Адвокат Владислав Грищенко Азаттық тілшісіне қазақстандық блогер Жанар Ахметтің Киев облысында қазан айының 21-і күні кешкі сағат 18:15-те ұсталғанын растап:
- Оны әуелі екі белгісіз адам ұстауға тырысқан. Жанардың айтуынша, денесіне зақымдар түскен, жеңі жыртылған. Оның видеосы да бар. Сосын біз полиция шақырдық. Полиция келгенде олар кетіп қалды. Бұл оқиға жайлы арыз жазып, қылмыстық іс қозғауды сұрап отырмыз, - деді.
Жанар Ахмет белгісіз екі адамның өзін ұстауға тырысқанын Facebook парақшасында да жариялаған еді. Ол көппәтерлі үйдің дәлізінен жүргізген видеотрансляциясында сенбі кешке екі адамның келіп, өзін пәтерінен шығарып алып қайта кіргізбей қойғанын көрсеткен. Блогердің қасында кішкентай ұл баланың тұрғаны білінеді. Жанар Ахмет полиция мен адвокатқа телефон шалады.
Адвокат Владислав Грищенконың айтуынша, мұнан соң оқиға орнына келген Киев облысы Святошин ауданы полициясы Жанар Ахметті ұстап әкетіп, уақытша тергеу абақтысына қамаған. Қазақстандық блогер қазір абақтыда отыр.
- Келген полиция оны 72 сағатқа ұстады. Бүгін сотта оны қамауға алу-алмау мәселесі шешіледі, - дейді киевтік адвокат. Сот Киев уақытымен түстен кейін өтеді. Грищенконың сөзіне қарағанда, Жанар Ахмет Қазақстан полициясының сұрауымен ұсталған.
- Айыптарды (алаяқтық туралы айыптарды - ред.) Қазақстан тағып отыр. Қазақстан полициясы оны халықаралық іздеуге берген. Халықаралық іздеуге берілген адамды әрине Интерпол есебіне енгізеді. Бірақ мен Интерполдың оны іздестіріп жатқаны туралы құжаттарды өз көзіммен әлі көргенім жоқ, - дейді адвокат.
Жанар Ахмет 2017 жылдың көктемінен бері Украинада тұрып жатыр. Ол Қазақстанда қысым көрдім деп жариялап, осы елге кетіп қалған.
Адвокат сөзіне қарағанда, ол бара салып Украинадан саяси баспана сұраған. Бұл мәселе қаралып жатқан. Бірақ Грищенко:
- Енді баспана беру мәселесі осы ұсталғаннан қалай шығатынына, экстрадиция туралы соттардың қалай аяқталатынына байланысты шешіледі. Украина оған айып тағып отырған жоқ. Ол мұнда заңды түрде тұрып жатыр. Сондықтан, оны бірден Қазақстанға бере салмайды, әзірге экстрадиция мәселесі шешілгенше оны абақтыда ұстау-ұстамау мәселесін қарайды, - дейді.
Заңгердің сөзінше, "енді кем дегенде екі сот болады, сот оны Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған күннің өзінде оған Украина бас прокуратурасының рұқсаты керек, ал ол мекеме оны Қазақстанға беруден бас тартуы да мүмкін".
Украинаның Қазақстандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Ирина Блащук Жанар Ахметтің Киевте ұсталғанынан хабардар болып шықты.
- Киев облысы полициясы баспасөз хатшысы Николай Жукович Жанар Ахметованың ұсталғанын растады. Қазір ол Киев облысы Вышгород қаласының уақытша қамау абақтысында отыр. Ол қылмыстық іс жүргізу кодексінің 208-бабы бойынша, яғни Интерпол іздеуінде болғаны үшін ұсталды. Ал оған іздеуді Қазақстан қылмыстық кодексінің [1997 жылғы кодексті айтады - ред.] 177-бабы, яғни "алаяқтық" бойынша жариялаған. Бүгін сот болып, бұлтартпау шарасы анықталады, - деп жауап берді елшілік өкілі.
Қазақстан ішкі істер министрлігі Азаттыққа Жанар Ахметтің ісі жөніндегі ақпаратты ресми сұрау арқылы ғана беретінін айтты. Жанар Ахметке бұған дейін "2005 жылдың наурызынан 2008 жылдың қазанына дейін азаматтарды алдап, пайыздық үстемемен қайтаратынын айтып, 50 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген" деген айып тағылған болатын.
Жанар Ахмет Украинада 9 жасар ұлымен тұрып жатыр. Адвокат Грищенко "бала қазір таныстарының қамқорлығында" дейді.
Ұлымен бірге 2017 жылы наурызың 17-сі кешке Киевке ұшақпен жеткен Жанар Ахметті Борисполь әуежайында Киевке бұған дейін қашып барған қазақстандық азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев қарсы алғанын кезінде Азаттық жазған еді.
Жанар Ахмет сол жолы Қазақстаннан қашуына соңғы айларда бірнеше мәрте әкімшілік сотқа тартылуы себеп болды деп түсіндірген. Блогер тергеу органдары оған «заңсыз ұйым құру» туралы қылмыстық іс бойынша өзін-өзі өртеуге даярлықты бейнелейтін видеоролик таратты деген айып тақпақшы болды деген. Бұған дейін қылмыстық іс бойынша сотталған Жанар Ахмет түрмеден шартты түрде босап шыққаннан кейін пробациялық бақылауда болған. Осыған байланысты ол өзін тағы да түрмеге отырғыза ма деп қауіптенетінін айтқан еді.
Жанар Ахметтің сөзінше, ол 2017 жылы наурыздың 15-іне қараған түні Алматыдан шығып, наурыздың 16-сы таңғы сағат төрт кезінде Бішкекке барған және бір тәуліктен соң Бішкектен ұшаққа отырып, Стамбул арқылы Киевке жеткен.
Блогер Жанар Ахмет әлеуметтік желілер арқылы қазақстандық биліктің атына сыни пікірлерді жариялап, тарататын белсенді ретінде танылған.