Accessibility links

Қуғындағы Құрманбек Бакиев мемуарын шығарды


Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиев Минскіде баспасөз мәслихатында. 14 маусым 2010 жыл.
Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиев Минскіде баспасөз мәслихатында. 14 маусым 2010 жыл.

2010 жылғы сәуір төңкерісінен соң елден қашқан Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиев Минскіде «Менің Қырғызстаным: жан жарам, махаббатым әрі үмітім» («Боль, любовь и надежда: мой Кыргызстан») атты кітабын таныстырды.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің мәлімдеуінше, ол 2014 жылдың қарашасында жаза бастаған кітабын биыл жазда аяқтаған, бірақ туған елінде парламент сайлауына әзірлік жүріп жатқандықтан, баспадан шығаруды сәл кейінге қалдыра тұруды ұйғарған. Беларустің БЕЛТА агенттігі оның «Шаруаға араласып, жұртты дүрліктіріп жатыр деп айтпасын деп ойладым» деген сөздерін келтірген.

Құрманбек Бакиевтің мемуар кітабын парақтап шыққан беларустік «Спутник» сайты тілшісінің жазуынша, 200 беттік суретті кітап 19 тараудан тұрады. Олардың арасында «Бәрі қалай басталды», «Көрші – тәңір сыйы», «Наурыз төңкерісі жайлы», «Жаппай күйреу заманы», «Манастағы» АҚШ базасы туралы», «Бішкектегі 7 сәуір», «2010 жылдың маусымындағы қасіретті күндер», «Билік ету формалары және сайлау туралы» атты тараулар бар.

Орыс және қырғыз тілінде екі мың дана тиражбен шыққан кітаптың аннотациясында «Әр басшының өмірінде асқан жауапкершілікпен әрекет ететін, әр сөзіңді безбендеп сөйлейтін, әр қадамыңды аңдап басатын күндер болады. Бұл кітап – Құрманбек Салиевич Бакиевтің дәл осындай өмір кезеңі туралы естеліктері» деп жазылған.

Өрттен бүлінген үкімет үйі алдында тұрған адамдар. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.
Өрттен бүлінген үкімет үйі алдында тұрған адамдар. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

Бейбіт шерушілерге оқ атуға бұйрық бергені үшін елінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Құрманбек Бакиев 2010 жылдан бері Беларусь елінде тұрады. 2010 жылы сәуірде елде үкіметке қарсы наразылық басталғаннан кейін Қырғызстан президенті қызметінен қуылған. Бірнеше күнге созылған наразылық шерулері кезінде 80-нен аса адам қаза тапты. Сәуірдің 15-інде қазақстандық әскери ұшақ оны отбасымен бірге Қазақстанның оңтүстігіндегі Тараз қаласына әкелген. Сәуірдің 20-сы күні Беларусь президенті Александр Лукашенко Бакиев отбасымен Минскіде екенін мәлімдеген.

Азаттықтың Беларус қызметінің хабарлауынша, қазір Құрманбек Бакиев Минскінің «президенттік» деп аталатын Веснина ауданында тұрып жатыр. Мемлекеттің жоғары басшылығындағы шенеуніктердің бәрі дерлік осы ауданда қоныстанған. Бакиев жұрт алдына мүлде шықпайды. Елінде болып жатқан оқиғалар мен өзі жайлы қауесеттерге қатысты ғана ара-тұра комментарий береді. Мысалы, 2011 жылы ол «Қырғызстанның бұрынғы президенті Беларус әскери зауытының директоры болып тағайындалды» деген ақпаратты жоққа шығарған.

Минск түбіндегі Раубичи деревнясындағы Марат Бакиев тұрады деп айтылатын үй.
Минск түбіндегі Раубичи деревнясындағы Марат Бакиев тұрады деп айтылатын үй.

Ол Беларус елінде азаматтық некедегі әйелі және екі баласымен бірге тұрады деп хабарланған. 2011 жылы Назгүл Толомушева Қырғызстанның «Аят-пресс» газетіне Құрманбек Бакиевпен 1995 жылдан – 16 жасынан бері тұратынын мойындаған. Интернетте Бакиевтің жас келіншегі екеуінің кішкентай қызы және ұлымен түскен фотосуреттері жарияланған.

Құрманбек Бакиевке, оның Татяна Бакиевамен некесінен туған үлкен ұлдары Марат пен Максимге және інісі Жанышқа ТМД елдері территориясында мемлекетаралық іздеу және Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеу жарияланған. Минск Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның отбасы мүшелерін Бішкекке беруден бас тарқан соң 2012 жылдың тамызында Беларустегі қырғыз елшісі кері шақыртылып алынған. Үш жылдан кейін Беларустегі Қырғызстан елшілігі жұмысын қайта бастады. Ол кезде Қырғызстан сыртқы істер министрлігі өкілі Нұрлан Суеркулов «Құрманбек Бакиевті экстрадициялау шараларын іске асыру үшін елшілік жұмысын қайта бастады» деп мәлімдеген.

2013 жылы Құрманбек Бакиев «Беларус билігін мені экстрадициялауға көндіруге тырысу әрекеттерін бекершілік деп санаймын» деп мәлімдеген. Бакиевтің айтуынша, ол 2010 жылы Беларус азаматтығын алғандықтан, заңға сәйкес экстрадициялауға жатпайды.

XS
SM
MD
LG