Accessibility links

Орақ Сарбөпеев сот залынан бостандыққа шықты


Орақ Сарбөпеев Жаңаөзен қаласы әкімі кезінде оппозиция өкілдерімен бірге жұрт алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, 2011 жыл, қыркүйек.
Орақ Сарбөпеев Жаңаөзен қаласы әкімі кезінде оппозиция өкілдерімен бірге жұрт алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, 2011 жыл, қыркүйек.
Маусымның 22-сінде Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевке сот үкімі шықты. Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оны ақтап, сот залынан босатты.

Облыстық сотқа сілтеме жасаған ақпарат агенттіктерінің хабарына қарағанда, сот өкілдері Сарбөпеевтің ісінен қылмыс табылмағанын, екінші сот оны кінәсіз деп танығанын айтқан.

Бұған дейін судья Руслан Тасмамбетов жүргізген сот тоқтап қалған еді. Прокурорлар «кейбір алқа би мүшелерінің әрекеті күмәнді көрінгендіктен» істі қайта тергеуге жіберуді сұраған.

2012 жылы маусымның 19-ында Сарбөпеев ісі бойынша екінші сотты судья Лесхан Байғұлов жаңартылған алқа билер құрамымен жүргізе бастаған. Соңынан прокурор "қаржы жымқырды" деп айыпталған Сарбөпеевті 13 жылға соттауды сұраған. Прокурор Орақ Сарбөпеевті қатаң режимдегі колонияға жіберуді, дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет істеуіне шектеу қоюды да өтінген.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевке алғашында үш бап бойынша айып тағылған еді: «пара алды» (қылмыстық кодекстің 311-бабы), «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» (307-бап) және «қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды» (24-бап).

Алғашқы сотта үшінші айыптың («қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды») дәлелденбеуіне байланысты 24-бап істен алынып тасталған.

«АЙЫПТЫ» ДА «АЙЫПСЫЗ» САРБӨПЕЕВ

Жаңаөзен оқиғасының тексерілуін бақылау мақсатында құрылған қоғамдық комиссия өкілі, журналист Рысбек Сәрсенбай «Қазақстан сот жүйесі саясаттың қолшоқпарына айналды» деген пікір айтты.

– Сарбөпеевтің кінәсі жоқ болса, не үшін қылмыстық іс қозғап, бірнеше бап бойынша жауапқа тартты. Ал егер кінәсі болса неге лайықты жазасы берілмеді? Бұның барлығы – ойын. Жаңаөзендегі оқиғаның шығуына бір кінәлілерді табу керек болды. Ол айыптылар ереуілдеген мұнайшылар немесе соларға оқ атқандар емес жергілікті биліктен де болу керек еді, – деді сенбі, маусымның 23-і күні Азаттыққа түсініктеме берген Рысбек Сәрсенбай.

Бірақ ол Орақ Сарбөпеевтің Жаңаөзен әкімі ретінде қанды оқиғаға айыпты екендігін жоққа шығармайды.

– Оның айыбы – қақтығыстың туындауына себепкер болуы. Жеті айдан астам уақыт ереуілдеп тұрған жұмысшылардың ортасына барып, сол алаңда Тәуелсіздік күнін тойлатуға әрекет жасауы. Бұл тікелей арандату, қақтығысқа бастаған іс болды. Ал екіншіден, ол өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана алмады. Ол қала басшысы ретінде халық жағында болып, кеудесін тосып, екі қолын көтеріп: «Бір де бір оқ атушы болмаңдар! Тоқтатыңдар!» десе, полицейлер тіпті оқ ата алмас еді, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Ал Ақтаулық белсенді, мұнайшылардың ереуілін де, соттарды да бақылап келген Нұрияш Әбдірайымова «бұрынғы әкімге шыққан үкім – орынды» деп отыр.

– Сарбөпеевке тағылған кінә – оны қамау үшін ғана болды. «Пара алды, үй салдырды» дегеннің бәрі – өтірік, дәлелін тапқан жоқ. Халық алдында «Жаңаөзен әкімі сотталды» деп айтуы үшін жазықсыздан жазықсыз мойнына бір айып іліп, соттап жібергісі келді, – деді ол маусымның 23-і күні Азаттық тілшісіне.

Нұрияш Әбдірайымова «Орақ Сарбөпеевке өзге айып тағылып, сол бойынша сот жүргенде Жаңаөзен қырғынының шындығы ашылар еді» деген пікір айтты.

– 16 желтоқсан күні не себепті мұнайшылар отырған жерге киіз үй тігілді? Мұны тікелей Сарбөпеев тіккізді. Ал ол жоғары жақтың тапсырмасын орындады. Бұл арандату болды. Оны Сарбөпеев білмеген. Оған тапсырма берілді ол солай орындады. Өзі бұл туралы мұнайшылар сотына куәгер ретінде келгенде айтқан болатын. Егер дәл осыған қатысты айып тағылып, іс қозғалғанда Сарбөпеев өзіне тапсырманың қайдан болғандығын айтушы еді. Осылайша Жаңаөзендегі қанды оқиғаны ұйымдастырғандар шығатын еді. Сондықтан оны (Сарбөпеевті) 16 желтоқсан ісіне емес, басқа іс бойынша жауапқа тартты, – дейді Нұрияш Әбдірайымова.

«МҮЛІК ЖЫМҚЫРУ» ЖӘНЕ «ТАЛАБЫ ЗАҢДЫ МҰНАЙШЫЛАР»

2011 жылы 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпедегі 17 адам көз жұмып, 100-ден аса адам жараланған (ресми есеп бойынша) оқиғаға байланысты 2012 жылы қаңтардың 25-інде ресми мәлімдеме жасаған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев:

- Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жалғас Бабаханов пен қазіргі әкімі Орақ Сарбөпеев бірнеше жыл бойы «Жанашыр» және «Жарылқау» қорлары арқылы мемлекеттік мүлікті жымқырумен айналысқан. Жаппай
Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбопеевтің сот процессі. Ақтау, 25 мамыр 2012 жыл. Суреттің авторы Дина Байділдаева.
Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбопеевтің сот процессі. Ақтау, 25 мамыр 2012 жыл. Суреттің авторы Дина Байділдаева.
тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал етті, - деп мәлімдеген еді.

2012 жылы ақпан айында қаржы полициясы Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбөпеевтің «188 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлады» деп айыпталғанын хабарлады.
Орақ Сарбөпеев биыл ақпанның 9-ында сот санкциясымен ұсталып, Ақтаудағы уақытша изоляторға қамалған.

Бұған дейін Жаңаөзен оқиғасына байланысты өткен 37 айыпталушының сотына куәгер ретінде шақырылған кезде Орақ Сарбөпеев «мұнайшылардың талабы заңды болғанын түсінгенін» айтқан. Жаңаөзендік 37 айыпталушының үкімі 4 маусымда шықты: 3 адам толық ақталды, 5 азамат рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушы шартты жазаға кесілді, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
XS
SM
MD
LG