілдері мен құқық қорғаушыларды процеске кіргізбей қояды. Судья әдетте өздігінен осылай шешеді немесе процесті кейінге қалдырады, - дейді Андрей Гришин.

Андрей Гришиннің пікірінше, елдің сот жүйесі өзін ашық әрі жария құрылым ретінде көрсеткенімен, іс жүзінде жабық әрекет етеді әрі ақпаратқа қол жетімділікті түрлі амалмен шектейді.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы қызметкері Ғалия Әженова Сандуғаш Дүйсеноваға құқық қорғау органдарына арыздануға кеңес береді.

— Ақпарат алу, оны тарату – журналистің құқығы. Ол ашық сот отырыстарына қатысуға кедергі келтіру әрекеттеріне қатысты облыстық сот төрағасы атына арыз жазсын, - дейді Ғалия Әженова.

Талдықорғандық журналист Сандуғаш Дүйсенова коррупциялық қылмысты қараған сот отырысына кіре алмаған 18 қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» жаңа заң жобасына қол қойған. Үкіметтің болжамынша, жаңа заң қарапайым азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік ведомстволардан тиісті мәліметтерді алу мүмкіндігін ұлғайтады.

XS
SM
MD
LG