Қырғызстанда қазанның 4-і күні парламентке – Жогорку Кеңешке депутат сайлау науқаны өтті. Бұл сайлауға елдегі дауыс беру құқығы бар азаматтардың 60 пайызы (1 миллион 557 мың 442 адам) қатысқан. Елдің орталық сайлау комиссиясының есебінше, бұл сайлауда Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы - 27,4%, «Республика Ата-Жұрт» - 20,08%, «Қыргызстан» - 12,8%, «Онүгүү-Прогресс» - 9,3%, «Бир бол» – 8,5%, «Ата Мекен» 7,75% дауыс жинаған.
Қырғызстандағы сайлауды бақылаушылардың бірі, Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Азаттыққа берген сұхбатында көрші елдегі саяси науқанның қалай өткені жайлы айтты.
Азаттық: – Ерлан Тынымбайұлы, Қырғызстанда өткен парламенттік сайлаудан қандай әсермен оралдыңыз?
Ерлан Қарин: – Бір қызығы, мен Қырғызстандағы сайлауларға тұрақты түрде қатысып жүрген бақылаушы екенмін. Ондағы президенттік, парламенттік сайлаулардың бәріне бақылаушы болған соң қандай да бір пікір айтуға болатын секілді.
Бұрынғысымен салыстырғанда бұл сайлауда бірқатар өзгешеліктер байқалды. Оның бастысы – текетірес көңіл күйінде емес, айғай-шусыз, тартыс-талассыз, күнделікті саяси науқан секілді тыныш өтуі. Бәрі жақсы болып кетті деп айтуға әлі ертерек. Ілгерілеушілік те, көзге көрініп тұрған кемшіліктер де бар. Оларды шешпесе, ертең тағы да бір саяси дағдарысқа алып келуі мүмкін.
Азаттық: – Онда ең алдымен өзіңіз байқаған ілгерілеушілік жайлы айтып берсеңіз.
Ерлан Қарин: – Бұл сайлауға қырғыз қоғамы жаңа заңнама, жаңа регламентпен келді. Соның бірі – фракциялық тәртіп. Бұрын Жогорку Кеңешке өткен депутат бір партиядан екіншісіне кіріп-шығып жүре беретін. Соның әсерінен парламентте интрига көп еді. Енді депутат өзін парламентке өткізген партиядан шығатын болса, онда депутаттық мандатын тапсырады. Бұл талап партия мен депутаттың беделі мен жауапкершілігін арттырады.
Осы сайлауда алғаш рет биометрикалық тіркеу мен автомат жәшік қолданылып, бұрынғы лас әдістің – топтап бюллетень тастау, топтап дауыс беру «каруселінің» алды алынғандай болды.
Партиялық тізім түзуде жақсы тәртіптер енгізілді. Мысалы, партиялық тізімде жүз адам болса, оның «әрбір ондығында кемінде бір әйел адам болу керек» деген шарт бар. Гендерлік саясаттың теңдігін ұстанғаны көрінеді. Сондай-ақ, әр ондықта өзге этникалық топтың өкілі болуы тиіс. Қырғызстандағы бұрынғы сайлауларда бір партияны бір ғана этникалық топ қолдап кетіп, сол топтың өкілдері ғана партия мүшесі болып кететін. Енді жаңа заңның арқасында Қырғызстандағы этникалық топ өкілдері жеке партия ретінде емес, әр партияның мүшесі ретінде парламентке келіп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс.
Сосын аймақтық минимум бар. Қырғызстанда 120 мыңға жуық сайлаушының дауысын алсаң, парламентке өтуге қажетті 7 пайыздық межені жинап аласың. Бұрынғы сайлауларда партиялар адамы аз солтүстік өңірге бармай-ақ, оңтүстіктегі тұрғыны көп Талас немесе Оштың екі-үш ауданын аралап жүріп, қажетті межені жинап алатын. Қазір әр өңірдің үлесі кемінде 0,7 пайыз болуы міндет. Бұл – солтүстік пен оңтүстік партияларының текетіресін тоқтатуға салынған жол. Сайлау шарттары мен саяси жағдайға түбегейлі өзгеріс жасамаса да, осындай жағымды белгілер бар.
Азаттық: – Бұл саяси науқанда байқалған қандай кемшіліктер болды?
Ерлан Қарин: – Аймаққа бөліну әлі жойылмаған. Аймақшылдықтың ықпалы басым. Сырттай қарасаң, парламенттік жүйе, бұрынғыдай жеке мандаттық сайлау жоқ. Алайда іс жүзінде көп жерлерде бәрі бұрынғыша. Мысалы, саяси партия депутаттыққа үміткерлер тізімін жасағанда оның ең басына елге танымал үш-төрт адамды шығарады. Одан кейінгілер аймақтағы беделіне, ықпалына қарай тізімге ілігеді. Және тізімге ілінген үміткер өз аймағында жұмыс істейді. Той өткізу, ақша тарату секілді бұрынғы әдеттеріне басады. Яғни толық партиялық жүйе қалыптаспаған.
Екіншіден, тұрғындар саяси партиялардың ұстанымы мен бағдарламасынан хабарсыз. Шындығына келгенде саяси партиялардың өздері де мақсат-мұраттарын арнайы бағдарлама арқылы түсіндіріп те жатпайды. Ондайды ешкім қажет етпейтін де секілді. Партияның танымалдылығы мен жеңіске жетуі сайлаушымен атқарған жұмысында емес, жетекші тұлғаларының өзгелермен келісіп, мәмілеге келуіне ғана байланысты көрінеді. Жергілікті саясаттанушылардың өздері қандай да бір партияның ықпалы мен беделін бағдарламасы мен жоспарына қарап емес, «ана партияға оңтүстіктің бірнеше адамы кірді, енді олар қажетті дауыс алады» дегендей мағынада болжамдар айтады. Таксист, сатушы секілді қарапайым тұрғындармен сайлау және партиялар жайында сөйлесіп көрдім. Сондағы байқаным, адамдар «менің партиям жеңді не жеңілді» деп айтпайды – «Досым өтпей қалыпты» дейді. Демек, оның досы партиялық тізімде алғашқы ондықта тұрмаған. Яғни сырттай қарағанда партиялық рөл артқанымен, елдегі саясат тұрғындар таңдауымен емес, элита келісімі арқылы жүріп жатыр.
Азаттық: – Жогорку Кеңешке өткен партияларға қандай мінездеме берер едіңіз?
Ерлан Қарин:– Жалпы, Қырғызстанда партия көп. Қателеспесем, 40-тан асады. Оның ішінде белсенділік танытып жүргені 20-30 шамасында. Ал сайлауға қатысқаны –14. Әрине, бірігіп, одақтасып сайлауға түскендері де бар. Мысалы, «Республика» мен «Ата-Жұрт», «Бүтін Қырғызстан» мен «Эмгек» партиялары коалиция құрды. Алты партия парламентке өтті.
Бір қызығы, бұрынғы президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтердің кезінде құрылған, сол тұстары саяси алаңға шыққан тұлғалар бұл сайлауда жеңіліс тапты. Мысалы, Феликс Куловтың «Ар-Намысы» жеңілді. Кемінде үшінші-төртінші орын алады деп болжанған Текебаевтың «Ата Мекен» партиясы алтыншы болып, парламентке зорға ілікті.
Ал үш-төрт ай бұрын аттарын ел білмеген үш партия жеңіске жетті. «Қырғызстан», «Онүгүү-Прогресс», «Бир Бол» партияларына жергілікті жұрт «ақшалы партия» деген ат та қойып үлгерді. Осылайша саяси алаңнан ескі ойыншылардың кете бастағанын, «ақша тарату арқылы жеңіске жетті» десе де, жаңа саяси толқынның келе бастағанын аңғартты.
Азаттық: – Жаңа парламентпен жұмыс істеу билікке қаншалықты қолайлы болмақ? Алты партияның қаншасы өздерін билікке оппозиция санайды?
Ерлан Қарин: – Қырғыздағы жағдайды 1990 жылдан бері үзбей бақылап келе жатсам да, ондағы саяси партияларды бағыт-бағдарына қарап тану маған өте қиын. Осы жолы да қырғыз саясаттанушылары мені қызықтырған сұрақтарға жауап бере алмады. Қырғызстандағы саяси партиялардың ұстанымдар шартты түрде ғана. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын «Республика» мен «Социал-демократтар» одақтас саяси күш еді. Келдібеков пен Ташиев басқаратын «Ата-Жұрт» сол кездегі билікке нағыз оппозиция болатын. Тап сол бес жыл бұрын «уақыт өте «Республика» мен «Ата Жұрт» бір тандем құрып, олардың төрағалары Бабанов пен Тәшиев бірігіп суретке түседі» деп біреу болжаған болса, оған ешкім себес еді. Ал бүгінде мұндайға ешкім таңқалмайды. Сондықтан парламентке өткен партияның қайсысы оппозиция боларын нақты айту қиын.
Билік партиясының басым дауыс жинай алмауына қарап, оны Атамбаевтың жеңілісі деп тануға болмайды.
Биліктегі [президент Алмазбек] Атамбаевтың «Қырғызстан социал-демократиялық партиясы» басым дауыс жинай алмаса да, бес партияның үш-төртеуімен парламентте оңай одақтаса алады. Себебі жеңіске жеткен жаңа партиялар сайлау науқанында билікке қатты сын айтқан емес. Оның үстінде бұл сайлаудың маңыздылығы - Қырғызстанда екі жылдан кейін президенттік сайлау өтеді. Осы себепті де парламенттегі партиялық одақтар осындай стратегиялық мақсатқа құрылады. Бұл сайлауда партиясы басым дауыс ала алмаса да, Атамбаев үшін стратегиялық бастама жасауға, қажетті реформалар жүргізуге әлі де мүмкіндіктері бар. Ал төрт-бес жыл бұрын қырғыз билігі тек күнделікті мәселені шешумен айналысты. Стратегиялық жобаларды бастауға мүмкіндігі болмады. Атамбаевта уақыт пен мүмкіндік бар. Сосын билік партиясының басым дауыс жинай алмауына қарап, оны Атамбаевтың жеңілісі деп тануға болмайды. Атамбаев соңғы үш-төрт жылда біраз жұмыстар жүргізді. Осы сайлаудың тыныш өтуі, саяси мәдениеттің өзгеруіне алғышарттарды қалыптастыруы оның жеңісі деуге болады.
Азаттық: – Халық бұл сайлауды қаншалықты әділ өтті деп біледі?
Ерлан Қарин: – Жоғарыда айтқандай бұл сайлауда алғаш рет биометриялық тіркеу мен автомат жәшіктері пайдаланды. Оған, меніңше, көпшілік сенбеді. Өзім сайлау күні Ош пен Жалалабад өңірлерін аралап шықтым. Сайлау учаскелерінің екеуінің бірінде автоматты жүйеден ақаулар шығып жатты. Сайлау күні учаскеде тізімнен өз есімін таппай жүрген сайлаушы көзге көп түсті.
Дегенмен бес жыл бұрынғы сайлауда халық тыныштық сақтауға үміт артса, бұл сайлаудан, жаңа парламенттен қырғыз халқы нақты істер күтіп тұрғандай көрінді. Екі революцияны өткеріп, бір азаматтық қақтығыстың алдына барып, мемлекет ретінде ыдырап кетуге жақындап барып, жоқ жерден жол тауып, тыныштықты сақтап қалған қырғыз жұрты ешкімнен ештеңе күтпей, өздері нақты істер жасай алатындарына сене бастағаны байқалды.
Азаттық: – Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет.