Accessibility links

55 жылдық үнсіздік. Мұстафа Шоқайдың үндеуі Қазақ радиосына қалай жетті?


Мұстафа Шоқай (1890 - 1941) – Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы, ХХ ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, саяси эмигрант.
Мұстафа Шоқай (1890 - 1941) – Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы, ХХ ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, саяси эмигрант.

Совет режиміне қарсы, Түркістан бірлігі жолында ашық күрескен саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың үндеуі компартия кезінде алғаш ресми БАҚ – Қазақ радиосынан берілгенде сенсация ретінде қабылданды. Бұл туралы 1991 жылы Қазақ радиосында істеген журналист Иманбай Жұбай әңгімелейді. Қайраткер туралы Ресейдегі құжатта не айтылған, Түркістан бірлігі идеясының бүгінгі сарыны қандай?

Мұстафаның үндеуі қазақ баспасөзіне қалай жетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:10 0:00

Совет одағы кезінде Азаттық радиосы бағдарламаларынан естіліп қалатын Мұстафа Шоқайдың үндеуі 1991 жылы Алматыда Қазақ радиосының "Ұшқын" хабарынан беріледі. Бұл қайраткер үндеуінің 55 жылдан соң советтік мемлекеттік радионың эфирінде тұңғыш таралуы болатын. Оған дейін үндеудің мәтіні тәуелсіз "Азат" газетінде жарық көрген еді.

"Азат" тәуелсіз газетінің 1991 жылғы наурыз айындағы санында жарияланған Мұстафа Шоқай туралы мақалалар.
"Азат" тәуелсіз газетінің 1991 жылғы наурыз айындағы санында жарияланған Мұстафа Шоқай туралы мақалалар.

"АЗАТ" ГАЗЕТІНДЕГІ АЗАТТЫҚ ТІЛШІСІНІҢ МАҚАЛАСЫ

Сол хабарда Қазақ радиосының қызметкері Иманбай Жұбай Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалиннен сұхбат алады. Қайраткер дауысының аудио таспасын Қазақстанға әкелген осы Қиял Сабдалин еді.

Осы жолы Иманбай Жұбайдан шағын сұхбат алудың сәті түсті.

– Қазақстанда сол кезде жалғыз радио, жалғыз телевидение болатын. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстан билігіне Геннадий Колбин келеді. Сол лептің әсері ме екен, жоғары жақтың тапсырмасы болса керек, 1987 арыстарды ақтау туралы қаулы шықты. Ел әлі тәуелсіздік алмаса да, арыстарды ақтау үлкен жеңіс болды. Ақтау науқаны Шәкәрімнен басталды. Қазақ радиосында жастар редакциясында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істедім. Сол кездегі жастар редакциясына басшылық та жақсы қарады. Осы кездерде елде қозғалыстар құрыла бастады. Біз үнемі сонда жүретінбіз. Бір ғана партия болған елде соның бәрі қызық болды. "Азат" қозғалысы да осы кезде құрылды. Сөйте келе қозғалыстың органы "Азат" газеті ашылды. Бұл – 1990 жылы. Бірінші рет сол кезде тәуелсіз газет дегеннің не екенін көрдік. Газеттің бас редакторы Батырхан Дәрімбет болатын. Осы газетте бір күні Қиял Сабдалин жазған мақаланы көзім шалды. Өзінің Азаттық радиосында істейтінін және де өзі туралы басқа да ақпараттарды айта келе, 1936 жылғы Берлинде таспаға жазылған Мұстафа Шоқайдың дауысын өзімен бірге елге әкелгенін жазыпты. Сөйтіп мен Батырхан ағаға барып, осы кісінің телефонын сұрадым. Ол кісі Қиял Сабдалиннің нөмірін берді, – деп еске алады Иманбай Жұбай.

Сол 1991 жылы "Азат" газетінің наурыз айындағы санында айқарма бетке Қиял Сабдалин "Алыста жүріп ел қайғысын ойлап" деген тақырыппен Мұстафа Шоқайдың 100 жылдығына орай және Хасен Оралтай туралы мақалалар жариялайды. Соның бірінде Мұстафа үндеуінің мәтінін де келтіреді.

"Біз бүгін бұрын Қазақстан ақпарат құралдарында айтылмаған, баспасөз беттерінде жарияланбаған Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы Берлин қаласында Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз. Магнитофон таспасына сол уақытта жазылып алынған осы сөзді мен Алматыға әкеліп таратқалы екі жылға айналды. Неге екені белгісіз, әлі күнге тыңдаушылардың құлағы дың еткен жоқ. Мұстафа Шоқайдың өмірінде, бәлкім, алғаш та, соңғы рет жазылып алынған бұл таспаны маған бір шоң қазақ (Хасен Оралтай) табыс еткен еді. Өткен жылы жариялау мүмкіншілігі болмады", – дей келіп Қиял Сабдалин Мұстафа үндеуінің мәтінін басқан.

ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ БЕРІЛІП, ТАРИХҚА ТІРКЕЛМЕГЕН ХАБАР

Осы мақаладан Мұстафаның даусы туралы хабардар болған Иманбай Жұбай Қазақ радиосының сол кездегі басшылығына ұсыныс жасайды. Басшылық бұл хабарды қуана қабылдайды. Сенсация деген сөздер де айтылса керек. Иманбай Жұбай сөзін одан әрмен сабақтады.

– Басшыларыма айттым. Олар Шоқайдың дауысы болса, сенсация ғой десті. Не айтылғаны туралы сұрады. Мен ол кісілерге алып келемін дедім. Ол кезде Қазақ радиосының бас директоры Қуаныш Орманов болатын, ал мен істеп жатқан балалар мен жастар редакциясын Қасымхан Ерсалин басқаратын еді. Дауысты алып келіп, тыңдаттым. 10 минут екен. Мұстафа Шоқайдың даусы керемет енді, қырандай шаңқылдап тұрды, – дейді сондағы әсерімен бөліскен Иманбай Жұбай.

Журналист Иманбай Жұбай. Алматы, 19 маусым, 2024 жыл.
Журналист Иманбай Жұбай. Алматы, 19 маусым, 2024 жыл.

Сол кездегі Қазақ радиосының қызметкері Иманбай Жұбай Мұстафа Шоқайдың бұл даусы кішігірім баяндамаға бергісіз дейді. Дегенмен сол үндеуді Қазақ радиосының эфирінен беретін кезде бір сөйлемі цензураға ұшырап кетсе керек.

Ал Азаттық радиосында сақталған Мұстафа дауысының осыған дейінгі белгілі нұсқаларында Иманбай Жұбай айтқан тұстар кездеспейді. Және Азаттықта сақталған Мұстафаның барлық даусын қосқанда оның ұзақтығы Иманбай Жұбай айтқандай 10 минутқа жетпейді.

– Мұстафа Шоқай сөзін Кеңес одағының кемшіліктерінен бастады. Одан кейін қазақ жастары, түркі жастары қандай болу керек екенін, тәуелсіздікті қалай алу керек екенін айтады. Ең соңында бір қызық нәрсе айтады: "Мына коммунистік партия бір күні өшеді, ыдырайды" деген сөзі бар еді. Біз басшылардың ұйғарымымен осы тұсын алып тастадық. Өйткені ол кезде коммунистік партия әлі бар еді. Сөйтіп Қиял ағаны шақырып алып, кешкі сағат оннан бастап бір сағатқа тікелей эфирде сөйледік, – дейді Иманбай Жұбай Азаттыққа.

Мұстафа Шоқайдың естелігі жарияланған "Қазақстан коммунисі" журналының 1991 жылғы 5-саны.
Мұстафа Шоқайдың естелігі жарияланған "Қазақстан коммунисі" журналының 1991 жылғы 5-саны.

Бір өкініштісі – Қазақ радиосының тікелей эфирінен берілген осы хабар сақталмай қалған. Бірақ осы хабар тыңдаған жұртты елең еткізіп, қызығушылығын оятса керек. Аудиторияның ықыласы студиямен кері байланыстан да байқалады.

– Сол кезде тікелей эфирге тыңдарман телефон шалатын. Осы бағдарлама берілген сәтте телефон шалғандар сұмдық көп болды. Толассыз қоңырау соғылып жатты. 60 минутта әзер қоштасып, хабарды аяқтадық. Алайда тікелей эфир болғаннан кейін бұл бағдарлама сақталмапты, – дейді Иманбай Жұбай.

КОМПАРТИЯ ДА, КГБ ДА ҮНДЕЙ АЛМАҒАН

Қазақ радиосында сақталмай қалған хабар бір бұл емес екен. Иманбай Жұбай кейін Мұстафаның жиені Серікбай Шермаханмен және оның анасы, Мұстафаның қарындасы Зүлфиямен өткізілген сұхбаттар да осының кебін құшқанын айтады.

– Арыстар ақталған кезде олардың жесірлерінің көзі тірі еді. Туысқандары, балалары бар еді. Соларды сөзге тартып, көптеген бағдарлама жасадық. Мұстафа Шоқайдың немере қарындасын жиені Серік Шермахан арқылы таптық. Үйіне барып, бәрін микрофонға жаздырып алдым. Кейін бөлек хабар арнадым. Сол хабарда Мұстафа Шоқайдың қарындасының естеліктерін шығардық. Солар архивте жоқ. Тоқсаныншы жылдарғы опай-топай кезінде ештеңе қалмады, – деді Иманбай Жұбай қынжылып.

Әрине, өте өкінішті. Дегенмен бір жерде болмаса, бір жерде сақталған шығар деген үмітке сенгің-ақ келеді. Иманбай Жұбаймен сұхбаттың соңында оған сұрақ қойдым.

– Сол кезде әлі КГБ тарқамаған. Бұл ұйым 1992 жылы ғана қайта құрылымдалады. Мұстафа Шоқайдың үндеуі жарияланған осы хабарды сынағандар немесе теріс көзқарас білдіргендер болды ма?

– Жоқ, ондай ештеңе болмады. Қайта халық оны ерлікке балап, қатты ықыласпен қабылдады. Әріптестерім болсын, кезіккен тыңдарман болсын, қолымды қысып, Шоқайдың дауысы бар екен ғой деп таң қалып жатты, – дейді ол.

Мұстафа Шоқай туралы сөйлеудің аяғы сотпен біткен кездер де болған. 2012 жылы "Мұстафа Шоқай жолымен" атты деректі фильмнің авторы әрі режиссері Қасымхан Бегманов Өскеменде шығатын "Flash!" газетінің Мұстафа Шоқай туралы "теріс пікір таратқанын" айтып, сотқа шағым түсірген. Газеттің Мұстафа Шоқайды "қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы" деп сипаттауы Қасымхан Бегмановтың наразылығын тудырған. Шығыс Қазақстан облыстық соты Қасымхан Бегмановтың шағымын жартылай қанағаттандырған. 2012 жылғы 12 шілде күні шыққан үкім бойынша, "Flash!" газеті терістеу жариялап, 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеледі. Қасымхан Бегманов 16 шілдеде Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутайға берген сұхбатында бұл сотқа мұқият дайындалғанын айтады.

"Осы жолы сотта жеңдік. Жеңіліп те көрдік. Мен осы жолы екінші рет адвокат жалдадым, бас прокуратураға барып, прокурорларға жолықтым, одан кейін бас прокуратураның мұрағатына барып, құжаттар жинадым, Этнология және тарих институты мен Қазақстан тарихшылар қауымдастығынан Мұстафа Шоқайға қатысты пікірлерін алдым, туыстарынан сенім хат алдым. Газеттердегі ескі жазбаларды жинадым. Сөйтіп, құжаттарды күшейтіп, өз атымнан арыз бердім, ал туыстары жастарының ұлғаюына, жердің шалғайлығына байланысты бара алмады", – деген Қасымхан Бегманов.

"КЕҢЕСКЕ ҚАРСЫ ЖҰМЫСҚА ПАЙДАЛАНУ"

Тарихшылар дегеннен шығады, 2015 жылы Азаттық радиосының онлайн-конференциясына тарихшы Қайдар Алдажұмановты шақырып, сұхбат құрдым. Сөз Екінші дүниежүзілік соғыстағы қателіктер мен майдан ақиқаты туралы болатын. Арасында Мұстафа Шоқай туралы да айтылды.

"Мәскеуде бұрын жабық болып келген Ерекше әскери архив бар. Ол жерде азамат соғысы кезіндегі қорлар, Колчактың, Деникиннің қорлары бар. Осы жерде мен былтыр жұмыс істедім. Бұл архивте қолға түскен трофей документтердің де коллекциясы бар екен. 1939 жылы Германия Польшаға басып кірген кезде Польшаның барлау органдарының әскери штабтарының құжаттары қолға түскен. Солардың ішінде Мұстафа Шоқайдың әскери экспозитура [Польша барлау орындарының аумақтық бөлімінің атауы, агентура – Азаттық] дейді, солармен қызмет істесіп, солардан қаражат алып, поляктар оны кеңеске қарсы жұмыстарға пайдаланған. "Прометей" ұйымы оны қаржыландырған. Шоқайдың берген есептері бәрі түпнұсқада тұр", – дейді тарихшы Қайдар Алдажұманов.

Мұстафа тақырыбындағы сөз соғысқа келіп тіреледі. Ал қайраткердің соғысқа дейін-ақ совет режиміне қарсы күрескені ешқандай құпия болған емес.

"БЕС РЕСПУБЛИКА ОДАҚ ҚҰРСА, ПУТИН ДЕ ЖАНАСА АЛМАЙДЫ"

Екінші дүниежүзілік соғыста Германия тұтқынында болып, кейін батыста эмиграцияда қалған өзбекстандық Әбдумәжид Ғазиоғлы 2017 жылы "Америка дауысы" радиосына берген сұхбатында Совет одағы құлап, Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғанда өздерінің күткені мүлде басқа болғанын айтады. Бұл бір жағы Түркістан бірлігін ту еткен, Түркістан мұхтариятын – Түркістан автономиясын өткерген Мұстафа Шоқай идеясының эмиграциядағы түркістандықтар арасында әлі де өміршең екендігін көрсетсе керек.

Туғанына 135 жыл толған Мұстафа Шоқайға арналған мүйіс. Алматыдағы Ұлттық кітапхана, 20 маусым, 2024 жыл.
Туғанына 135 жыл толған Мұстафа Шоқайға арналған мүйіс. Алматыдағы Ұлттық кітапхана, 20 маусым, 2024 жыл.

Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін айтқан сөзінде Әбдумәжид Ғазиоғлы былай дейді:

"Совет үкіметі шөгіп, ыдыраған кезде бәріміз бес республика бірлесіп, Түркістан деп аталатын бір үлкен одақ құрады деп үміттенген едік. Оның орнына мүлде басқа нәрсені көріп отырмыз. Визалық қатынас, елдердің бір-біріне сенбеуі сияқты... Жақсы ниетпен күтілген нәрсе болмады. Қазір де бес республика бірлессе, үлкен бір мемлекет, одақ болар еді. Онда мүлде қазақ, өзбек немесе қырғыз президент болуы шарт емес. Кезектесіп, Швейцарияның жүйесі сияқты әр аймақтан бір адам бірнеше жылға басшы болады. Сол негізде төрт жыл өзбек болсын, төрт жыл қазақ болсын, төрт жыл қырғыз болсын, төрт жыл тәжік, түркімен болсын. Сонда ешкімге есе жібермейтін одақ болады. Міне, қазір Путин қолынан келсе, Өзбекстанды, Қырғызстанды тағы да өзіне қосып алуға бар. Соған әрекет етіп жатыр. Сондайда бес республика бірлесіп одақ құрса, путин-мутиндер жанаса алмайды. Қазір парша-парша болып бөлек жүрміз. Біреудің илеуіне оңай көнеміз, соған даяр жүреміз, – дейді Америкадағы өзбекстандық эмигрант Әбдумәжид Ғазиоғлы.

Түркия қазақтары Мұстафа Шоқайдың Германиядағы зираты басында. 1969 жыл. (Жеке архивтегі фото)
Түркия қазақтары Мұстафа Шоқайдың Германиядағы зираты басында. 1969 жыл. (Жеке архивтегі фото)

Түркістан бірлігі туралы идеяның сарынын кейінгі жылдары Орталық Азияда Өзбекстан көрсетіп жүр. Осы елдің мемлекеттік мейрамдары кезінде Түркістан мұхтарияты, жәдидшілер қозғалысы туралы жиі айтылатын болған.

"Түркістан жастары, бірлесіңдер!" деп үндеу тастаған Мұстафа Шоқайдың күресі идея күйінде осылай жалғасын тапты деудің жөні келіп тұрған сияқты. "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі, 65-эпизодында Мұстафа Шоқайдың 1936 жылғы үндеуін 55 жылдан соң алғаш Қазақ радиосынан таратқан Қазақ теле-радиосының бұрынғы қызметкері Иманбай Жұбаймен сұхбаттастық және қайраткер туралы белгілі ғалымның пікірі мен Түркістан идеясының сипатына тоқталдық. Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырыпты подкаст нұсқасынан кеңірек тыңдауға болады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG