Accessibility links

Демалуға бара алмағандар ақшаларынан да айырылды


Яна Есакова сотта тұр. Теміртау, 23 қараша 2015 жыл.
Яна Есакова сотта тұр. Теміртау, 23 қараша 2015 жыл.

Алаяқтық ісі бойынша жапа шеккендер соттың арзан туристік жолдама алып беруге уәде еткен адамға шығарған үкімімен келіспейді. Сотталған келіншек олардың шығынын қалай өтейтінін білмейді.

Бүгін судья Шәрбан Аюбекова үш жарым жылға соттау туралы үкім шығарған 27 жастағы теміртаулық Яна Есакова алаяқтық ісінің 24 эпизоды бойынша айыпталған. Ол өзін туристік агенттіктің өкілі ретінде таныстырып, елдің әр аймағында, көбінесе Астана, Ақтөбе, Қарағанды және Теміртау қалаларында тұратын отбасыларға демалыс орнының орналасқан жеріне қарай бағасы жүздеген мың теңгеден 2 миллион теңгеге, кейде тіпті одан көп ақшаға арзан жолдама сатқан. Яна Есакова «клиенттерінің» көбін Түркияға демалысқа жіберуге уәде еткен. Тергеу болжамынша, жапа шеккен 24 адамға жалпы сомасы шамамен 30 миллион теңгенің зияны тиген.

«ТОЙЫНА БАРҒАНМЫН»

Теміртаулық Татьяна М. – үлкен шу болған алаяқтық ісіндегі жапа шеккендердің бірі. Татьянаның айтуынша, ол Яна Есаковамен жақын араласатын адамдары арқылы танысып, тіпті оның тойына да барған. Ол той демалыстан қағылған туристердің ақшасына өткізілгені кейін анықталды.

Бұл іс бойынша зардап шеккендердің айтуынша, өзін турагенттік өкілі ретінде таныстырған Яна Есакова оларға Түркияға арзан жолдамалар ұсынған.

Сот залында тұрған адамдар. Теміртау, 23 қараша 2015 жыл.
Сот залында тұрған адамдар. Теміртау, 23 қараша 2015 жыл.

– Ары-бері ойланып, ақыры өзіме, күйеуіме, шешеме және бір жасар балама жолдама алайық деп ұйғардық. Оның үстіне «баланың сақтандыру полисін ғана төлейсіңдер» деді. Яна бізге «бұл жолдамаларды әлдебір неміс лицензиясының көмегімен үлкен жеңілдікпен алдым» деді. Ол жақын араласатын ер кісімен таныс болғандықтан әлгі сөзіне сеніп, 241 мың теңге бердік. Яна жан басына 420 доллар тұратын арзан қонақ үйден орын ұсынды. Бір күннен кейін әуе компаниясы ұшақтан орын қарастырды деп жазылған қағаз әкелді, – дейді Татьяна М.

Бірақ ол қонақ үйге хабарласқан кезде, оның менеджері бір адамға 1500 доллар төлеу керек деп айтқан.

ЕСКІ ВАУЧЕРЛЕР

Сотталған Яна Есакова туристік жолдамалар жайлы сұрастырып, билет сатып алып жүрген Теміртаудағы турагенттік директоры Анна Самсонованың Азаттыққа айтуынша, Яна Түркия мен Араб Әмірліктеріне жолдама сатып алып, үш-төрт жыл бойы осы фирманың клиенті болып жүрген. Турагенттік директорының айтуынша, биыл наурыздың аяғына таман Яна фирма кеңсесіне келіп «достарыммен бірге демалуға барамын» деген.

– Кейін мамырдың аяғында 2 миллион 700 теңге әкеліп, билет сатып алу керек деді. Сол жолы ол 5-6 отбасының атына Түркияға билет алды. Билеттерді сатып алған бойда әуе компаниясына өткіздік. Кейін алданып қалғандар бізге хабарласып, болған жайтты айтып берді. Олар «Сіздерде Яна деген келіншек жұмыс істей ме?» деп сұрады. «Жоқ, бізде ондай адам жұмыс істемейді. Кеңсеге келіңіздер, мұнда бір шикілік бар сияқты» дедім. Сөйтіп бәрі жиналып, маусымның 10-ы күні біздің кеңсеге келді. Кеңсеге еш ұялмастан Яна да келді. Оны жетектеп алып, банкке алып бардық. Сөйтсек, оның қолындағы төлем түбіртектерінің бәрі жалған болып шықты. Сол мезетте полиция жасағын шақырып, банктің ішінде оны полицияның қолына тапсырдық, – дейді Анна Самсонова.

Судья Яна Есакованың үкімін оқып тұр. Теміртау, 23 қараша 2015 жыл.
Судья Яна Есакованың үкімін оқып тұр. Теміртау, 23 қараша 2015 жыл.

Сотталған Яна Есакованың туристік агенттігі де, жеке кәсіпкер куәлігі де жоқ екені кейін анықталған.

– Ал төлем қағаздарын оның қалай жасағанын білесіз бе? Кезінде біздің турагенттік арқылы демалысқа барып жүргенде оған ваучер бергенбіз, ол соларды пайдаланыпты. Бұл жорамалымызды кейін тергеуші де растады. Жұртты алдап, бәрін қолдан жасаған. Қонақ үйдің атын, бөлмені дұрыс көрсетпегендіктен мұны тез дәлелдеп бердік. Алған билеттері де жалған болып шықты. Мұның бәрін дәлелдедік, – дейді турагенттік директоры Анна Самсонова.

Іс материалдарына қарағанда, сотталушы Яна Есакова ресми мемлекеттік органдарда тіркелмеген куәлік пен лицензия нөмірін көрсетіп, жалған келісім-шарт жасаған. Азаматтарға өзін турагенттік өкілі ретінде таныстырып, түрлі бағытта ұшаққа билет сатып алу жөніндегі қызметін ұсынған. Бас кезінде ол шынымен де билет сатып алып жүрген, сондықтан жұрт оған сенген. Арзан бағамен туристік жолдама сатып алғысы келетін клиенттердің қатары көбейген кезде ол жұртты алдап, ақшаны өзі иемдене бастаған. Кейін Яна Есакованың бұрын алаяқтық бабымен сотталғаны анықталды.

Демалыстан қағылып, ақшасынан айырылған туристер сот үкімімен келіспейді. Олар «үш жарым жыл – тым аз мерзім» деп санайды. Жапа шеккендер Яна Есакованы прокурор сұрағандай кемі бес жылға соттайтын шығар деп үміттенген. Сот аяқталғаннан кейін астаналық жәбірленушілер хабарласып, облыстық сотқа апелляциялық шағым жолдайтындарын айтты. Олар Яна Есакованың түрмеде ұзағырақ отырғанын қалайды. Жаза мерзімі қамауға алынған сәттен яғни 2015 жылдың маусым айынан бастап есептелетін ол үкім күшіне енгенге дейін де қамауда отырады.

Сотталған Яна Есакова апелляциялық шағым бере ме, жоқ па – әлі белгісіз. Сот тергеуі кезінде және үкім жарияланған сәтте ол өзін батыл ұстады. Айыбын мойындағанымен, кішкентай балаға анасыз қиын болатынын айтып, қатал жазаламауды сұрады. «Жұртты неге алдадыңыз?» деген сұраққа сотталған келіншек «Ақша керек болды» деп жауап берді. Ал «Жапа шеккендердің ақшасын қалай қайтармақсыз?» деген сұраққа «Әзірше білмеймін» деп жауап берді.

XS
SM
MD
LG