Accessibility links

Демалысқа шыққан депутаттар не бітірді?


Қазақстан парламенті ғимараты алдынан өтіп бара жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті ғимараты алдынан өтіп бара жатқан адам. (Көрнекі сурет)

Алтыншы шақырылымдағы парламент депутаттары екінші сессиясын аяқтап, каникулға шықты. Күзден бері парламент талқылап, қабылдаған 80-нен аса заңның арасында қоғамда резонанс тудырғандары да болды.

«ТАРИХИ МАҢЫЗЫ БАР ЗАҢДАР»

Жұма күні Астанада Қазақстан парламенті мәжілісі мен сенатының біріккен отырысы өтті. Онда алтыншы шақырылымдағы парламенттің екінші сессиясының жұмысы қорытындыланды.

Осының қарсаңында өткен мәжіліс пен сенаттың жалпы отырыстарында палата жетекшілері Нұрлан Нығматулин мен Қасым-Жомарт Тоқаев аяқталып отырған сессия кезінде парламент депутаттары «қазақстандық қоғам үшін тарихи маңызы бар» заңдар қабылдағанын айтқан болатын. Олар конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар «президент ұсынған саяси реформалар негізін қамтамасыз етеді» деп мәлімдеген.

- Сенаттағы әріптестерімізбен бірге Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы тарихи декларациясын қабылдадық. Онда Елбасының стратегиялық курсына деген берік бейілділік және Қазақстанның тәуелсіздігінің орнығуы мен дамуында елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша ролі атап көрсетілген», - деген мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Қазақстан парламенті. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті. (Көрнекі сурет)

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев аяқталып отырған сессия барысында президент Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жахандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету парламенттің күн тәртібіндегі негізгі бағыт болғанын» айтып, «бұл жұмыс алдағы жаңа сессия кезінде де жалғасады» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, парламент қоржынында қалған 30-ға жуық жаңа заң жобасы енді күзгі сессияда қаралмақ.

Өткен жылғы қыркүйектен бері атқарған жұмысына көңілі толатын парламент депутаттары шілденің 1-інен бастап қыркүйек айына дейін демалысқа шықты.

ТІНІКЕЕВТІҢ ТӘРТІБІ

Парламент жұмысындағы есте қаларлық оқиғаның бірі мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеевтің Қарағанды қалалық мәслихатының бұрынғы депутат Николай Полевойды басынан ұрып, балағаттап жатқан сәті бейнеленген видеоның әлеуметтік желіде тарауы болды.

Ол видеоны Азаттықтың [орыс тіліндегі] сюжетінен көріңіз:

Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев дауға қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:04 0:00

Видео тарап кеткеннен кейін Тінікеевті өкілетінен айыру туралы ұсынысты мәжіліске Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жасаған. Тінікеевтің өзін өкілетінен айыру туралы ОСК-ге ресми түрде өтініш түсіргені де хабарланған. Депутаттар 2016 жылы желтоқсан айының соңында Тінікеевтің өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуды қолдап дауыс берді. Тінікеев сол жылы көктемде парламентке президенттік «Нұр Отан» партиясынан сайланған болатын.

ВИДЕО: Мұхтар Тінікеев туралы депутаттар пікірі (видео 2016 жылы желтоқсанның 28-і түсірілген)

Мұхтар Тінікеев туралы депутаттар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Интернетте тараған даулы видеоға қатысты БАҚ-қа жауап берген Мұхтар Тінікеев мұны "екі жыл бұрынғы қалжың" десе, Николай Полевой "бала кезден бергі досы Тінікеевпен екеуінің арасындағы жеке мәселе" деп түсіндірген еді.

Оқи отырыңыз: Тінікеевтің ширек ғасырлық депутаттығы​

АТА ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРТУЛЕР

Алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті екінші сессиясы барысында 84 заң жобасын талқылап, қабылдаған. Ол заңдардың кейбірі ел конституциясына өзгертулер әкелді.

Наурызда президент Назарбаевтың ұсынысы бойынша, конституцияға билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы өзгерістер енгізілді. «Қазіргі заман талабы» мен «демократиялық реформалар рухына» сәйкес болуды көздейтін ұсыныстарды жалпыхалықтық талқылауға бір ай берілді. Парламент оларды екі күн ішінде қарап, мақұлдады. Депутаттар «мемлекет істерін шешуде парламент рөлі күшейтіліп, атқарушы билік тармағының жұмысын қадағалауда көбірек мүмкіндік алады» деп мәлімдеді. Бірақ бұл «реформа» елдің ішінде де, сырт жақта да сынға ілікті. Кей қазақстандық бақылаушылар «президенттің барлығынан жоғары дара билігі бұрынғысынша сақталып, парламент сол әлсіз күйінде қалды» деп санайды. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы конституциялық өзгертулерді «ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу» деп атады.

Конституцияның 26-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» деген сөйлемді «Әркім заңды жолмен иеленген кез келген мүлкін жеке меншігіне ұстай алады» деп өзгерту туралы ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырды. Егер «Қазақстан азаматтары» деген сөз тіркесі «әркім» деп өзгертілсе ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктер жекешелендіріп алуы мүмкін деген қауіп айтқандар ондай түзету енгізуге қарсы шықты. Ақыры даулы бап бұрынғы қалпында қалды.

Мамыр айында парламент Қазақстан президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптарды күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Өзгертулерге сәйкес, президенттікке кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ғана ұсына алатын талап енгізілді. Кандидат мемлекеттік қызмет немесе сайланатын мемлекеттік лауазымды қызметте кемінде бес жыл істеген болуы шарт. Сонымен бірге президент міндетін атқаруына кедергі келтіретін аурудан аман екенін дәлелдеу үшін кандидат міндетті медициналық тексеруден өткізіледі. Бұл талаптар жайлы өзгертулер енгізілетін сегіз конституциялық заңның арасында «Президент туралы» және «Тұңғыш президент – елбасы» туралы заңдар бар.

Мәжілісте заң жобасын таныстырған әділет министрі Марат Бекетаев «құжатты әзірлеуде шет елдің тәжірбиесі де ескерілгенін» айтып, "біз адамдар өздерін үміткер ретінде ұсынғанын талай мәрте көрдік. Мұның шынайы ұмтылыс емес екенін жұрт жақсы біледі" деген еді. Ал елдегі кейбір бақылаушылар жаңа талап «Қазақстан азаматтарының сайлану құқығын шектейді» деп сын айтқан. Кейбір саясаткерлер бұл өзгерістердің адам құқықтарын шектейтінін айтқан.

ВИДЕО: Жармахан Тұяқбай: Бұл өзгерістер - конституциялық құқықты шектеу (видео 2017 жылы мамырдың 25-і түсірілген)

Жармахан Тұяқбай: Бұл өзгерістер - конституциялық құқықты шектеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:36 0:00

РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТІРКЕУ МАШАҚАТЫ

Өткен жылдың соңында президенттің ұсынысымен парламент қабылдаған Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы заң қабылданды. Заң істі болған 28 мыңдай адамға рақымшылық жариялауды: 1500 адамды қамаудан босатып, қалғандарының жаза мерзімін азайту немесе бас бостандығынан айыру жазаның басқа түрімен ауыстыруды көздейді.

Былтыр күзде парламент сессиясы ашылғанда президент Назарбаев депутаттарға алғашқы кезекте қарауды тапсырған жеті заңның арасында «экстремизм мен терроризмге қарсы» заң жобасы да бар еді. Көп ұзамай парламент комитетінде таныстырылып, кейін қос палата депутаттары мақұлдаған заң жобасына жыл соңына қарай президент қол қойған. Қаңтардың басында күшіне енген заңың азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркелуге міндеттейтін жаңа талабы жұртты әбігерге салды. Халыққа қызмет көрсету орындарында ұзақ-сонар кезектер пайда болып, адамдар сағаттап күтуге мәжбүр болды; әлгіндей кезекте денсаулығы сыр берген бірді-екілі адам қайтыс болып кетті. Әлеуметтік желілерде наразылық пен қоғамдық резонанс күшейді, кей сарапшылар заңдарға енгізілген жаңа нормаларды «кешігіп жарылатын минаға» теңеді.

ВИДЕО: ЦОН-да тағы бір адам көз жұмды (видео 2017​ жылы қаңтардың 16-сы түсірілген)

ЦОН-да тағы бір адам көз жұмды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Халық наразылығына үкімет деңгейінде назар аударылып, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты «ақпараттық жұмыс нашар жүргізілген» деп сынады.

Ал сәуірде Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарының жалақылары 30-50 пайызға өсіп, орташа есеппен 600-700 мың теңгеге жетті. Кейбір депутаттар жалақыларының көбейгеніне разылығын білдіріп, "жалақымызды өсіруге лайықты қызмет етіп жатырмыз" деген пікір айтқан. Дегенмен, әлеуметтік желілерде бұған біршама қарсылық білдірілген.

ВИДЕО: Депутаттар жалақылары өскеніне разы (видео Азаттық сайтына 2017​ жылы сәуірдің 10-ы күні жарияланған)

Депутаттар жалақылары өскеніне разы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:24 0:00

Депутаттардың жалақысының көбеюіне қатысты пікір білдірген Қазақстандағы оппозиция деп саналатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай "қазіргі экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдай кезінде депутаттардың жалақысын кәдімгідей көтеру - отандастарға доқ көрсету" деген пікір айтқан.

Маусым айында парламент сенаты «террорлық қылмыс» жасаған адамды азаматтықтан айыру туралы даулы заң жобасын мақұлдап, президентке қол қоюына жолдады. Жобада сот Қазақстан президентінің өміріне қол сұғу, адамды кепілге алу, геноцид, экоцид, сепаратистік әрекет, экстремистік топ құрып, оған басшылық жасау, билікті басып алуға, конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге шақыру, мемлекетке опасыздық жасау тәрізді қылмыстарға айыпты деп таныған қазақстандықтарға азаматтықтан айыру түрінде қосымша жаза тағайындау қарастырылған. Жобаны сынаушылар оның талаптары оппозициялық саясаткерлерге, соның ішінде шетелге кетіп қалғандарға қарсы қолданылуы мүмкін деп санайды. Құжатты таныстырған әділет министрі Марат Бекетаев заңға енгізілетін өзгерістер "саяси құралға айналмайтынын", "саясаттың қатысы жоғын" мәлімдеген еді.

САУАЛНАМА: Азаттық астаналықтар арасында «Бір жылда депутаттар қандай жұмыс атқарды?» деген сауалнама жүргізді

Депутаттар бір жылда не бітірді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:17 0:00

2016 жылғы наурызда өткен кезектен тыс сайлау нәтижесінде мәжіліске бес жыл мерзімге сайланған 107 депутаттың 84-і президенттік «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Әрқайсысы жеті орыннан иеленген «Ақ жол» және Қазақстан халықтық коммунистік партиялары да сайлау науқаны кезінде президент Назарбаевтың саясатын қолдайтындарын мәлімдеген. Ал тағы тоғыз депутат президент төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясынан парламентке өткен.

Сенаттағы 47 депутаттың 32-ін елдегі 14 облыс пен Алматы және Астана қалалары жергілікті мәслихаттары алты жыл мерзімге сайлайды. Осы аптада сенатқа 16 депутат жаңадан сайланды. Бұған қоса президент өз жарлығымен сенаттың 15 депутатын тағайындайды.

XS
SM
MD
LG