1967 жылы Парижде советолог Энри Шамбренің "Советтер одағының экономикалық өркендеуі" деп аталатын 430 беттік кітабы жарық көрген. Париж католик институты және әлеуметтік зерттеулер институтының профессоры Энри Шамбре (1908 – 1994) ірі советологтардың бірі болған. Ол 1946 жылдан бастап марксизмді, ленинизмді және Совет одағын зерттеген.
"ШАЛҚЫҒАН САНСЫЗ БАЙЛЫҚТЫҢ ЕЛІ". ПАРИЖДЕН КӨЗҚАРАС
Азаттық радиосы 1968 жылы "Советтер одағының экономикалық өркендеуі" кітабына шолу жасаған. Сол шолудың жазбаша нұсқасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр. 1968 жылғы 2 сәуірде Энри Шамбре еңбегіне арналған Азаттық шолуын әзірлеп, оқыған – Хасен Оралтай. Латын жазуымен таңбаланған шолудың емлесін сақтай отырып ұсынамыз.
"Ұлан байтақ Қазақелінің әдеби тарихы мен шалқыған байлығы бүкіл әлемге айқын. Әйгілі отанымыздың жеке табиғи байлығының өзі-ақ халқымыздың жалпы шаруашылық жағдайын қамтамасыз етіп те артатындығы халқымызға, сондай-ақ бүкіл дүниежүзілік әлеуметшілікке белгілі шындық. Алайда, Мәскеулік отаршылар түбегейлі негізсіз пропагандалық әрекеттерімен, жалпы Түркістан республикаларының, сондай-ақ Қазақстанның бейне бір қамқоршысы кейпінде көрінуге тырысады.
Мәскеулік отаршылар мемлекетімізде шығушы қазыналық баспасөз беттерінде "Қазақстанның дамуы орыс халқының қалтқысыз көмегінің арқасында ғана пеодалдық тұрмыстан бірден бақыт жолына түсті" деп өзеленеді. Ал бұлжымас фактілер мен дәлелденген шындық болса, Мәскеулік отаршылардың орынсыз өзеленгеніндей емес.
Советтік Ресейдің ешқандай көмегіне ұлан байтақ Қазақелінің мұқтаж емес екендігінің дәлелінің өзі, Қазақстанда шығушы қазыналы баспасөз беттерінде де анық көрініп тұр.
Мәселен, "Қазақстан коммунисі" журналының өткен 1967-ші жылдың, қараша айында шыққан санындағы "...Дүниежүзілік екінші соғыста жауға атылған әр он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілгенін..." атап көрсетуі мен "...1966-ші жылы Қазақстанда өндірілген темір рудасының Испания, Италия, Түркия және Батыс Германия елдерінің бәрінің 1965-ші жылы өндіргенінен асып түскенін.." жариялауы Қазақстанның экономикалық жағдайда да Мәскеулік отаршыларға мұқтаж емес екендігіне кепілдік етеді.
Қазірдегі Қазақстандағы өндіріс орындарының Мәскеулік өктемдіктің қамқорлығымен ғана жүзеге асырылып отырғандығын жариялау белгілі Мәскеулік мойындаулар екенін біздің ел азаматтары, сондай-ақ жалпы дүниежүзілік әлеуметшілік толық біледі. Мәселен, 1967-ші жылы Парижде жарық көрген "Советтер одағының экономикалық өркендеуі" атты кітабында француздық жазушы Энри Шамбре былай деп жазады:
"...Шалқыған сансыз байлықтың елі Қазақстан бүкіл Советтер Одағы жерінің сегізден біріне, жалпы Францияның көлемінен 5 есе кең көлемге ие. Советтер Одағының экономикалық жағдайын зерттеу үшін алдымен Қазақстанның экономикалық жағдайын зерттеу керек. Қазақстанның кен байлығы жеке Советтер одағында ғана емес, бүкіл дүниежүзілік жағдайда белгілі орынға ие. Қазақстанның қымбат кендерін жеке өз пайдаларына қолданып отырған мәскеулік шонжарлар, кей керекті стратегиялық кендердің зауыттарын Қазақстанда емес, өз жеріне апарып құрып отыр..."
Өз пікірін ұластыра келе француздық автор "Қазақстан жалғыз кен байлығы болған бір ел емес. Өткен Дүниежүзілік екінші соғыста Алматы Мәскеуді тамақпен де баққан", – дейді.
"Қазірде, – дейді француздық автор Энри Шамбре. – Қазақстан – кен өндірімінде Советтер одағының негізгі қоры. Бұл қор қазақтардың ізгілігі мен игілігіне емес, Мәскеулік отаршылардың ізгілігіне жұмсалуда. Заманында осы мақсат үшін салынған темір жолдар Қазақстанның байлығын Мәскеуге тасуда. Бұл себептен де Қазақстанның тұрмыс жағдайы төмен. Халықтың отыратын үйі мен салынған мектептер назарға алынғанда Қазақстан – жалпы Советтер одағы бойынша ең төменгі орында... Қорыта келіп француздық автор өз пікірін былай аяқтайды:
"...1936-шы жылы қазақтардың мемлекеті "Қазақстан" деп аталынғанда қазақтар тұрғын халықтың басым көпшілігі еді. Ал қазірде жағдай мүлдем басқаша..."
Азаттық радиосы бұдан басқа да совет экономикасы мен шаруашылығы туралы оқтын-оқтын шолу беріп отырған. Сондай шолудың бірі 1967 жылғы 12 қарашада Октябрь революциясының 50 жылдығына орай эфирге әзірленген. Онда Азаттық Совет одағында экономиканың кемшіліктері айтылмайтынын сынаған.
"Ақырап төңкерісінің [Октябрь революциясы, немесе Қазан төңкерісі – Азаттық] елу жылдық мерекесіне тән ерекшеліктердің бірі – совет басшыларының жеңілмеген қиыншылықтар жайында еш үн шығармайтындықтары және "ұлы табыстар" делінетіндерді өсіре көрсеткендіктері болды. Ал қиыншылықтарды мойынға алып, талқыға салмастан оларды жеңудің мүмкін болмайтындығы жалпыға мәлім. Ақырап төңкерісінің елу жылдық мерекесін тойлауымен байланысты совет басшыларының совет халқына арналған үндеулері турасында советтің барлық газеттерінде бесінші қарашадан бастап басылып шыға бастады. Бұл үндеулерде Ақырап төңкерісінің нәтижесінде жер-су Совет одағының шаруа-диқандарына берілді, сонымен қатар, кішіғұрым шаруашылықтардың орнына техникалық аспаптармен мейлінше қамтамасыз етілген колхоз-совхоз өндірістері ұйымдастырылды делінген".
Азаттық "Дүние жүзіне белгілі ақиқат дәлелсіз оптимизмге қайшы келуде" дейді. Азаттықтың жазуы бойынша, Совет өкіметінің 50 жылдық дәуірінде ауыл шаруашылығының негізгі проблемалары, сонымен қатар, астық проблемасы шешілген жоқ.
1967 жылғы 12 қарашадағы Азаттықтың хабарына қарағанда, Ресей Ақырап төңкерісіне дейін шет елдерге астық сатып, Батыстың "сарқылмас астық бұлағы" болған. Сөйткен Ресейден құралған Совет одағы дүниежүзінің ауыл шаруашылығының көмегіне "тәуелді" болып отыр. Жердің құнарсыздығы да бұған себеп. Сондықтан Азаттық "жақын арада бұл мәселе шешіле қоймас" деген болжам айтқан.
"Бұдан бес жыл әуелде Хрущев елдің мұқтаждығына оннан он бір млрд пұтқа дейін астық керек екенін есептеп шыққан. Ал астықты жыл деп атағы шыққан 1966 жылы күміл Совет одағы бойынша он жарым млн тонна ғана астық жиналды. 1967 жылы, яғни Ақырап төңкерісінің елу жылдық мерекесі жылы жиналған астық та елді қанағаттандыратындай емес. Дегені ол өткен 1966 жылғы астық өнімінен төмен. Мәлім болғанындай, Совет одағы әзірінше 1967 жылы 57 млн тонна астық сатып алды. Ал 1966 жылы 75 млн тонна астық сатып алған. Міне, бұл турасында партия мен үкімет басшылары Ақырап төңкерісінің елу жылдық мерекесінде халыққа арнаған үндеулерінде ауылшаруашылық проблемінің шешілмегенін мойындауы керек. Бірақ КПСС пен совет үкіметінің басшылары кемшілік, жетіспеушіліктерді халық алдына айтудан қорқады" делінген Азаттық радиосының хабарында.
"МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ" КЕЗІНДЕГІ НАУҚАН
Энри Шамбренің еңбегіне шолу жасаған Азаттық хабарында айтылған жайларға орай экономист Сапарбай Жобай былай дейді:
– Біз елдің ішінде идеологияның себебінен бәріміз теңбіз деп жүргенде бұлар [шетелдік радиоларды айтады – Азаттық] өңірлердің, әсіресе, Түркістанның дамымағанын, халықтың Мәскеудегі орталыққа бағынатындығын айтып келген. Біз студент кезімізде, яғни жетпісінші жылдарда ВВС радиосынан, Азаттық радиосынан кеңестік дәуір жайында басқаша пікірді естіп өскенбіз. Алайда сонда айтылатын жайлардың барлығы дұрыс дей алмаймын.
Сапарбай Жобай Францияда "Советтер одағының экономикалық өркендеуі" кітабы шыққан тұста Қазақстанда экономика оңды дамыды дейді. Ол 1954-1965 жылдары одаққа қарасты Қазақстаннан басқа Еділбойы, Орал, Сібір, Қиыр Шығыс және Қырымда жүргізілген тың игеру науқанын атап өтеді. Экономист мұны одақтың сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы, қазірше – премьер-министр Алексей Косыгиннің 1965-1970 жылдарғы реформасымен байланыстырады.
– Ғарышқа ұшу, теміржолдардың салынуы сияқты үдерістер болды. Қазақстанда Магнитка (Теміртау), Өскемендегі, Алматыдағы, Шымкенттегі зауыттар, кейін мақта, бидай өндірісі басталды. Бұл "Менің Қазақстаным" тәрізді мақтанышпен жазылған өлеңдер шыққан кездер еді. Менің ойымша, осы тұста экономика дүркіреп өсті, – дейді экономист.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ АЗШЫЛЫҒЫ
Экономист Сапарбай Жобай осы кезеңге дейін Қазақстан өткерген Ашаршылық пен сталиндік зұлмат туралы да айтты. Ол коллективтендіру, Ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін, кейін Екінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі кезеңде Тың көтеру науқанында қазақтардың өз елінде азшылық күйге түскенін жоққа шығармайды. Алайда ол халықтың өсімі тоқтаған жоқ дейді.
– Үш жыл бойы жұт болды да Еділбойы, Украина, Кубань, Дон және Қазақстан аумағын қамтыған белдеу ашаршылықта қалып қойды. 1931-1933 жылдар арасында дүниежүзілік дағдарыстың себебінен Кеңес одағына ешкім көмек көрсете алмаған. 1929 жылғы колхоздастыру, кооперативтендіруден 1935 жылға шейін 1,5-2 миллион қазақ қаза болған. Оны жұрттың бәрі біледі, көп зерттеулер жүргізіліп, дәлелденген. Ал соғыстан кейін қазақ халқының саны жақсы өсті. Бірақ тың игеру, жаппай зауыттардың салынуымен ішкі Ресейден, Украинадан, Солтүстік Кавказдан көп адам келді. Соның себебінен республикадағы қазақ халқының үлесі 30 пайызға дейін түсіп кетті. Соған қарамастан қазақ халқының санының өсуі тоқтаған жоқ. Кейін 60-70 жылдарда қазақ халқының үлесі шамамен 38-40 пайызға жетті, – дейді Сапарбай Жобай Азаттыққа.
Советтік Қазақстанның дамуы сол кездегі Ресейдегі Орталық қаратопырақты аудандардан да ілгерілеп, кейіннен осы ауданның экономикасына Қазақстанның да үлес қосқан кезі болды дейді сұхбаттасымыз. Француз авторы айтқан кезеңдегі Қазақстанда, жалпы Орталық Азия, Түркістанда жүзеге асқан индустрияландыруды жоққа шығаруға болмайды деген экономист Мәскеудің өктемдік саясаты туралы былай дейді:
– Мәскеу, әрине, мәселені өзіне ғана тиімді тұрғыда шешетін. Бірақ Түркістан – Орталық Азияның индустрияландыруына Ресейдің әсері үлкен болды. Оны біз мойындауымыз керек, – дейді Сапарбай Жобай.
"ОРТА БУЫНДАҒЫ ӨНДІРІСТІҢ БОЛМАУЫ – ТӘУЕЛДІЛІК"
Тағы бір экономист Мақсат Халық Советтер одағы кезінде шиеленген орталықтанған жүйенің ұңғыл-шұңғылына үңіледі. Ол Мәскеудің Қазақстаннан шикізат алғанда, соның нарықтық құны айқындалмады дейді. Ол да Совет билігі үстемдік еткен тұста орталықтанған жүйе мен жоспарлы экономиканың Ресейге ғана тиімді болғанын айтады.
Айтуынша, нарықтық бағаның белгіленбеуі шикізат қоймасына айналған Қазақстанның ұпайын үнемі төмендетіп отырған.
Франциялық советолог Энри Шамбре жазған "Советтер одағының экономикалық өркендеуі" деп аталатын кітабына шолуға орай ол мынаны айтты.
– Бұл тұста нақты бір құндылық айтылып отыр. Кеңес заманында орталықтандырылған жүйе болды. Бәрі бір жерден басқарылғандықтан, қаржылық, экономикалық жағынан Мәскеуге бағынышты болдық. Тау-кен өндірісі болсын, мұнай болсын, барлық өнім Ресейге қарай ағылды. Қазақстан орта буындағы өндірістің болмауынан Ресейге тәуелді болып қалды, – дейді Мақсат Халық.
Ол шикізат бағасының тек Мәскеуге тиімді болғанын айтады.
– Бізден Мәскеуге кеткен шикізат пен ауылшаруашылығы өнімдерінің нақты нарықтық бағасы бекітілмеді. Сондықтан да Қазақстан Кеңес одағы елдерін асыраушы, қамтамасыз етуші, жеткізуші, үлкен ресурстармен жабдықтаушы ел ретінде болып келді деуге негіз бар, – дейді экономист Мақсат Халық.
Азаттық радиосы өзінің 70 жылдан аса ғұмырында Қазақстан, қазақтар туралы шетелдерде жарық көрген кітаптар мен мақалаларға ұдайы шолу жасап тұрған. Бұл Совет кезінде ақпараттық оқшаулануға ұшыраған аудиторияның балама мәлімет алуына септігін тигізді. Радионың сол дәстүрі қазір де үзілмей жалғасып келе жатыр.
Осы мақалада қысқаша мазмұндалған мәселе туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 69-эпизодында толығырақ айтылады.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.
ПІКІРЛЕР