Accessibility links

«Құр ауыс-түйіс Жаңаөзен мәселесін шешпейді»


Полицияның қарулы жасағы Ақтаудағы орталық алаңда тұр. 19 желтоқсан 2011 ж.
Полицияның қарулы жасағы Ақтаудағы орталық алаңда тұр. 19 желтоқсан 2011 ж.

Оппозицияшыл саясаткерлер мен сарапшылар "қарусыз адамдарға оқ атқандарды анықтап, жауапқа тартпай Маңғыстаудағы жағдай тұрақтанбайды" дейді. Ал президентшіл партия өкілдері "президент Назарбаевтың соңғы ауыс-түйістері жағдайға оң әсер етеді" деген пікір айтады.

Президент Назарбаевтың шешімімен, бейсенбі күні Маңғыстау облысының әкімі, "Қазмұнайгаз" ұлттық мұнай-газ компаниясы мен "Қазмұнайгаз" барлау-өндіру" мұнай өндіру компаниясына жаңа басшылар тағайындалды.

Сонымен бірге Назарбаев елдегі мұнай-газ компанияларына иелік ететін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы, өзінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты да отставкаға жіберу туралы шешім қабылдады.

Бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар "Бұл ауыс-түйістер Маңғыстаудағы жағдайға қалай әсер етуі мүмкін?" деген сауалға орай пікір білдірді.

"Мысль" журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам Маңғыстауға басшы тағайындауда Қазақстан билігі тағы да ескі әдіске жүгініп отырғанын айтады.

- Ондай маңызды орындарға ұрламайтын, таза жұмыс істейтін, халықтың қамын ойлайтын азаматтарды қою керек. Бізде өкінішке қарай, жоғарғы жақта бас-аяғы 30 шақты адам бар, солар бірін бірі ауыстырып, қанша жыл бойы жүр. Түк бітірмейді. Тек қана ауыс-түйістермен тоқталып қалатын болса, жұмыс тәсілдері, халыққа көзқарасы өзгермесе ештеңе шешілмейді деген сөз.

Халық облыс әкіміне бұрынғы ішкі істер министрінің тағайындалуын «билік мәселені күшпен шешпекші» деп қабылдайды. Менің ойымша, облыс әкіміне елге танымал, беделі бар, халық сенетін адамды қою керек. Айталық, Балташ Тұрсымбаевты, Қуаныш Сұлтановты қойған кезде олар бұл мәселені біршама шешер еді. Бұл шешім қисық шешім болды деп санаймын, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Ол "дәл қазіргі кезде Маңғыстаудағы халықтың басты талабы орындалмай отырғанын" айтты:

- Ал, бірақ ең бірінші халыққа оқ атуға кім бұйрық бергенін анықтау керек. Осыны шешпей басқа мәселе шешілмейді. 1986 жылы жастар "Қазақстанды қазақтар билесін" деген мәселемен алаңға шықты ғой. Міне, 25 жылдан кейін сол жастардың балалары қазақ билігінің қолынан өліп жатыр. Осы орайда зиялы қауым өкілдері қайтадан биліктің қолын сүйіп, биліктің айтқанынан шыға алмай отырғанын айта кеткім келеді. Бұл - біздің зиялыларымыздың төмен деңгейін, ұлттық сезімі жоқтығын көрсетеді.

Маңғыстау, бүкіл Қазақстан бұл оқиғаны ұмытпайды, себебі осымен екінші рет қайталанып отыр. Билік бұл мәселеге өте мұқият қарап дұрыс шешуі қажет, осы мәселе қалай шешілсе Қазақстанның келешегі де солай болады. Бұл мәселеге қазір бүкіл әлем көз тігіп отыр, - деген түйін жасады Сейдахмет Құттықадам.

Оппозициялық "Азат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов :

- Қазақстанда меншік иесі билік иесі болып тұрған кезде бір облыс әкімі, бір республикалық компанияның менеджері соны шешеді дегенге сенбеймін, Жаңаөзендегі талаптар, 8 ай бойы қойылған талаптар облыс әкіміне немесе мұнай компаниясының басшысына айтылған жоқ. Ол талаптар Ақ Ордаға, билікке айтылды. Президентті айтпағанда, ең болмағанда үкімет басшысы барып мұнайшылармен кездескен кезде жағдай мүлде басқаша болатын еді.

Билік халықты менсінбеушілік саясатының жемісін көріп отыр. Егер солай шешілгенде бұл мәселе бұлайша ушығып, қанды оқиғаға айналмас еді. Енді кінәні біреуге аудару керек болып тұр. Облыс әкімін өзгерткеннен не шығады? Бауыржан Мұхамеджанов Қырымбек Көшербаевтан басқа саясат жүргізе ме? Әлде Ақ Орданың пәрмендеріне мойынсұнбай ма|? Сондықтан мұның бәрі, меніңше, ең басты жауаптан қашу. Яғни, "оқ атуға бұйрық берген кім" деген сауалдан қашу бұл, - дейді Қосанов.

Ол Маңғыстау облысының әкімі қызметіне бұрынғы ішкі істер министрінің тағайындалуын Ақордаға оның тәжірибесі керек болған шығар деп тұспалдайды.

- Бауыржан Мұхамеджанов Заманбек Нұрқаділовтің, Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына байланысты қандай қисындар айтқаны белгілі. Мүмкін осы тәжірибе керек шығар. Уақыт көрсетеді. Меніңше бұлар жартыкеш шаралар. Үкімет мұнайшылардың талабын ескеріп, 7 айда шешілмеген мәселені 7 күнде шешетін болып жанталасып жатыр. Кеше Маңғыстауға барған сапарымызда, мұнайшылардың жұмыс, жалақы туралы сұрақтары екінші қатарда қалғанын көрдік. Олардың бірінші сұрағы: "Бейбіт адамдарға неліктен оқ атты және оған бұйрықты кім берді?" Міне осы сұрақтарға жауап бермей ол жергілікті билік орындарының басшылығына кімді қойса да ол мәселе шешілмейді, - дейді Әміржан Қосанов.

Ал президентті қолдайтын "Әділет" партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев "президент Назарбаевтың соңғы тағайындаулары оң нәтиже береді" деп есептейді:

- Бұл ауыс-түйістерді жасағаны өте дұрыс деп ойлаймын. «Әділет» партиясының ұстанымын 17 желтоқсанда президентке ашық хатпен білдірдік. Ашық хатта "бұл мәселе сіз аралассаңыз шешіледі, тікелей бақылауға алғаныңыз дұрыс деп есептейміз, халық та мұны қолдап отыр" дедік. Ол кісі бақылауға алып қоймай, Маңғыстауға барып өзі осылай шара қабылдағаны өте дұрыс болды. Үкімет мұндай шешімді ертерек қабылдау керек еді, міне енді елбасы шешті. Осы күнге дейін заңгерлердің мықты басшы бола алатындығы ескерілмей келді.

Облыс әкімдігіне заңгерді қойғаны болашаққа үлкен қадам деп ойлаймын. Бауыржан Мұхамеджанов сенатта да тәжірибе жинады, бірақ Маңғыстаудағы жұмысын күшке салып жүзеге асырамын десе онысы болмайды. Ол халықпен тікелей жұмыс істеуге дайын ба, мұны өмір көрсетеді. Оның кезінде Заманбек Нұрқаділовтің қазасына орай айтқан сөзі дәлелденіп, сот шешімі шықты. Ол сот үкімі бұзылған жоқ, сондықтан оны дұрыс шешім емес деуге ешкімнің де құқығы жоқ.

Жаңаөзенде болған оқиғаның осынша созылуына үкіметтен гөрі Тимур Құлыбаевтың да шешім қабылдай алмағандығы әсер етті деп есептеймін. Елбасы мүмкін соны есепке алған шығар. Президент Ләззат Қиыновты «Қазмұнайгазға» тағайындағанда «саған кедергі болмас үшін Тимур Құлыбаевты да жұмысынан босатамын» деді. Шын мәнінде қандай себеп болғанын білмегеннен кейін тура баға айту болмайды, бірақ меніңше дәл осы шешім Тимур Құлыбаевтың саяси деңгейін, халық алдындағы абыройын, оған сеніп жүрген азаматтардың көбісінің сеніміне селкеу түсірді деп ойлаймын.

Мақсұт Нәрікбаевтың ойынша, "болған оқиғалардың барлығы біздің мемлекетіміздегі ішкі саясаттың, әсіресе идеологиялық тұрғыдағы саясатынан кеткен қателіктерінің нәтижесі. Бұл оқиғаны түпкі негізі әлеуметтік әділеттіліктің бұзылғандығынан шығып отыр".

- Үміттенеміз ғой енді. Көрейік. Мәселен, Ләззат Қиыновтың тағайындалуына қуанып отырмын. Ол осы мұнай саласындағы басшылықтың барлық сатысынан өткен ең мықты мамандардың бірі. Елге, халыққа жаны ашитын азаматтың әрі Қазақстанның батыс өңірінің тумасы Ләззат Қиыновқа менің ешбір күмәнім жоқ, - деді Мақсұт Нәрікбаев облыстың жаңа әкімі жайлы.

Ал саясаттанушы Николай Кузьмин "басшыларды ауыстырумен аймақтағы қалыптасқан жағдайға әсер етпейді" деп санайды:

- Құр кадрлық ауыс-түйістен аймақтағы ахуал өзгермейді. Бізде бұндай жағдай осыған дейін де талай рет болған: аймақ басшылары немесе ұйым мекемелері жетекшілерін ауыстырады, бірақ сол аймақтағы немесе ұйымдағы жағдай бұрынғы қалпында қала беретін.

Сарапшының пікірінше, аймақ басшысы ауысқаннан түбегейлі өзгеріс болмайды.

- Қазақстанда облыс басшысының ауысуынан сол облыстағы немесе қандай да бір шаруашылық саласындағы жағдайдың күрт өзгергені есімде жоқ. Мүмкін, бір іс-қимылдар болатын шығар, бірақ ауқымды көлемде өзгеріс болады деп ойламаймын, - дейді Николай Кузьмин.
XS
SM
MD
LG