Accessibility links

Өзін тілгілеген Оспанов ауруханаға жатқызылды


Cот ғимаратының кіреберісінде қарнын тілгілеген Жанболат Оспанов қалалық сот төрағасымен кездестіруді талап етіп тұр. Жезқазған. 17 мамыр, 2017 жыл. Сурет Андрей Цукановтың видеосынан алынды.
Cот ғимаратының кіреберісінде қарнын тілгілеген Жанболат Оспанов қалалық сот төрағасымен кездестіруді талап етіп тұр. Жезқазған. 17 мамыр, 2017 жыл. Сурет Андрей Цукановтың видеосынан алынды.

Жезқазған қалалық сот ғимаратына келіп, өз қарнын пышақпен тілгілеген Жанболат Оспановтың жұмыстан босап қалуына байланысты қалалық сотқа шағым түсіріп жеңіп, алайда облыстық соттағы апелляциялық инстанцияда жеңіліп қалғаны айтылды.

Бұл оқиға мамырдың 17-сі таңертең болған. Әлеуметтік желіде қарын тұсы қанға боялып пышақ ұстап тұрған адамның видеосы тарай бастады. Оған кездейсоқ куә болған KazINFO Today агенттігінің тілшісі Андрей Цукановтың айтуынша, ер адам өзін Жезқазған қалалық сот төрағасымен кездестіруді талап етіп, денесінің қарын тұсын пышақпен тілгілеп тастаған. Мәліметке қарағанда, осы сәтте сот ғимаратында "жала жабу" бойынша айыпты болған жергілікті азаматтық белсенді Берік Жағыпаровтың ісі қаралып жатқан.

Жезқазғанда ер адам өзін пышақпен жаралады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00
Жүктеп алу

Қазақстан кәсіподақтарының "Аманат" одағын басқаратын Берік Жағыпаров өзін тілгілеген адамның "Қазақмыс" корпорациясы кенішінің бұрынғы жұмысшысы Жанболат Оспанов екенін хабарлаған. Белсендінің пікірінше, Оспанов өзін жұмыстан шығару туралы шешіммен келіспей сотқа арызданып жүрген.

- Ол қайтадан жұмысқа алу талабымен компанияны қалалық сотқа беріп, жеңіп шыққан болатын. Бірақ "Қазақмыс" компаниясы облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіріп, Жанболат Оспанов жеңіліп қалған еді, - дейді Берік Жағыпаров.

Жезқазған қалалық соты кеңсесінің қызметкері Жанна Құрманғалиева Азаттық тілшісі телефон арқылы хабарласқанда, сот ғимаратында мұндай оқиғаның болғанын растады. Бірақ ол басқа ақпарат беруден бас тартты.

Осы оқиғадан кейін Жанболат Оспанов Жезқазғандағы орталық қалалық ауруханаға жеткізілген. Аурухананың жарақат пунктінің дәрігері Елдос Рахманбердиев Азаттыққа "жарақат орны терең емес" екенін айтты. Қалалық аурухананың тағы бір дәрігері Рүстем Нысанбаевтың сөзінше, Жанболат Оспановтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

- Оның жағдайы тұрақты. Операция жасалып, жарасы тігілді. Қазір оны бақылап отыру керек болады. Таңертеңге дейін ол ауруханада қалады. Сосын оны амбулаториялық емдеуге босатамыз, - деген Рүстем Нысанбаев оған қазір төсектен тұруға болмайтынын айтты.

"Қазақмыс" корпорациясының баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты Азаттыққа берген жазбаша жауабында Жанболат Оспановтың 2014 - 2016 жылдар аралығында осы мекемеде жұмыс істегенін растады. Ол әуелде Жезқазғандағы байыту фабрикасында слесарь-жөндеуші, кейін Шығыс Жезқазған кен орнында машинист болған. "Қазақмыстың" жауабында "еңбек тәртібін бұзып, жұмыстан қалғаны үшін" 2016 жылдың қазан айында Жанболат Оспановпен еңбек шарты тоқтатылғаны хабарланған. Корпорация басқа да сауалдарға сот орындарының жауап беретінін айтқан.

Ауруханада жатып KazINFO Today ақпарат агенттігіне берген комментариінде Оспанов "Қазақмыс" үш рет жұмыстан қуып, үш рет қызметке қайта тұрғанын", кейін қайта қуылғанын, екі қызы бар екенін, әке-шешесі - қолында екенін айтқан. Ол шарасыздықтан осындай әрекет жасағанын, күресін жалғастыра беретінін ескерткен.

Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі де апелляциялық инстанцияға байланысты Азаттыққа комментарий берді. Сот мәліметіне қарағанда, апелляциялық сот шешімі бойынша Жанболат Оспанов "Қазақмыс" корпорациясына екі миллионнан астам теңге төлеуге міндеттелген. Апелляциялық алқа мамырдың 11-і күні төменгі инстанциядағы сот үкімінің күшін жойған.

Апелляциялық инстанцияда алғашқы сот шешімінің еңбек шартын тоқтату жөніндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) бұйрығын заңсыз деп тану бойынша және Оспановты қайтадан жұмысқа алу бойынша тұстарының күші жойылған.

Бұған қоса Оспановтың мәжбүрлі түрде жұмыстан қалуы кезінде ЖШС-тен айлық ақысын өндіру бойынша және мемлекеттік баж кірісіне ЖШС-тен ақы өндіру бойынша да шешімнің күші жойылды.

Облыстық соттың Азаттыққа берген мәліметіне қарағанда, бірінші инстанцияда сот шешімін дереу орындау үшін ЖШС-тен екі миллион теңгеден астам ақы өндірілген. Енді Оспанов соның бәрін кері қайтаруға міндеттелген.

Қазақстанда сот шешімдері мен тергеу амалдарына наразылық танытып өздеріне қол салған оқиғалар бұған дейін де болған. Былтыр желтоқсанда Астанадағы бас прокуратура ғимараты алдында бір әйел ұлының сотталуына қарсылық танытып, өзін өртеп жіберуге тырысқан. Соңғы жылдары наразылық ретінде өзіне қол жұмсау әрекеттері әлеуметтік желі мен онлайн форумдарда қызу пікірталас тудырып, талқыланған еді.

XS
SM
MD
LG