Accessibility links

Ресейде жүрген тәжік белсенділері із-түзсіз жоғалып жатыр


2019 жылы "Группа 24" қозғалысының Нидерландыдан Мәскеуге келген белсендісі Шарофиддин Гадоев жоқ болып кетіп, Тәжікстаннан табылған.
2019 жылы "Группа 24" қозғалысының Нидерландыдан Мәскеуге келген белсендісі Шарофиддин Гадоев жоқ болып кетіп, Тәжікстаннан табылған.

Кейінгі жылдары Ресейде кемі 15 тәжік белсендісі жоғалып кеткен. Олардың кейбірі Тәжікстан түрмесінен табылып жатыр. Қалғандарының қайда екені белгісіз.

Тәжік блогері Эхсон Одинаев 2015 жылы мамырда Санкт-Петербургтегі пәтерінен дәрі алу үшін шығып кетіп, оралмаған. Туыстары сол уақыттан бері одан хабар алмаған.

Жақындары бұл істің артында билікті сынаушыларды ел ішінде де, сыртында да қудалайтын Тәжік үкіметі тұр деп күдіктенеді. Олардың сөзінше, Ресей полициясы Душанбенің өтініші бойынша Одинаевты ұстап әкетіп, соңынан Тәжікстанға депортациялаған болуы мүмкін.

Эхсон Одинаев.
Эхсон Одинаев.

Одинаев "Группа 24" дейтін қозғалыстың белсенді мүшесі болған. 2014 жылы тәжік билігі бұл оппозициялық қозғалысты заңсыз деп жариялап, содан бері оның мүшелерін қудалай бастаған.

Хабарсыз кеткен жылы 24 жаста болған блогер Тәжік билігін сынаушылардың бірі болған.

Одинаев Ресейде 2007 жылдан бері тұрған. Бірақ бұл ел тәжік белсенділері мен оппозиция жетекшілері үшін қауіпсіз мекен бола алмай отыр. Оларға Ресей азаматтығы мен ықтияр хаты да қорған емес.

2015 жылдан бері Ресейде кемі 15 тәжік белсендісі жоғалып кеткен дейді құқық қорғаушылар. Кейбірі Тәжікстаннан бір-ақ шығып, негізінен түрмеге қамалған. Оларға алаяқтықтан бастап экстремизмге дейін нешетүрлі күдікті айыптар тағылған. Қалғандарының тағдыры белгісіз. Олардың арасында Одинаев та бар.

МӘСКЕУДЕН ДУШАНБЕГЕ

2019 жылы "Группа 24" қозғалысының Нидерландыдан Мәскеуге келген белсендісі Шарофиддин Гадоев жоқ болып кетіп, Тәжікстаннан табылған. Онда оған саяси астары бар қылмыстық айып тағылған. Бірақ халықаралық беделді құқық қорғау ұйымдары жағдайға араласып, Гадоевты босатты, Нидерландыға оралуға жол берді.

Ресей тәжік мигрант топтарының лидерлері Каромат Шарифов пен Иззат Амонды да депортациялаған. Бірін 2017 жылы, екіншісін 2021 жылы. Бұл екеуі оған дейін Ресей азаматтығын алып та үлгерген. Бірақ Ресей оларды елдің иммиграция заңын бұзды деген күмәнді айыппен азаматтығынан айырған.

Мұның бәрі – баспасөз құралдары кеңінен қамтыған даулы оқиғалар. Бұдан бөлек ел назарына түсе қоймаған жағдайлар да болды.

Сонымен қатар, Ресейдегі тәжік белсенділері Тәжікстанда туыстары билік тарапынан қысым көріп жатқанын айтады. Үкімет бұл қысымды белсенділік жолына түскен азаматтардың аузын жабу үшін көрсетіп отыр дейді олар.

"Группа 24" қозғалысының Мәскеуде тұратын мүшесі Рахматджон Мухаммаджон 18 мамыр күні белгісіз жағдайда хабар-ошарсыз кеткен. Оппозициялық топ Азаттықтың Тәжік қызметіне Мухаммаджонның Ресей азаматтығын 2018 жылы алғанын айтты.

Қозғалыстың тағы бір мүшесі Шобудин Бадаловты былтыр тамызда Нижний Новгород қаласында жүрген жерінен белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, Душанбеге беріп жіберген.

Ресей полициясы бұл іске қатысы барын жоққа шығарды. Ал Тәжік билігі Бадалов елге өз еркімен оралды деді.

Мухаммаджонның да, Бадаловтың да тағдыры белгісіз.

Ресейде 23 жыл тұрған тәжік имамы Саиднуриддин Розиқов 24 мамыр күні Реж қаласында белгісіз біреулер өзін ұстап әкеткенін айтады.

"Олар тіпті ешқандай құжат та көрсетпеді" дейді Розиқов. "Келесі күні, 25 наурызда олар мені Душанбеге баратын ұшаққа отырғызды".

Душанбеге келген бойда 60 жастағы имамға заңмен тыйым салынған Сәләфия қозғалысына қатысы бар деген айып тағылған дейді туыстары.

3 сәуірде Розиқов видеодан көрініп, ол жерде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тағылған айыпты тергегенін, оның кінәсіз екенін растағанын айтты.

Розиқовтың сақалы осыған дейін қалың әрі ұзын болған. Тәжікстанда 40 жасқа жетпегендерге ұзын сақал өсіруге бейресми тыйым бар. Елде бұл діни экстремизм белгісі саналады. Бірақ видеода Розиқов сақалының қырқылғаны байқалады.

Ресейдегі Свердлов облысының соты мамыр айында Розиқовты азаматтығынан айырған 2018 жылғы шешімнің күшін жойды деген ақпар тарады. Payom дейтін оппозициялық басылым Розиқовтың Свердлов облысына оралып, отбасына жетуді ойлап отырғанын хабарлады.

Өзгелерінің тағдыры басқаша шешіліп жатыр.

Максуд Иброхимов.
Максуд Иброхимов.

Тәжікстанның да, Ресейдің де азаматы 44 жастағы Максуд Иброхимов 2015 жылы Мәскеуде жүрген жерінен жоғалып кеткен. Бірнеше аптадан соң туыстары оны Душанбедегі түрмеден тапқан. Оған мемлекеттік төңкерісті ойластырды деген айып тағылған.

Жоғаларының алдында Иброхимов "Жастар Тәжікстанның өрлеуін қолдайды" деген саяси топ құрып, ол топ президент Эмомали Рахмонның отставкаға кетуін талап ететін наразылыққа шақырған.

Содан кейін Иброхимов 17 жылға сотталған.

ҚЫСЫМ КӨРГЕН ТУЫСТАРЫ

Мәскеудегі тәжіктер орталығының басшысы Иззат Амон наурызда Душанбеге күшпен жеткізілген соң, оған алаяқтық айыбы тағылған. Кінәлі деп табылса, 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары бар дейді.

Амонның Мәскеудегі үкіметтік емес ұйымы тәжік мигранттарына жұмыс табуға, ықтияр хат пен өзге де құжаттар алуға көмектесіп, құқықтық кеңес берген.

Амонның Мәскеудегі бірқатар әріптесі Тәжікстандағы туыстарының Амон депортацияланғалы үкіметтен қысым көріп отырғанын айтады.

Олардың сөзінше, Тәжік билігі туыстарына қысым көрсету арқылы Амонның әріптестерін саяси белсенділікті тоқтатуға мәжбүрлеп жатыр.

Мәскеуде тұратын тәжік заңгері Бахтовар Жумаев әкесі мен әйелінің Тәжікстан ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыс департаментіне шақыртылғанын айтты.

Жумаевтың айтуынша, шенеуніктер оларға туысынан Тәжікстанға оралуды талап етуді бұйырған.

Осыдан кейін Жумаев Ресейден кетіп, үшінші елге барған. Мұның алдында ол билік өкілдерінің оны ұстап, 1 мамырға дейін Тәжікстанға депортациялауды жоспарлап отырғанын естіген.

Мәскеуде тұратын тәжік студенті Сухроб Жахон Тәжікстан билігінің туыстарын шақыртып алып, өзінің Ресейдегі ісі туралы сұрағанын айтады.

Жахонның айтуынша, Тәжік билігі туыстары арқылы одан әлеуметтік желідегі бірқатар суретті өшіруді талап еткен. Билік көзіне әсіресе Жахонның Амонмен және тәжікстандық "Ислам қайта өрлеу партиясы" дейтін тыйым салынған партияның бұрынғы мүшелерімен түскен суреттері түскен.

Тәжікстан ішкі істер министрлігінде жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі белсенділер туыстарының әңгімелесу үшін шақыртылып жатқанын растады, бірақ бұл кездесулердің Амонға қатысы жоқ деді.

Шенеунік Тәжікстан үкіметі азаматтарының Ресейде саяси белсенділікпен айналысқанын қаламайды деп қысқа қайырды. Содан кейін Ресейде жүрген тәжіктер "әлеуметтік желіде түрлі мәлімдемелерді бөліспей, жұмысына не оқуына ден қоюы керек" деді.

Ресейде жүздеген мың тәжік мигранты жұмыс істейді. Одан бөлек мыңдаған тәжік студенті бар. Халқының саны 9,5 миллион адам Тәжікстан мигрант жұмысшылары жіберетін ақшаға қатты тәуелді.

"Ислам қайта өрлеу партиясы" мен "Группа 24" қозғалысы сияқты оппозициялық топтар Ресейде жүріп, интернет пен әлеуметтік желіні кеңінен қолданатын еңбек мигранттарының қолдауына ие саналады. Олардың сөзінше, Душанбе саяси қарсыластарының Ресейде жүрген тәжік азаматтарына ықпалына алаңдап отыр.

Фарход Одинаев.
Фарход Одинаев.

Еуропада тұратын тәжік оппозиционері Фарход Одинаев Ресейде жүрген тәжік белсенділерінің жоғалып кетуі Душанбенің ісі дейді.

"Тәжікстан Максуд Иброхимов секілді адамдардың үкіметке қарсы наразылыққа шақырғанын қаламайды" дейді Одинаев. "Үкімет Ресей мен өзге елдерде жүрген сыншыларының үнін өшіргісі келеді. Мұны заңды жолмен істеу мүмкін болмаған соң, билік адам ұрлау сияқты қылмыстық әдіске бет бұрып отыр".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG