Accessibility links

Азаматтық белсенді Курамшин қайта қамалды


Азаматтық белсенді Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз, 2012 жыл.
Азаматтық белсенді Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз, 2012 жыл.
Қазанның 31-і күні Жамбыл облыстық соты азаматтық белсенді Вадим Курамшинді ақтау жөнінде сот үкімінің күшін жойып, оны қайта қамауға алды.

Вадим Курамшиннің Тараздағы адвокаты Рәзия Нұрмашеваның айтуынша, сәрсенбі күні Жамбыл облыстық соты белсендіге қатысты тамыз айында шыққан үкімнің күшін жойып, істі қайтадан қарауға жіберген.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҮШ УӘЖІ

- Бұл Вадим Курамшиннің ісі жаңадан қарала бастайды дегенді білдіреді. Сәйкесінше, алғашқы инстанцияда жаңа сот құрамы жасақталуға тиіс, - деді Разия Нұрмашева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, аппеляциялық сот өзі қорғап отырған азаматқа қолданатын жаза түрін де өзгерткен.

- Сот елден кетпеу туралы қолхатты қамаумен ауыстыру туралы қаулы шығарды, - деді адвокат.

Рәзия Нұрмашеваның айтуынша, алғашқы инстанциядағы үкімге қарсылық білдірген Жамбыл прокуратурасы үш уәж келтірген: 1) алғашқы сотта негізгі куәгерлердің бірі Анна Кузьминадан жауап алынбаған; 2) алқа билер құрамының мүшесі Курамшиннің адвокаттарының бірімен процестен тыс байланыста болған; 3) Курамшин елден кетпеу туралы қолхат бергеніне қарамастан Варшаваға (халықаралық демократиялық ұйымның жиынына - ред.) барып қайтқан.

Қорғау тарабы сотқа жаңа алқа билердің қатысуы туралы өтініш жасайтынын айтты.

- Сот алқа билер құрамымен өтсе, мұндай жағдайда алқа билер құрамы жаңартылуы керек, - деді Рәзия Нұрмашева.

Сәрсенбі күні өткен аппеляциялық инстанция отырысына Вадим Курамшиннің өзі қатыспаған. Оны сотта адвокат Ескендір Әлімбаев пен Рәзия Нұрмашева қорғаған.

КУРАМШИННІҢ ТҰТҚЫНҒА АЛЫНУЫ

Таразда сот үкімі қаралып жатқанда Вадим Курамшиннің өзі Петропавлда болды.

- Арнайы қызмет өкілдері бәрін алдын-ала біледі. Сот үкім шығармай жатып, азаматтық киім киіп алған арнайы қызмет өкілдері рациямен подъездімнің алдында тұр. Үкімнің күші жойылуы мүмкін деп ойлаймын, - деген еді ол сот шешімі шықпай тұрып ол Азаттық тілшісіне.

Вадим Курамшин қарашаның 1-і күні таңертең полицияға өзі бармақ болғанын, бірақ сәрсенбі күні кешкісін полиция Петропавлдағы пәтерінің есігін бұзып кірмек болғанын айтты. Мұнан кейін оның телефоны өшірулі болды.

Ал Facebook-та құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Курамшинді полиция ұрып-соғып, алып кетті" деп жазды.

Бұл ақпаратты есімін атамауды өтінген Курамшиннің көршісі де растады. Оның айтуынша, қазір Курамшиннің үйінде тінту жүргізіліп жатыр.

Тамыздың 28-і күні Тараз қалалық соты "бопсалау" бабы бойынша айыпталған Вадим Курамшиннің бостандығын бір жыл шартты түрде шектеу туралы үкім шығарған еді.

2012 жылы қаңтар айынан бері қамауда отырған Курамшин сот залынан босатылған болатын.

Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отырған кезде ол «айыпталушы ретінде құқықтарының сақталмағанына» байланысты аштық жариялады. Ал адвокаттар тергеу және сот кезінде кеткен кемшіліктер туралы журналистерге жиі хабарлап отырды. Курамшиннің жақтастары бұл қылмыстық істің саяси астары бар деп есептейді.

Вадим Курамшин – түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметімен танылған белсенді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG