Accessibility links

Генерал Бөлдешев сегіз жарым жылға сотталды


Сотталған Асқар Бөлдешев пен Талғат Жұмақанов (ортада) сот залынан шығып келеді. Астана, 5 желтоқсан 2013 жыл.
Сотталған Асқар Бөлдешев пен Талғат Жұмақанов (ортада) сот залынан шығып келеді. Астана, 5 желтоқсан 2013 жыл.

Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары генерал-майор Асқар Бөлдешевті сот «қызмет өкілеті мен билігін асыра пайдаланған» деп таныды.

Үкім желтоқсанның 5-і күні Астана қаласында Ақмола гарнизоны әскери сотында жарияланды. Бұл іс бойынша қазанның 30-ында басталған сотқа ақпарат құралдары өкілдері қатыстырылмады. Журналистерді үкім жариялау отырысына ғана кіргізді.

Үкімді оқыған судья Дәулет Молдабаев «Бөлдешевтің бөтеннің мүлкін тартып алу әрекетіне бармағаны сот-тергеу амалдары барысында анықталды. Ол тек кәсіпкер Талғат Жұмақановқа көмектесіп RG Trade жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тендерге заңсыз қатысуын қамтамасыз еткен және RG Trade ЖШС-нен техникалық талаптарға сай келмейтін бқлшектерді қабылдауға ғана ықпал еткен» деді. Судьяның мәлімдеуінше, келтірілген зиян көлемі 137 миллион теңгеге бағаланған.

Сот үкіміне сәйкес, Бөлдешевтің кәсіпкер Талғат Жұмақановпен сыбайласып әрекет еткені және одан әлдебір сыйақы алғаны дәлелденбеген.

Сотта айыптаушы тараптың «Бөлдешев алған ақшаны жеке басының мақсаттарына, ал 650 мың теңгені Алматы облысында тұратын әке-шешесіне монша салып беруге жұмсаған» деген болжамы да дәлелденбеді.
Гүлмира Бөлдешева, Асқар Бөлдешевтің зайыбы. Астана, 5 желтоқсан 2013 жыл
Гүлмира Бөлдешева, Асқар Бөлдешевтің зайыбы. Астана, 5 желтоқсан 2013 жыл

Асқар Бөлдешев «қызмет бабы мен өкілеттілігін асыра пайдаланды» деген айыппен биыл сәуір айында тұтқындалған. Ол әскери техниканы жөндеуден өткізу кезіндегі алаяқтық әрекеттерге қатысы бар деген күдікке ілінген еді. RG Trade компаниясынан сатып алынған қосалқы бөлшектер мен жабдықтар жарамсыз болып шыққан.

Бұл іс бойынша Асқар Бөлдешевпен бірге сотталған компания директоры Талғат Жұмақановқа алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Кәсіпкерге "аса көп мөлшерде өзгенің мүлкін алаяқтық арқылы жымқырды және арнайы рұқсатсыз кәсіпкерлікпен шұғылданды" деген айып тағылған.

Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары да, кәсіпкер де тағылған айыпты мойындамайды. Олардың айтуынша, тергеу амалдары бір жақты жүргізілген.

— Олар өздері үшін ғана жұмыс істеді. Біздің пікіріміз ескерілмеді, - деп мәлімдеді Асқар Бөлдешев сотта.
Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары да, кәсіпкер де тағылған айыпты мойындамайды. Олардың айтуынша, тергеу амалдары бір жақты жүргізілген.

Сот тергеу амалдары кезінде авиация генерал-майорын «қарамағындағы қызметкерлерден ақша жинады» деп айыптаған әскери прокуратура кейін бұл айыптауларынан бас тартты.

Сот залынан шыққан Гүлмира Бөлдешева күйеуіне қатысты шыққан үкіммен келіспейтінін және кейін баспасөз жиынын өткізіп, «бәрін ашық айтатынын» мәлімдеді. Оның сөзінше, күйеуінің қызмет орны біреуге керек болған соң оны түрмеге жіберген.

Бұл - қорғаныс ведомствосындағы жемқорлық қылмысқа қатысты шыққан биылғы екінші үкім. Шілденің 23-інде сот қорғаныс министрлігінің тағы бір лауазымды шенеунігін жемқорлық қылмысқа қатысы бар деп таныды. Қазақстан қорғаныс министрлігінің қару-жарақпен қамту бас басқармасының бұрынғы бастығы Алмас Әсенов «Укрспецэкспорт» компаниясы өкілдерінен 200 мың доллар пара алды деген айыппен 11 жылға сотталған болатын.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG