Accessibility links

Әлем назары Торғай геоглифтерінің қирауын тоқтатуы мүмкін


Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)
Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)

Жуырда NASA ғарыш агенттігі Қостанай облысында табылған жұмбақ әрі көне топырақ үйінділерінің суреттерін жариялады. Олардың бірі түгелге жуық жойылып кеткен.

Қазақстан даласынан табылған Торғай геоглифтері әлем ғалымдарының назарын аударып жатыр. Қазанның соңында АҚШ-тың New York Times газеті олар жайлы мақала жариялады. Зерттеуші әрі Turgay Discovery жобасының жетекшісі қостанайлық Дмитрий Дейдің айтуынша, көне суреттерге Питтсбург университеті ғалымдары да қызығушылық танытқан. Дмитрий Дей ол геоглифтерді 2007 жылы Google Earth сервисі көмегімен ашқан. Оның айтуынша, іздестіру кезінде осындай тағы 260 нысан табылған.

Дмитрий Дей Азаттыққа берген сұхбатында атқарып жатқан жұмысы жайлы және Қазақстандағы көне геоглифтердің жойылып кету қаупі туралы айтады.

Азаттық: – Дмитрий, 2007 жылы және былтыр не таптыңыз?

Turgay Discovery жобасының жетекшісі Дмитрий Дей.
Turgay Discovery жобасының жетекшісі Дмитрий Дей.

Дмитрий Дей: – 2007 жылы Google Earth бағдарламасын пайдаланып Үштоғай тағаны (шаршы түріндегі төмпешіктер жиынтығы – Азаттық) мен «Торғай свастикасы» деп аталатын екі нысанды таптым. Алып ескерткіш сияқты өте көлемді болғандықтан, олардың көне нысандар екеніне әуелі сенбедім. Мүмкін, Совет Одағы тұсында жасалған нысандар шығар деген ой болды. Бірақ алғаш келгенімізде әлгі нысандардың көне құрылыс екенін, қазіргі заманға еш қатысы жоғын ұқтық, мұны кейінгі зерттеулеріміз де растады. Кейінгі бірер жыл ішінде геоглиф деген терминологияға тиесілі тағы 260 нысан табылды. Яғни олар жоғарыдан қарағанда өрнек, сурет, пішін сияқты көрінеді, бірақ бір бөлігі үстінен қарағанда геоглифке ұқсайтын «мұртты» қорғандарға жатады. Олар 16 ғасырдың бас кезі дәуірі мен ерте орта ғасырдағы соғылған қорғандар деп есептеледі.

Геоглифтердің «қос дөңгелекті сақина» деп аталатын тобы бар. Қос дөңгелектен тұратын сақиналар жуырда ашылған. Алғашқыларын былтыр, ал үлкен үш тобын жуырда таптым. Олар әзірше зерттелмеген, үстінен қарап, геоглифтер ретінде тіркеп қойдық. Бірақ шын мәнінде не нәрсе екені әзірше белгісіз. Оларды әлі зерттеген жоқпыз.

Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)
Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)

Меніңше, ең қызықтылары – шеңбер бейнесіндегі үйінділерден тұратын геоглифтер. Сызықтардан, бір шаршыдан, крестер мен бірнеше сақинадан тұратын осындай 55 геоглифті тіркедік.

Азаттық: – Қазақстанда оларға назар аударуға тырысып көрдіңіз бе?

Дмитрий Дей: – Баяғыда бұл зерттеулерге білікті мамандарды тартуға тырысып көргенмін. Turgay.kz деген веб-сайт аштым. 2007 жылы Қостанай университеті археологтарын тартып, әрі өзім қаржыландырып, алғашқы археологиялық экспедиция шығардым. Бұл бірлескен экспедиция болды. Әлгі нысандарды қыста тауып, білер деген оймен көктемде археологтарды шақырып көрсеттім. Облыстың бас археологы Андрей Логинов «біз мұндай нысандарды білмейміз, өте қызық екен» деді. Шілде айында екеуміз нысанды көруге алғаш рет бірге барып, оның қазіргі заманға қатысы жоқ көне құрылыс екеніне көз жеткіздік. Ал тамызда оның әдеттегі қорым немесе қоныс емес, мүлде өзгеше дүние екенін көрсеткен алғашқы экспедиция шығардық. Бұл топырақтан үйіліп салынған нысан болып шықты. Қазір оларды Қазақстан территориясында салынған ең алғашқы архитектуралық құрылыстар деп айтуға болады.

Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)
Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)

Кейін парламентке бардым. Қостанайлық 10 депутат жобамды қолдап, отырыстарында мәселе қозғады. Бірақ кейін: «Бұлар – «Мәдени мұра» бағдарламасына енбеген нысандар екен. Алдын ала жазылу керек еді. Біз бұл бағдарлама аясында активтер сатып алуды қаржыландырмаймыз, ал құрал-жабдықсыз әлгі нысандарды зерттеуге болмайды» деген сияқты сөздермен шығарып салды. Егер олар қарапайым қорған немесе қорым болса, оңай болар еді. Археологтар қорғанды ашып, артефактерді шығарып алып, зерттеп, оларды кімдер, не үшін салғанын анықтар еді. Бірақ әлгі құрылыстарда артефактер жоқ, археология үшін стандарттан тыс, өзгеше нәрсе болып шықты. Сондықтан қазіргі заманның зерттеу әдістерін қолданатын зерттеушілер мен ғалымдарды тарту керек деген оймен жаңа жоспар құрылды.

Азаттық: – Сіз Қостанай облысында геоглифтердің өзгеше түрі – үш тармақты Торғай свастикасы мен Екідін кресін таптыңыз. Оларды ежелгі темір дәуірі, яғни ғұн-сарматтар кезеңіне жатады деп есептейсіз. Олар қазір қандай күйде?

Дмитрий Дей: – Торғай кресі Қостанай облысының Амантоғай мен Амангелді ауылдарына апаратын айрық жолдарды қосатын жолдың астында жатыр. Оны сол жерден таптым. 1970 жылдары салынған әлгі жол дәл сол крестің үстінен өтіпті. Өте көне нысандар жердің бетінен өте нашар көрінеді, ал жоғарыдан спутниктің, квадрокоптердердің көмегімен көруге болады. Сондықтан құрылысшылар оларды байқамай, үстінен жол салып жіберген сияқты. Ол кезде әлгі нысандардың 10-15 пайызы ғана қираған. Оны зерттеу жүргізіп, көрсетуге сол күйінде пайдалануға болар еді. Туристерге көрсетуге де өте ыңғайлы. Тек трассадан сәл шеткерірек жерге шағын алаңқай жасап, мұнара орнатса жетіп жатыр. Өйткені өзге нысандарға апаратын жол жоқ, түз далада орналасқан.

Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)
Торғай геоглифтері. (Дмитрий Дей берген фото)

Бұл әсіресе Амангелді ауданы әкімдігіне туристерді тартуға өте ыңғайлы нысан. Оны жолдың шетіндегі еңіс-жыраны 40 метрге дейін кеңейтіп, жол жөндеген кезде жойып жіберген. Қазір ол жерде крестің 10 пайыздан аспайтын бөлігі ғана қалғаны квадрокоптердің көмегімен түсірілген фотосуреттерден анық көрінеді. Ескі жол крестің тура ортасын кесіп өткен, бірақ сызықтары, диагональдары бұзылмай, жақсы сақталып қалған болатын, ал енді олар толық қираған. 10 пайыздан аспайтын бөлігі ғана қалған.

Азаттық: – Ал қалған нысандардың жай-күйі қалай?

Дмитрий Дей: – Жойылып кету қаупі бар аймақта жатқан өзге нысандар да бар. Ең бастысы, енді оларды сақтап қалу керек. Әлгі Торғайдағы үш тармақты свастика да ауылға өте жақын орналасқан, жергілікті тұрғындардың көзіне шалынбайды, негізі олар нысанның барынан хабарсыз екен. Алғаш рет барғанымызда бізден естіп таң қалды. Ал жанында көне қорғандар бар. Бұрын тоналған қорған ба, білмеймін, тұрғындар бір қорғанды малдың өлексесін тастайтын қорымға айналдырып алыпты. Сондықтан қазір әлгі жерді тазалап, ескерткішті айналдыра қоршап, мәдени мұра нысаны бар, бұзуға болмайтынын ескертетін тақтайша орнату керек. Қазір барып жүргендер түк қалдырмай таптап тастағанын NASA-ның суреттері көрсеткен Үштоғай шаршысына қатысты да осындай шаралар істеу керек.

Азаттық: – Сіз ашқан жаңалықтар NASA мамандарының назарына ілікті. Енді олардың жоспары қандай, бірлесіп жұмыс істейсіздер ме?

Дмитрий Дей: – Питтсбург университетінің бір топ ғалымы бұл мәселеге кірісті. Профессор Рональд Лапорте әлемде ешкім білмейтін геоглифтер туралы оқып таң қалып, менімен АҚШ-тың Астанадағы елшілігі арқылы хабарласты. Оның тобындағы өзге ғалымдар да бұл іске қосылып, жобаны іске асыруға үлкен үлес қосты.

Торғай геоглифтерінің қалдығы. (Дмитрий Дей берген фото)
Торғай геоглифтерінің қалдығы. (Дмитрий Дей берген фото)

Бұл іске NАSA мамандарын профессор Рональд Лапорте тартты, сондықтан қазір суреттер түсіріліп, енді бұл міндет халықаралық ғарыш станциясына жүктелді. Ауа-райы ашық болып, халықаралық ғарыш станциясы әлгі нысандардың тұсынан өткен кезде олар бұрынғыдан гөрі сапалырақ суреттер түсірмек. Инфрақызыл сәуле арқылы қоныстардың орнын анықтауға көмектесетін сурет түсіре алатын камера сияқты жаңа технологиялармен жабдықталған мамандары бар NАSA-ның араласқаны жақсы болды. Әлгі нысанды салғандарына қарағанда, оның маңында адамдар тұрғаны анық, тым болмағанда тамақ ішіп, ұйықтаған тұрақтары болуы тиіс. Олар құрылысты бір күн емес, бірнеше күн, талай уақыт салған, сондықтан әлгі нысандарды салған құрылысшылардың тұрағын тауып, олардың кім болғанын, қашан және не үшін салғанын сол бойынша анықтауға болады. Ал NАSA бірлесіп жұмыс істеуге әзір.

Азаттық: – Жобаға Қазақстан үкіметі де қызығушылық танытты ма?

Дмитрий Дей: – Қазақстанның білім және ғылым министрлігі Қостанай облысындағы архелогиялық зерттеулерді қаржыландырады, әлдебір гранттар бөледі екен, белгілі бір бағдарламасы бар. Бірақ олар геоглифтермен ғана емес, бүкіл кезеңдерді зерттеумен айналысады ғой. Олар қола дәуірі, ерте темір дәуірінің тікелей геоглифке жатпайтын қорғандарын өте ұзақ қазады, ал мұнда тек геоглифтермен айналысатын жеке бағдарлама керек. Гипотезалық болжам бойынша, мұны қазір Батыс Еуропада тұратын ер адамдардың 60 пайызын құрайтын R1b гаплотобы өкілдері салған. Бұл әзірше гипотеза ғана, бірақ зерттеуге тұратын гипотеза. Бірақ қазір археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу керек.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG