Accessibility links

Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық Қазақстанға не берді?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеп отыр. 18 қаңтар 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеп отыр. 18 қаңтар 2018 жыл.

Ақпанның 1-і күні Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету мерзімі аяқталды. Сарапшылар бір ай ішінде атқарылған істерге тоқталып, төрағалық қызметіне баға береді.

Кейбір сарапшылар "төрағалықтың бояуын қалыңдатып, оған жасанды маңыз беру қажет жоқ" десе, кейбірі "төрағалық елдің абыройын өсіріп, экономикалық рейтингін жақсартады" деп санайды.

“МЕКТЕПТЕГІ КЕЗЕКШІЛІК”

Төрағалықты “мектеп кезекшілігімен” салыстырған бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, “бұл оқиғаға ресми БАҚ пен билік өкілдері жасанды маңыз берген".

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.

- Қазақстанға не берді? Қазақстан өзін көрсеттік. Негізгі нәтиже сол. Қазақстан тұрақты емес мүше болғандықтан кезек бойынша төрағалық берді. Төраға болып, Қауіпсіздің Кеңес жиынының күн тәртібін ұйымдастырды. Ядролық қаруды таратпау бойынша президенттің жетекшілігімен дебат өтті. Бұған дейін Қазақстанның төрағалық ететіні белгілі болған кезде ресми билік өкілдері, БАҚ мұны “триумф” деп атады. «Бұл президенттің сыртқы саясатының жемісі» деп айтты. Өз басым ешқандай триумфты көріп тұрған жоқпын. Иә, Қазақстан Орталық Азиядан төрағалық еткен бірінші мемлекет. Иә, халықаралық күрделі мәселелерді шешуге араласты. Болды. Бірақ оның маңызын осыншалықты жасанды түрде көрсетуге болмайды ғой, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Сарапшы Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі бола тұра Африка елдерінің мәселелері, "Әл-Каида", ДАИШ сияқты тым “ғаламдық” мәселелерді шешуге атсалысатынын айтып, орынсыз артық міндеттерді мойнына алғанын құп көрмейтінін де жеткізді.

"ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ЖАРНАМА"

Сыртқы істер министрлігінің Facebook-тағы парақшасын үнемі қадағалап отыратынын айтқан саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, “төрағалық дипломаттар үшін үлкен тәжірибе болған”.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

- Қазақстан Сыртқы істер министрлігі орасан зор жұмыс жасады. Африка елдерінің біразын аралап шықты. Дауыс жинаудың жақсы үлгісін үйренген сияқты. Төрағалық алдында да өте көп кездесулер өткізген. Бұл болашақта дипломатиялық ведомство үшін қажетті тәжірибе болды. Төрағалықтың нақты практикалық жетістігі осы шығар, - деп бағалайды сарапшы.

Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше бола отырып, Қазақстан жеті міндетті басымдық ретінде атап көрсеткен еді. Оның арасында ядролық қарудан бас тарту, терроризммен күрес, Орталық Азия елдерінің мүддесін қорғау сияқты мәселелер бар.

“Бұл жеті мәселеде де Қазақстанның керемет бір ықпалы жоқ” деген Айдос Сарым "дегенмен Қазақстан төрағалықты өзінің ішкі және сыртқы жарнамасы үшін жақсы пайдалана алғанын" айтады.

- [Қазақстан] Украинаға да болысамыз, Сирияға да көмектесеміз деді. Қарусызданған елміз деп те мақтанды. Әйтеуір жарнама тұрғысынан жаман болған жоқ. Шетелдің баспасөзін қарап отырдым. АҚШ-қа сапары мен БҰҰ-да сөйлеген сөздері Қазақстанның атын шығаруға біраз үлесін қосыпты. Қазақстан деген мемлекет дүниеде бар екенін білді. Одан басқа мүмкіндік немесе керемет жағдай күткен жоқ едім. Нақты мәселелерге келсем, ол бәлкім ұзақ мерзімді қажет ететін жұмыс шығар, - дейді Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығынан Қазақстан не ұтады?

Ал саясаттанушы Санат Көшкімбаев бұл төрағалық Қазақстан үшін де, халықаралық қауымдастық үшін де нәтижелі болғанын айтады.

-Төрағалықтың шарықтау шегі қаңтардың 18-і күні болды. Президент Назарбаевтың төрағалық етуімен ядролық қаруды таратпау туралы жоғары деңгейде талқылау өтті. Иранның ядролық бағдарламасы, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея, Пхеньян мен Вашингтон арасындағы жағдайды ескерген кезде бұл орынды әрі маңызды талқылау болды. Ол қауіпсіздік мәселесін жақсырақ түсінуге көмектесіп, жағдайды жақсартуға әсер етеді, - дейді ол.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш (сол жақта) пен Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров. Нью-Йорк, 9 қаңтар 2017 жыл.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш (сол жақта) пен Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров. Нью-Йорк, 9 қаңтар 2017 жыл.

​Санат Көшкімбаевтың пікірінше, Қазақстанның бейбітшілікті сақтау бойынша ірі ұйымға жетекшілік етуі елдің экономикалық рейтингін көтеріп, инвестициялық климаттың жақсаруына әсер етеді.

- Төрағалықтың ұзақ мерзімдік әсері бар. Мейлі Қазақстан қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып, ротация тәсіл арқылы оған алфавиттік тізіммен төрағалық тисін, бәрібір халықаралық саяси және экономикалық ортада елге деген сенім артады. Бұл - есейгендіктің, тұрақтылықтың, белгілі бір дәрежеде сенімді екенінің дәлелі. Сонымен қатар елдің экономикалық рейтингтерін көтереді. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан өзінің беделіне инвестиция құйды десек те болады. Халықаралық инвесторлар бұған келгенде өте мұқият, - дейді Санат Көшкімбаев.

Қазақстан төрағалық ету кезінде Орталық Азия мен Ауғанстан мәселелері бойынша құжаттар қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударатынын хабарлаған еді.

Қазақстан 2018 жылдың қаңтар айында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің уақытща төрағалығына тағайындалған. Төраға міндетіне Қауіпсіздік Кеңесінің жиынын ашу, оны жүргізу, ресми құжаттарға қол қою сияқты міндеттер кіреді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 18-і күні Нью-Йоркта БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын ашты. Жиында Назарбаев "егер әлем елдері ядролық қаруға қатысты келіссөз өткізуді қаласа Қазақстан оларға алаң ұсынуға дайын" деді.

БҰҰ ережесі бойынша Қауіпсіздік Кеңесіне ай сайын алфавит тізімі бойынша ұйымға мүше елдер төрағалық етіп отырады. Қазақстаннан кейін ақпан айында Кувейт төрағалыққа кіріскен.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі және екі жыл мерзімге сайланатын тұрақты емес 10 мүшесі бар. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне 2017 жылдың қаңтар айынан бастап кіріскен. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүшелегі 2018 жылы аяқталады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG