Accessibility links

Қырғыз парламент сайлауы алдында ОСК Жогорку кеңеш спикерін тіркемей қойып, арты тартысқа ұласты


Қырғыз парламентінің спикері Талант Мамытов.
Қырғыз парламентінің спикері Талант Мамытов.

Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы парламент спикерін депутаттыққа кандидат ретінде тіркемей қойды, бірақ сот комиссияның бұл шешімін жойып тастады. Сарапшылар мұның саяси астары бар дейді.

Орталық Азия елдерінде Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) жақсы жұмыс істеп жатқаны шамалы.

Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты елдерде ОСК төрағасы сайлау күнін, сайлау учаскелерінің ашылу-жабылу уақытын жариялайды. Сайлаушылар дауысының пайыздық үлесін есептеп, сайлау өткен болып саналуы үшін оған қанша адам қатысуы керегін айтады. Осыдан кейін сайлаудың ресми нәтижесін жариялайды да, келесі сайлауға дейін ұмыт қалады.

Бірақ Қырғызстандағы ОСК-ның реті бөлек. Оның 28 қарашада өтетін парламент сайлауы алдындағы шешімі соған дәлел болса керек.

НӨМІРІ ЖЕТІНШІ КАНДИДАТ

Талант Мамытов – Қырғызстан парламентінің спикері. Қазір оның орнынан кеткен-кетпегені дау болып жатыр.

"Ынтымақ" партиясы 12 қазанда жиын өткізіп, партия тізімінде №7 кандидат ретінде Мамытовты тіркеген.

Ол кезде Мамытов парламент спикері, яғни, төрағасы болған.

24 қазанда, жексенбі күні ОСК "Ынтымақ" партиясының тізімін бекітіп, одан парламент төрағасы болғандықтан кандидат ретінде тіркеле алмайды деп Мамытовты алып тастаған.

Сайлау туралы заңға сәйкес, "мемлекеттік қызметтегі адам кандидатурасы ұсынылған сәттен бастап ресми лауазымын тоқтатуы керек".

ОСК заңның осы тұсы парламент спикерін де қамтиды деп отыр.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының кеңсесі.
Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының кеңсесі.

Қырғызстанда кейінгі отыз жылда болған сайлауларды бақылаған адамдар ОСК шешімін сотта даулап, оны өзгертуге болатынын біледі.

Мамытовтың жағдайында да солай болды.

30 қазанда "Ынтымақ" партиясы ОСК-ны процессуалды ережені бұзды деп айыптады. Олар ОСК-ның демалыс күндері кворумсыз жиын өткізуінің, "заңды өз бетінше талдап", Мамытовты тіркемеу туралы шешімді жексенбі күні жариялауының себебін сұрады.

"Ынтымақ" партиясы Мамытов төраға қызметінен кетіп, өкілеттігін спикер орынбасары Әлия Қасымалиева бергенін мәлімдеді.

Партия Бішкектің әкімшілік сотына жүгінді. 28 қазанда сот Мамытов ісі бойынша ОСК шешімінің күшін жойды.

Содан соң ОСК сот шешімін апелляцияға берген.

Мамытов 12 қазанда, яғни, "Ынтымақ" партиясының кандидаттар тізіміне енгенде төраға қызметінен кетуге міндетті болған. Бірақ ол міндеттерін 22 қазанға дейін Қасымалиеваға жүктемей жүрген.

Парламент спикерінің орынбасары Талант Сыдығалиев те "Ишеним" партиясы атынан сайлауға түседі. Ол кандидаттар тізімге енгенде-ақ отставкаға өтініш берген.

"Ынтымақ" партиясы Талант Мамытов та парламент депутаты екенін, кандидатқа мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салатын заң "парламент мүшесі немесе президентті қоспағанда" деп аяқталатынын алға тартты.

2 қарашада Жоғарғы сот "сенімхат лайықты түрде расталмағандықтан, оны дәлел ретінде қабылдау мүмкін болмағанын" негізге алып, ОСК аппеляциясын қабылдамады.

ОСК ескертуді түзетіп, тура сол күні апелляцияға қайта берді.

4 қарашада Жоғарғы сот аппеляцияны тағы қабылдамады. Бұл жолы аппеляцияға беру уақыты өтіп кеткен.

Талант Мамытов сайлау күні кандидат болатынға ұқсайды. Оның достары билікте жоғары лауазымдарда отыр.

2013 жылы Мамытов қазіргі президент Садыр Жапаровпен және мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевпен қоғамдық тәртіпсіздік туғызып, 2012 жылғы қазанда билікті құлатпақ болды деген айыппен сотта жауап берді.

2013 жылғы наурызда Жапаров пен Ташиев 18 айға, Мамытов бір жылға сотталды.

Үшеуі де 2013 жылғы маусымда босап шыққан.

Солдан оңға қарай: Қамшыбек Ташиев, Садыр Жапаров және Талант Мамытов Бішкектегі сот отырысы кезінде. 2013 жыл.
Солдан оңға қарай: Қамшыбек Ташиев, Садыр Жапаров және Талант Мамытов Бішкектегі сот отырысы кезінде. 2013 жыл.

ТАҒЫ ДА БІРГЕ

Талант Мамытов 2020 жылғы 4 қарашада парламент спикері болып тағайындалды. Ал 14 қарашада президент міндетін атқарушы атанды. Қазан айындағы толқудан кейін билікке келген Садыр Жапаров сайлауға түсетінін айтып, президент міндетін атқарушы қызметін тоқтатқан.

2020 жылғы 4 қазанда өткен паламент сайлауындағы заң бұзушылықтардан соң, Мамытов, Жапаров, Ташиевтің тасы өрге домалады. 5 қазанда сайлаудың алдын-ала қорытындысына наразылар Бішкекте митинг жасап, билік орнынан кеткен еді.

ОСК сол сайлау кезінде де бос болмады.

2020 жылғы шілдеде Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясы екіге бөлінген соң, оның қай фракциясын тіркеу проблемаға айналды. Ақыр соңында Жоғарғы сот ОСК шешімінің күшін жойды.

Тамыздың соңында Қырғызстанда партия тіркеу проблемасы болды. ОСК сөзінше, партия тіркеу қағазын белгіленген уақыттан үш минут кешіктіріп тапсырған. Комиссия құжат тапсырған адамдар партияның уәкілетті өкілдері емес деп мәлімдеді.

"Бүтін Қырғызстан" партиясының кандидаты Тұрсынбай Бәкиұлы ОСК-ға шағымданды. Оның есімі партия жиынында бекітілген тізімде болған, ал ОСК көрсеткен тізімде жоқ болып шыққан.

ОСК екі түрлі тізім ұсынған деп "Бүтін Қырғызстан" партиясын сайлаудан шеттетті.

Бірақ сот ОСК шешімінің күшін жойды. Екі партия да сайлауға қатысып, парламенттен орын алуға жеткілікті дауыс жинады. Егер билік құламағанда, парламенттен орын тиер еді. Бірақ 6 қазанда ОСК сайлау нәтижесін жойды.

Сол кезде Жапаров үкіметі ОСК-нің парамент сайлауын шегеру жайлы бірнеше әрекетінің жолын кесті.

ПРОБЛЕМАЛАР БАРОМЕТРІ

Қырғызстан ОСК әрекеттері оны елдегі сайлау процесінің қызық қыры етіп отыр. Өңірдегі басқа ОСК-ларға қарағанда, ол өз қызметіне сай әрекет етіп жатқандай көрінеді.

Қырғызстан тәуелсіздік алған 30 жылда ОСК құрамы мен іріктеу процесі өзгерді. Бірақ бұл орган заңбұзушылықтарды жиі анықтайды. Оның ішінде үкіметті қапы қалдыратындары да бар.

Сайлау мен референдум өткізу комиссиясы туралы заңның 11 бөлім 19 бабында сот процесі арқылы ОСК шешімінің күшін жоюға болатыны айтылған. Біршама жыл бұрын болған даулы істерде сот ОСК шешімдерінің көбінің күшін жойған.

1991 жылы Қырғызстан тәуелсіздік алғалы елдегі сот жүйесінің тәуелсіздігі мен әділдігі әлденеше рет күмән туғызды.

Бірақ ОСК шешімдері сайлаушылардың сайлау жайлы пікірін қалыптастырды. Бұл Мамытов кандидатурасындағы дауда да байқалды.

Саяси сарапшы, Бішкекте орналасқан Орталық Азиядағы Америка университетінің профессоры Эмиль Жораев Азаттықтың Қырғыз қызметіне [Мамытовқа қатысты] жағдайда саяси астар барын айтады.

"ОСК [Мамытовты] тіркей салса, ешкім байқамас еді" дейді Жораев. "ОСК-нің билікке жақын әрі саяси салмағы бар адамды тіркемеуі сайлаудың әділ өтетініне үміт сыйлағандай болды. Бірақ ОСК шешімінің күші жойылған соң, сайлаушылар алданғандай көрінеді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG