Accessibility links

Сот Асқаровты өмір бойына түрмеде қалдырды


Азимжан Аскаров, қырғызстанды құқық қорғаушы
Азимжан Аскаров, қырғызстанды құқық қорғаушы

Қырғызстанның Шу облыстық соты 2010 жылғы Ош қақтығысы кезінде қылмыс жасады деп айыпталған құқық қорғаушы Азимжан Асқаровты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы Базар-Коргон аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Шу облыстық соты 65 жастағы Азимжан Асқаровқа тағылған «2010 жылы Базар-Коргон ауданында этникалық қырғыздар мен өзбектер арасында болған қақтығыстарға қатысты», «жанжалды тоқтатуға келген полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті» деген айыптарды негізді деп таныған. Асқаров қақтығыс кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Мықтыбек Сулаймановтың өліміне себепкер деп танылған.

Асқаров өзін кінәсізбін деп біледі, тағылған айыптармен келіспейді. Қамаудағы адам құқығын қорғаушымен сөйлескен сот-сараптама ісінің үш психиатры айыпталушы «өз құқығы бұзылып жатқаны туралы» жалған мәлімет беріп, халықаралық қауымдастықты адастырып отыр деп болжады.

Сейсенбі күнгі сот отырысы екі сағатқа созылды. Үкімді сот коллегиясының төрағасы Қыдық Жунышбаев оқып бастап, қалғанын судья Нурбек Исаев тәмамдап, Базар-Коргон аудандық сотының Асқаровтың үй-мүлкін тәркілеп, өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Азимжан Асқаровтың соты. Бішкек, 24 қаңтар 2017 жыл.
Азимжан Асқаровтың соты. Бішкек, 24 қаңтар 2017 жыл.

- «Асқаровты заңсыз қамауға алып, азаптаған» деген болжамдар расталмаған. Сот коллегиясы адам құқықтары жөніндегі комитеттің бұл сөздерін растайтын дәлелдер тапқан жоқ. Өмір бойы бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді. Үкім жарияланған күннен бастап күшіне енді. Асқаровтың жоғарғы сотқа шағымдануға мүмкіндігі бар, - деді судья.

Сот үкімінен кейін Асқаров журналистерге аштық жариялайтынын айтты. Ол сот үкімімен келіспей, заңгерлерге оны ақтап шығуын сұрап, өзінің кінәсін мойындамады. Тергеу кезінде азапталғанын айтып, түрмеден босатуын талап етті.

Судьялар Асқаровтың бұл іске қатысы ақталатын дәлелдері жоқ екенін айтты. Құқық қорғаушылар тағылған айыппен келіспейді. Қорғаушы Төлекан Исмаилова тергеу кезінде Асқаровқа қысым жасалғандығын және соттың әділ шешім қабылдамай отырғанын айтты.

- Шу облыстық соты пара алып отыр. Қырғызстанда тәуелсіз, пара алмайтын сот жоқ. Сотты белгісіз бір себептермен кейінге шегеріп отырғаны да сондықтан. Өте өкінішті. Қырғызстанда 80-нен астам ұл өкілдері тұрады. Бірақ үкімет арқасында ашық дискриминация көрсетіліп отыр. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарына шағымданамыз. Үкімді қайта қарастыруды сұраймыз, апелляцияға береміз, - деді Исмаилова.

«Демократия және азаматтық қоғам» бірлестігінің өкілі Динара Ошурахонова сот үкімін «саяси шоу» деп сипаттады.

- Негізі Асқаровтың тағдыры саяси тағдыр болып қалды. Соттың осыншама уақытқа созылғаны да «шоу». Әлі де үміттен күдер үзбейік. Өйткені жаңа фактілер шығып жатыр, - деді Ошурахонова.

Ош қақтығысынан кейінгі қала тұрғындары. 12 шілде 2010 жыл
Ош қақтығысынан кейінгі қала тұрғындары. 12 шілде 2010 жыл

Қаңтардың басында, үкім алдындағы соңғы сот жауаптауы кезінде айыпталушы Асқаров полиция қызметкерлерінен жәбір көргенін және шенеуніктер оны бостандыққа шығаруға уәде бергенін айтқан. Аталған жоғары шенді мемлекет қызметкерлері Асқаровтың мәлімдемесін жоққа шығарды.

Құқық қорғаушы Асқаровқа полицей қызметкері Мықтыбек Сулаймановты өлтірді деген айып тағылған. Асқаров өзінің қылмысқа қатысы жоқ екенін және полицейлер кінәні мойындауға мәжбүрлегенін айтқан.

- Қамауға алғаннан кейін алғашқы күндері мені біраз қорлады. Мылтықтың дүмімен ұра бастаған кезде барлық сұрақтарға: «Иә, иә, иә» деп жауап беруден басқа амалым қалмады. Басым қан-қан болды. Сол қолыммен басымды ұстап, оң қолыммен түсініктеме жаздым. Бірнеше күн өткеннен кейін әуелгі қанға боялған хатты [қайта таза қағазға көшіртіп] жаздырды, - деді ол.

Азимжан Асқаров өзін полиция қызметкерлері кек алу мақсатында азаптады деп ойлайды. Ол бұрынырақта полицейлердің заңсыз істеріне тексеру жүргізгенін еске алады.

Қырғызстанның «Азаптауға қарсы» коалициясы ҮЕҰ-ның жетекшісі Сардар Багышбеков «Асқаровты азаптамаған» деген соттың шешімімен келіспейді. Ол экспертиза жүргізілген сәттегі фактілердің жойылғанын, сот отырысында қаралмағанын айтады.

- Сот керісінше шешім қабылдайды деп күткенбіз. Аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстары жүргізілу керек еді. Куәгерлердің айтқан дәлелдері түгел қарастырылмады. Бұл сот та шешімді ойланбастан тез арада қабылдап жіберді. Дәлелдер келтірілген жоқ. Асқаровтың азапқа ұшырағанын тек сөздері айғақтамайды, медициналық-сараптамалық дәлелдер де болған еді, - дейді Багышбеков.

Сот үкімімен келіскендердің ішінде қаза болған Мыктыбек Сулаймановтың туған әпкесі Гүлнара Азаттыққа сот үкімімен келісетінін айтты.

- Құдай бар екен. Қаншама адамдар туғандарынан айырылып, жылап жүр. Олардың ішінде менің інім Мыктыбек те бар. Ол нағыз батыр секілді қақтығыстарға қарсы болып, қаза тапты, - деді Гүлнара.

Қаңтардың 24-інде сот шешімімен өмір бойы бас бостандығынан айырылған Азимжан Асқаровтың ісін 2016 жылдың сәуір айында БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті Қырғызстан үкіметінен қайта қарауды сұраған. Бішкек Азимжан Асқаровты Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы қырғыздар мен этникалық өзбектер арасында болған қақтығыстарды ұйымдастырушылардың бірі деп таниды. «Ош оқиғалары» ретінде танылған қақтығыс кезінде 500-ге тарта адам өліп, мыңнан астамы жараланған.

XS
SM
MD
LG