"КазТАГ" ақпарат агенттігі бүгін, наурыздың 1-і Астанада "Адам ресурстарын басқару мәселелері" атты халықаралық конференцияда Өмірзақ Шөкеевтің баяндама жасағанын хабарлады.
"БҰЛ - 1986 АДАМ"
Осы конференцияда баяндама жасаған Өмірзақ Шөкеев: "Жаңаөзенде жұмыссыз қалған мұнайшылардың түгелі "Өзенмұнайгаз" және "Қаражанбасмұнай" компанияларының қасынан жаңадан ашылған кәсіпорындарға жұмысқа кірді. Бұл - 1986 адам" деген.
Шөкеев "Бұдан бөлек, ұлттық әл-ауқат қоры Жаңаөзен қаласын дамытудың арнайы бағдарламасы бойынша 16 ірі жобаны іске асырмақ" деп мәлімдеді.
500+700=1200
Ал "Хабар" телеарнасы бүгін "Маңғыстау облысында болған жұмыс сапары барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов 500-дей жұмысшының іске кіріскенін мәлімдегенін, осы айда тағы 700 мұнайшы жұмысқа кірісетінін" хабарлады.
Осы айдың басында, ақпанның 7-сі Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова да "Мир" телеарнасы арқылы "500 адам жұмысқа орналасты" деп мәлімдеген болатын.
Сол сөзінде Әбдіхалықова: "Шаруашылықтың бір ғана саласын тірек еткен шағын қалаларда жұмыс табу оңай емес, сондықтан мұнайшыларға жұмыс табылатын басқа аймақтарға көшуге көмектесеміз" деген еді.
"1986-НЫҢ БАРЛЫҒЫ КІРГЕН ЖОҚ"
Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне қатысқаны үшін жұмыстан шығып қалған мұнайшы Бақтыбай Жылқыбай Азаттық тілшісіне жұмысқа қабылданғанын айтты. Бірақ Өмірзақ Шөкеевтің мәліметін жоққа шығарды. Азаттық тілшісіне бұрынғы мұнайшы:
- 1986-ның барлығы кірген жоқ. Шамамен 700-800-дейі кірді. Қалғаны әлі кіре алған жоқ. 20-30-дай мұнайшы ұсталып, қудаланып жатыр. Мұндағылар қарайған жігіттерді тергеуге қайта-қайта шақырып, сонымен әлек болып жүр. Жұмыспен олардың шаруасы болмай жүр, - деді
2011 жылдың көктемі мен жаз айларында, мұнайшылар ереуіл жасаған кезеңде Жаңаөзенде 2 мыңға жуық мұнайшы жұмыстан шығарылған болатын.