Accessibility links

Батыс Украинадағы отансүйгіштік өлшемі


Шығыс Украинадағы майданға аттанғалы тұрған 51 жастағы Игорь балалары – екі жасар Боженко және 14 жасар Назармен. Львов, 10 ақпан 2015 жыл.
Шығыс Украинадағы майданға аттанғалы тұрған 51 жастағы Игорь балалары – екі жасар Боженко және 14 жасар Назармен. Львов, 10 ақпан 2015 жыл.

Былтыр Майдандағы негізгі күшті Украинаның батыс аймағы құраған еді. Бірақ соғыс басталғаннан бері бұл өңірде тұратын ер-азаматтар «соғысқа барғысы келмейді» деген сынға қалды. Соғысатын жастағы ер адамдардың көбі «елге адал болу – билікке адал болу деген мағына бермейді» дейді.

Батыс Украинадағы Малехов сынды шағын елді мекенде Владимир Сеинковский сияқты жергілікті шенеуніктер қағазына қарамай-ақ қанша адамның соғысып жатқанын, қаншасының жарақат алғанын және қаншасы опат болғанын мүдірмей айтып береді.

«НЕ ҮШІН СОҒЫСАМЫЗ?»

Донбастағы жарияланбаған соғыста алты мыңға жуық солдат пен бейбіт тұрғын мерт болды. Онымен салыстырғанда Львовтың солтүстік шетіндегі шағын ауылдың жағдайы жақсы. 2400 тұрғыны бар елді мекеннің 19 азаматы соғыста жүр, төртеуі жарақат алып, емделіп жатыр, өткен айда бір адам дүние салды.

Тарас Дорош есімді 27 жастағы жігіт қаңтардың 14-і күні Луганск облысының шығысындағы Станица Луганская елдімекенінде ресейшіл күштермен соғысып, мергеннің оғынан қаза тапты. Малехов тұрғындары оған арнап 75 еуроға сатып әперген, Польшада жасалған арнайы қалқан-көкірекше де ажалдан қорғаныш бола алмады.

Биыл қаңтардың 14-і күні Луганск аймағында қаза тапқан 27 жастағы Тарас Дороштың зираты. Малехов елді мекені, Львов облысы, 12 ақпан 2015 жыл.
Биыл қаңтардың 14-і күні Луганск аймағында қаза тапқан 27 жастағы Тарас Дороштың зираты. Малехов елді мекені, Львов облысы, 12 ақпан 2015 жыл.

«Өте жақсы жігіт еді, - дейді Сеинковский Дороштың бейітіне гүл шоғын қойып, шоқынып тұрып. - Басқаларды да соғысқа баруға үгіттеген еді». Сеинковский соңғы үш апта бойы Малехов тұрғындарының есігін қағып, шайқасқа баруға жарамды саналатын, жасы 25-тен асқан 78 ер адамға шақыру қағаз таратты.

Бірақ жұрттың көбі соғысқа баруға құлықсыз: шақырту алған әрбір он адамның ішінен екі-үшеуі ғана майданға баруға келіседі. «Біздің қолымыздан осы ғана келеді» дейді Сеинковский.

Қаңтардың 20-сы күні үкімет мобилизацияның төртінші толқынын бастап, 100 мыңға жуық адамды ұрысқа шақырды, солардың тым құрығанда жартысы қатысса дейді. Демек, Львов облысы үш мың адам шығаруға тиіс.

МОБИЛИЗАЦИЯҒА КӨҢІЛІ ТОЛМАЙТЫНДАР

Шығыстағы оқиғаға атсалысу қажеттігін ешкім жоққа шығармайды, бірақ үкіметтің жаттығу жұмыстарын дұрыс жүргізбегенін, қару-жарақпен қамту, өтемақы мәселесін желеу етіп көбінің барғысы жоқ.

«Мобилизация жүріп жатыр, жаттығудан өткен адамдар баруға тиіс, бірақ мұнда атып-жаттығатын қарудан дым жоқ» дейді әскерге шақырту қағазын алған Малехов тұрғыны 30 жастағы Михайло. «Ол үшін бюджеттен қаржы бөлінді ғой? Ол ақша қайда кетті? Әркім өз міндетін білуге тиіс десек, армия адамдарға жағдай жасауы керек».

Малехов ауылының тұрғындары 29 жастағы Юрий (сол жақта) және 30 жастағы Михайло. Львов облысы, 12 ақпан 2015 жыл.
Малехов ауылының тұрғындары 29 жастағы Юрий (сол жақта) және 30 жастағы Михайло. Львов облысы, 12 ақпан 2015 жыл.

Ауылдасының сөзін 29 жастағы Юрий де құптайды. «Киев мобилизация үшін жағдай жасамады. Алғы шепте көптеген адамдар опат болып жатыр, басқалары баруға қорқады. Билік соғыстан оралғандарға әлеуметтік жеңілдік берсін, сонда адамдар бекер соғыспағанын түсінеді».

Өздерін шектен тыс отансүйгіш санайтын, бірақ географиялық тұрғыда соғыстан қашық жатқан батыс тұрғындары ұлттық дағдарыс кезінде жауапкершіліктен тайқыды деген айыпқа бұлқан-талқан ашуланады.

«Біз бәрін істеп жатырмыз» дейді алдыңғы шептегі жағдайды бүге-шігесіне дейін қалдырмай оқитын Львовтың бір тұрғыны. «Біз солдаттарды тамақтандырып, киіндіріп отырмыз. Олардың отбасына қамқорлық жасаймыз. Әркім шамасы келгенше қолда барын беріп жатыр. Бізге ешкім көмектеспейді – Киевтен еш пайда жоқ».

«ҚОРҚАҚ БАЙҒҰСТАР»

Бір жыл бұрын Виктор Януковичті биліктен тайдырар кезде Львов пен көршілес Тернополь және Ивано-Франковск қалалары Майданның жүрегі саналған еді. Бірақ содан бері үкімет батыс аймақты мобилизацияға жиі шақырады, ал соғысқа баруға ынталылар аз.

Украина президенті Петр Порошенконың әскери кеңесшісі Юрий Бирюков.
Украина президенті Петр Порошенконың әскери кеңесшісі Юрий Бирюков.

«Ол «Украина жасасын!» деп тамағы қарлыққанша айғайлайды, өзін нағыз патриотпын дейді» деп жазды президент Петр Порошенконың әскери кеңесшісі Юрий Бирюков жақында Facebook парақшасына батыс украиналықтар туралы.

«Киев билігінің әлсіздігіне ызаланады... орыс тілінде сөйлеу мәскеуліктердің әрекеті екенін аузы көпіріп дәлелдейді. Бірақ қорқақ байғұс комиссардан тығылып, қашып жүр».

Әскери прокурорлар шақырту алса да ұрысқа барудан қашып жүргендердің үстінен 1300 жуық іс қозғады. Әсіресе, Ивано-Франковскіде журналист Руслан Коцаба мобилизацияға қарсы видео жариялағаны үшін тұтқындалған соң бұл іс асқынды.

Өткен аптада Львовта әскери билік қала маңындағы жол қозғалысын тоқтатып, соғыстан қашып жүргендерді ұстау шарасын жасады. Екі күнге жетпей жатып бұл әдістен бас тартты. Бірақ Львов облысының әскери командирі Александр Тищенко ондаған тәртіп бұзушыға шақырту қағаз берілгенін айтады.

«Мобилизациядан қашқысы келетіндер өте көп» дейді ол. «Шетелге немесе іссапарға кетті, бұл мекенжайда тұрмайды деген хабарлама көп келеді. Бірақ артынан Львовта емін-еркін жүргендері анықталады». Тищенконың айтуынша, шақырту алған екі мыңнан аса адам тіркелуге келмеген. «Бізде ғана емес, Ивано-Франковск пен Харьков облыстарында да осындай сорақы жағдай орнады» дейді ол.

Львовтағы еріктілер орталығындағы адамдар. 10 ақпан 2015 жыл.
Львовтағы еріктілер орталығындағы адамдар. 10 ақпан 2015 жыл.

Кейбіреулер Ресей осы жағдайды пайдаланып, Януковичтен кейінгі билік пен Львов сияқты аймақтардың арасына от жаққысы келеді дейді. Украинадағы Choice азаматтық қозғалысының жетекшісі және Ресей президенті Владимир Путиннің жақын одақтасы Виктор Медведчук батыстағы мобилизацияға қарсы кампанияның қозғаушы күші саналады.

Ал Львов мэрі Андрей Садовый өзі басқарған қаланың абыройын төккісі келмей, бәрі жақсы екеніне сендіруге тырысады. Оның айтуынша, шақырту алған 547 адамның 472-сі тіркеуден өткен. «Львовтіктерді сынаушылар осы цифрді есепке алсын» дейді ол.

САРБАЗДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ

Әскерге адам алуды жақтаушылар үкімет жедел әскерге алынған солдаттар үшін жағдай жасап жатыр – айына 10 мың гривен (383 доллар) жалақы төлейді дейді. Львовтағы орташа жалақы деңгейі 3300 гривен екенін ескерсек, бұл едәуір ақша.

Бұл солдаттар өздеріне әлдене болған жағдайда отбасының көшеде қалмауына көздері жетіп кетуге тиіс

Өкімет денсаулығы нашар, жас баласы немесе қарауында мүгедек жандар бар адамдарды әскерге бару міндетінен босатты. Өз еркімен ұрысқа аттанғандар тегін медициналық қызмет алуға және басқа жеңілдіктерге мүмкіндік беретін ресми құжаттамаға қол жеткізе алмай жүр, билік оны да шешеміз деп уәде берген.

Бірақ Сеинковский сияқты жергілікті шенеуніктер соғысқа аттанған адамдардың көбі отбасының жағдайына алаңдайды дейді.

«Малеховта біз жараланған солдаттарға жер телімін береміз. Бірақ басынан жарақат алып келген немесе басқадай жарақаты бар адам қалай үй салады? Сала алмайды. Ол жерді сатып, ақшасын құртады да, көшеде қайыр тілеуге көшеді» дейді ол. «Бұл солдаттар өздеріне әлдене болған жағдайда отбасының көшеде қалмауына көздері жетіп кетуге тиіс».

«ЖЕРДІ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Ақпанның 15-інен бастап соғыс аяқталады деген келіссөздің нәтижесі күмәнді болғандықтан, кейбір батыс тұрғындары құны қымбатқа түскен соғысты жалғастыра бергенше, шығыс аумақты Ресейге бере салған артық шығар деген пікір білдіреді. Жергілікті еріктілер ұйымының жетекшісі Иван Спринский оған келіспейді.

Львовтағы еріктілер ұйымының жетекшісі Иван Спринский. 12 ақпан 2015 жыл.
Львовтағы еріктілер ұйымының жетекшісі Иван Спринский. 12 ақпан 2015 жыл.

«Біреу осындай пікір айтса мен оған: «Донбасс тұрғыны емес, сен Ресейге кетуге тиіссің» деймін» дейді ұрыс алаңына үнемі азық-түлік, киім-кешек таситын 29 жастағы Спринский. «Ғасырлар бойы... қан төгіп қорғаған жерімізді бере салуға болмайды. Оны бере салайық деу әлсіздік, тіпті оңбағандық» дейді ол.

Львовтың орталығындағы әскери қызметке алу орнында жолыққан 51 жастағы Игорь оған келіседі. «Балаларым тым жас болғандықтан Майданға бармадым» дейді екі жасар Боженко есімді қызы мен 14 жасар Назар есімді ұлы бар Иван. «Сол үшін ар-ұжданым мені қинады. Соғыс басталғанда «мен барамын, тізімге алыңдар» дедім. Олар келісті, енді ұрыс алаңына кетемін».

Игорь қызғылт пальтосын киіп, былдырлап жүрген Боженконы көтеріп, әйеліне елжірей қарайды. Күйеуінің сөмкесін әзірлеп жүрген Виктория көз жасын тия алар емес. Оның ері шығыстағы адамдардың қиналысын көргеннен шаршағанын айтады.

«Мен ол жаққа біреуді өлтіру үшін бармаймын. Адам жанын құтқаруға барамын. Мен діндар адаммын. Саясаткерлердің бірі сендерге Еуропа да, Америка да көмектеспейді деген еді. Тек Құдай ғана көмектеседі» деген Игорь сәл үнсіздіктен соң: «Бостандық қантөгіссіз келмейді» дейді.

Дейзи Синделар мен Галина Терещуктің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG