Accessibility links

Астана БҰҰ комитетінің әйелді кемсіту ісіне қатысты шешімін орындаудан бас тартты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Астананың Сарыарқа аудандық соты БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тыю комитетінің шешімін орындау үшін қаржы министрлігінен жеті миллион теңгеден асатын моральдық және материалдық өтемақы өндіріп беруден бас тартты. Қазақстан мен Орталық Азияда тұратын әйелге қатысты мұндай шешімді БҰҰ комитеті алғаш шығарып отыр.

Қостанай облысындағы Перцовка ауылының тұрғыны Анна Белоусова Қазақстан билігінен жұмыс орнында жыныстық қысым мен бопсалауға ұшырағаны үшін өтемақы және ертеректе сот шығындарына, психологиялық көмекке жүгінген кезде жұмсаған ақшасы мен бір жылдық жалақысын өтеп беруді талап етеді. Кезінде ол бұл талаптарын БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тыю жөніндегі комитетіне дейін жеткізіп, комитет оның пайдасына шешім шығарған болатын. Мұндай шешімдер ұсыныстық сипатта болып келеді, БҰҰ комитеттерінің мұндай шешімдерін Қазақстан билігі әдетте мойындамайды. Бұл жолы да солай болып шықты.

Мұны тіпті ырымға жорығандар да болды. Адвокат Снежанна Ким "процесс кезінде прокурорды ауыстыру - жаман ырым, шешім біздің пайдамызға шықпайтын шығар" деген болатын. Солай болып шықты. Енді олар сот шешіміне шағымданбақ.

Адвокат Снежанна Ким. Астана, 25 шілде 2017 жыл.
Адвокат Снежанна Ким. Астана, 25 шілде 2017 жыл.

- Заңға сәйкес, оң нәтиже шығуы тиіс болған. Енді соттың бұл шешімді орындатудан бас тартуына қандай қисынды негіз мүмкіндік бергенін таппай дал болып отырмын, сондықтан судьядан "қандай негізде?" деп сұрадым, ондай негіз жоқ. БҰҰ комитетінің шешімін біз емес, алты айдың ішінде бас прокуратура орындауы тиіс. Мемлекетіміз үшін мен ұялып отырмын, қарақұрым тобырдың ортасында жалаңаш тұрған адам сияқты ұяттан өртеніп барамын. Сонда халықаралық келісімге не үшін қол қойған? Ол не үшін керек, конвенция не үшін керек, оған қол қоюдың қажеті не? Көз алдау үшін ғана ма? Конвенцияны орындау үшін қабылдайды емес пе, ал бізде конвенция дегеніміз бос сөз болып отыр, - дейді Снежанна Ким.

2015 жылы БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тыю комитеті Қостанай облысы Перцовка ауылының 35 жастағы тұрғынының пайдасына шешім шығарып, Қазақстан билігін "құқықтарын бұзу салдарынан келтірілген моральдық және материалдық зиян үшін әйелге тиісті қаржылай өтемақы" төлеп беруге шақырған. БҰҰ комитеті Анна Белоусова қорғансыз әрі мектеп директорына тәуелді күйде болған деп таныған.

Бұған дейін Анна Белоусова Астанаға дейінгі бүкіл құзырлы мекемелерге бүгініп, қорған таппаған, сондықтан 2012 жылы Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының Қостанай филиалының көмегімен БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тыю комитетіне арызданған болатын.

Жаңа директор қызметке келген 2011 жылға дейін Анна Белоусова 18 жыл бойы ауыл мектебінде гардеробшы болып жұмыс істеген. Анна Белоусованың сөзінше, директор "менімен төсектес боласың, әйтпесе орныңды босатасың" деген талап қойған. Жыныстық сипаттағы мұндай ұсыныстар бірнеше рет қайталанған. Бұған қоса, адвокаттың сөзінше, мектеп директоры Анна Белоусоваға "егер төсектес болудан бас тартсаң, 10 мың теңге бересің" деген шарт қойған. Ол кезде гардеробшының айлығы 15 мың теңге болған. Кейін Белоусованы мектептегі жұмысынан шығарған – еңбек шарты ұзартылмаған.

Әлгі жағдайдан кейін келіншек әуелі қалалық білім бөліміне, ал кейінірек полицияға шағымданған. Бірақ әлгі мекемелер қылмыс құрамы да, тексеруді бастауға негіз де жоқ деген уәжбен оның арызын тексермеген.

Ал мектеп директоры жала жапты деп айыптап, әйелді сотқа берген әрі жеңіп шыққан. Анна Белоусованы сот шығындарын өтеуден бөлек, мектеп ұжымы алдында әлгі ер адамнан кешірім сұрауға міндеттеген, кейінірек ол "бұл мәжбүрлі шара жанымды қатты жаралады" деп мәлімдеген.

Жұма күні сотта Қостанай психиатриялық ауруханасының психологы Светлана Черникова "Анна Белоусова әлі күнге дейін күйзелісте жүр, оның психикалық және психологиялық денсаулығы нашарлап кеткен" деді. Бұған қоса, көзінің көруі де минус 7-ден минус 12-ге дейін нашарлап - әйел бірінші топ мүгедегіне айналған, қолдары дірілдейтін болған.

- Жыныстық бопсалау кезінде тура жыныстық зорлық кезіндегідей реакциялар болады, яғни адамның жаны құлазып, қорланады, жұрттың сөгіп-жазғыруынан қорқатынын түсіну керек. Құрбан шынымен өзін дәл осылай сезінеді. Бұған қоса, бұл кісінің бастан кешкен оған өте ауыр тиген. Ол жұмысқа күн сайын жылап әрі 15 мың теңге жалақымнан айырылып қалам деген қорқынышпен барып жүрген. Мектепте гардеорбшыға осынша ақша төлеген. Бірақ ол мұны ешкімге айта алмаған, ешкіммен бөлісе алмаған. Созылмалы күйзелісте жүрген адамға тиісті нәтиже шығармаған соттар да психикалық жаңа соққы болып қосылған, - дейді Светлана Черникова.

Бұған қоса, сотта ол "бұл кісі - 15-16 жаста анасынан айырылып, жетім қалған, өте аңқау ауыл қызы, ары қарай оқуға мүмкіндігі болмаған, сондықтан [жұмыс істеу үшін] әлгі мектепте қалған".

Қазақстан билігі қилы уәждер келтіріп, Анна Белоусованың пайдасына БҰҰ комитеті шығарған шешіммен келіспейді. Қаржы министрлігі өкілі, заң қызметінің бас инспекторы Ольга Ломако сотта "бізде БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тыю жөніндегі ұсыныстары бойынша моральдық зиянды өндіру бюджеттік бағдарламасы администраторы функциясы қарастырылмаған" деп мәлімдеді.

Қаржы министрлігі - заңсыз қамалған, заңсыз сотталған және заңсызқылмыстық іске тартылып, тұтқындалған, ешқайда кетпеу туралы қолхат бергендер мен өзгелерге зиян келтірілген шешімін орындауға көмек қарастырылған 010 нөмірлі бюджет бағдарламасының администраторы деген уәжбен Анна Белоусованың арызында көрсетілген талаптарды қанағаттандырудан толық бас тартуды сұраған оның өтініші орындалды.

- Жоғарыда аталған арызда кей жайттар орындалмаған, сондықтан біз 010 бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен зиянды өндіруге құқықтық негіздер жоқ әрі үкіметте ондай резерв жоқ деп санаймыз, - дейді Ольга Ломако.

Бұған қоса, оның сөзінше, азаматтардың әйелдерді кемсіту фактілері туралы арыздарын БҰҰ комитеті қарауға құзырлы екенін Қазақстан мойындайды, бірақ талапкер құқықтық тұрғыдан қорғанудың ішкі қол жетімді амалдардың бәріне толық жүгінбеген, яғни ар-намысын қорғауды, жыныстық қысым көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, жәбірлеушінің үстінен сотқа арызданбаған, ал мемлекет, арызда көрсетілгендей, тиісті шаралардың бәрін атқарған, келтірілген бүкіл дәлел-айғақтар бірнеше мәрте мардымсыз деп танылған, яғни жыныстық сипаттағы қысымға қатысты шағымдар қаралған әрі негізсіз деп танылған.

Астананың Сарыарқа аудандық соты. 28 шілде 2017 жыл.
Астананың Сарыарқа аудандық соты. 28 шілде 2017 жыл.

Бірақ адвокат Снежанна Кимнің сөзінше, ол "2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңнан әлгі заңның бірінші қосымшасына сәйкес, "Мемлекеттік кепілдемелер бойынша міндеттемелерді орындау" деп аталатын 011 бюджеттік бағдарламасының администраторы - қаржы министрлігі екенін тапқан. Бұған қоса, адвокаттың айтуынша, Қазақстанның бюджет кодексінің 39-бабына сәйкес, әлгі бапқа Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісім-шарттардан, Қазақстан Республикасы заң актілерінен немесе сот шешімдерінен туындайтын өзге де міндеттемелер кіреді.

Прокурор сотта қаржы министрлігінің позициясын қолдады, ал жарыссөзде ол адвокат пен қаржы министрлігі заңгері сөзін аяқтай сала сөйледі.

Анна Белоусованың шағымы БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тыю комитеті Қазақстан мен Орталық Азия бойынша қараған алғашқы іске айналды. Құқық қорғаушылардың сөзінше, жыныстық бопса мен зорлыққа ұшыраған қазақстандық әйелдер ондай әрекеттерді жария ете бермейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG