Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күрестің жетекшісі Оспан Сіләмұлы 1951 жылы сәуір айының аяғында Үрімжіде көпшілік алдында атылды. Қытай және совет коммунистеріне қарсы күрескен Оспан батырды көзі көрген Хасен Оралтай мен батырдың сотына қатысып, абақтыда жеке кездескен Жағда Бабалықұлы Азаттыққа берген сұхбатында өздері куә болған жайттарды баяндаған.
Бүгінгі Қытай аумағындағы Шығыс Түркістан өлкесінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ұлт-азаттық күрес қайраткері болған Оспан батыр туралы Азаттық радиосы алпысыншы жылдардан бастап хабар арнап отырған.
"ОСПАНДЫ ҚАРАЛАУ ЖАҒЫНДА ЕМЕСПІН..."
"Шығыс Түркістанда даңқы жер жарған атақты Оспан Сіләмұлы солшыл коммунистер жағынан атылды. Оспанның өмірі жайлы зерттеу жүргізген адамның бірімін. Мен бұл жұмысты 1944 жылдан бастадым. Азын-аулақ білетін сияқтымын. 1950-1957 жылдар арасында қағазға түсіре бастап едім. Бірақ бұл маған 1957 жылы саяси мәселе ретінде қойылып, содан кейін ой желісін үзіп алдым. Ал Оспанды мүлде қаралау жағында емеспін. Зерттеуші ретінде "әттеген-ай" жерлерін де білемін. Шығыс Түркістан қазақтарының басынан не өтпеді?! Сол кездегі Гоминьдан [Коммунистік билікке қарсы күрескен Қытай ұлттық консервативтік саяси партиясы – Азаттық] империясы мен орыс империясын сескендірген, бүкіл дүние түріктерінің құлағын елең еткізген, Шығыс Түркістандағы 10 млн жергілікті халықтың жүрегінен орын алған, 1944 – 1949 жылдар арасындағы Шығыс Түркістан төңкерістік республикасы, ұлт-азаттық армиясы, оның көтерген көк туы, кеткен уақыты, шашылған малы, тамған тері, аққан қаны қасірет-қайғы ретінде тарих бетінде қалды. Оспан батыр тарихы да осы Шығыс Түркістан тарихының ішінде. Одан бөлек қарауға болмайды. Ұлт-азаттық қозғалыстың батырлары Оспан Сіләмұлы, Қалибек Раисұлы, Дәлелхан Сүгірбайұлы, Әкбар Есбосынұлы, ұйғыр Ғани батыр, татар Кәтип батырлардың аты тарихта қалды. Олар бүгін иесіз, оларға ие жоқ бүгін..."
Бұл – Жағда Бабалықұлының (1917 – 2010) 1993 жылы Азаттық радиосының тілшісі Едіге Мағауинге берген сұхбатынан үзінді. Жағда Бабалықұлы – 1951 жылы ақпанда Оспан батыр ұсталған соң оны тергеуге қатысқандардың бірі. Бұл кезде Бабалықұлы өлкелік әскери сот төрағасының орынбасары және өлкелік партия мектебі бастығының орынбасары қызметін атқарған. Елуінші жылдары Қытайда түрлі қызмет атқарған Жағда Бабалықұлы сол бір алмағайып кезде Қытай түрмесін де өткеріп, кейін Қазақстанға өтеді. Қытайда ол коммунистерге қарсы партизандық қозғалысты да басқарған.
Жағда Бабалықұлы айтқан Шығыс Түркістан аймағында ұлт-азаттық күрес көсемдерінің бірі Оспан батыр 1951 жылғы 29 сәуірде көптің көзінше ату жазасына кесілген. Алайда Азаттық радиосының алпысыншы жылдардың аяғындағы хабарларында бұл датаны 28 сәуір деп көрсетеді. Ал Жағда Бабалықұлы 1952 жылы атылды дейді.
Радионың бұрынғы хабарларын тыңдай келгенде, Оспан батырдың туған жылын кейде 1899, кейде 1898 жыл көрсетілгенін де байқадым. 1899 жылдан есептегенде, Оспан батырдың туғанына биыл 125 жыл толып отыр.
"ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖОЛЫНДА КҮРЕСУШІ"
Азаттық радиосының Оспан батыр туралы алғашқы хабарларының бірі 1968 жылғы 25 сәуірде жазылған. Оны әзірлеп, эфирге оқыған – Хасен Оралтай. Хабар басында Оспан батыр атылған 28 сәуір бүкіл Түркістан халқының ұлттық аза күні екені айтылады. 1968 жылы эфирден берілген хабардың латын әрпінде жазылған қолда бар жазбаша нұсқасына үңілейік.
"...Демежан Меркітұлы, Бөке батыр, Шәрифхандардың басшылығында апарылған, Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағатай, Іле, Құмыл, Үрімші аймақтарында 1933 жылға дейін ұласқан ұлт-бостандық күрестеріне Осман батыр қатардағы жауынгер болып ат салысты. Одан кейінгі, 1939 жылға дейінгі ұлт-бостандық жолындағы күрестерде Осман батыр, сол күрестердің белгілі ұйымдастырушыларының, жетекшілерінің бірінен болды. Оның есімі Шығыс Түркістандағы ұлт-бостандық күрестің ұранына айналды. Сол 1939 жылдың жазында Алтайда болған ұлттық құрылтайда ұлт-бостандық жолында сіңірген еңбектері мен жанқиярлық әрекеттері үшін халық өкілдері оған салтанатты түрде "Ұлттық Батыр" атағын береді. Сонымен қатар оны бүкіл ұлттық құралды күштердің [қарулы күштер – Азаттық] қолбасшысы етіп сайлайды. Бұл тариқи құрылтайдан кейін Осман батыр даңқты көсеміміз Ырысқанмен бірлікте айталған аймақтарда орналасқан совет – қытай қосындарына қарсы қарқынды шабуылдарға шығады", – Азаттық радиосы 1968 жылғы хабарында осылай деген.
Сол хабарда Оспан батыр жайында ұзағынан әңгімелеген Хасен Оралтай батырдың 1943 жылдың наурыз айында жараланғанын да айтады. Хабарға қарағанда, ол кезде Шығыс Түркістан басшысы Шың Шысай мен Совет одағы араздасады. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып жатқан Совет одағының Шығыс Түркістандағы саясаты босаңси бастайды. Оспан батыр да соны пайдаланып, өлкені қытайлардан тазартады. "Үш аймақ" аталған Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары Оспан батырдың қол астына өтеді. Бұл кезде Совет одағы да саясатын өзгертіп, бұрын қарсыласы болған Оспанды қолдауға көшеді. Арасында қару-жарақ та береді. Оспан батырға "қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күресуші" деп дем береді. Сол жобамен 1944 жылы Шығыс Түркістан республикасы құрылып, оның басшылығына Әлихан төре бекітіледі. Алайда Шығыс Түркістан республикасының нығая бастағанынан қауіптенген Совет одағы оны құлатып, басшысы Әлихан төрені Мәскеуге алдыртады. Сол кезде де, кейін 1949 жылы Совет Одағы мен Қытай тіл табысқан соң да Оспан батыр оларға қарсы күресін жалғастыра береді. Оның бұл күресі 1951 жылы ақпанда Қанамбай тауына жақын Мақай деген жерде ұсталғанға дейін тоқтамаған.
АҚШ-та шығатын "Нью-Йорк таймс" басылымы 1949 жылғы 18 сәуірдегі санында Уалтер Салливанның Оспан батыр туралы жазған мақаласын жариялаған. Онда автор батырмен бой тасалаған жерінде кездескенін баяндаған. Салливанның мақаласы "Көсемнің Шыңжаң қызылдарын жеңуге берген анты. Бой тасалаған Оспан батыр бас көтергендердің берілмейтінін айтады" деген атпен жарық көрген. Мақалада коммунистерге қарсы шыққан мұсылман қайраткерінің бейнесі суреттеледі.
ХАСЕН ОРАЛТАЙ КӨРГЕН ОСПАН БАТЫР
1968 жылғы Азаттық хабарында Оспан батыр туралы кеңінен баяндаған Хасен Оралтай кейін 1995 жылы Азаттық радиосындағы қызметінен еңбек демалысына шыққан соң да, 2001 жылы радиоға Оспан батыр туралы сұхбат берген. Азаттық радиосы қызметкері Досан Баймолда жүргізген сұхбатта Хасен Оралтай Оспанның роліне тоқталып, өзі оны қалай көргенін әңгімелеп берген.
Айтуынша, 1949 жылы Шығыс Түркістанға жақындап қалған коммунистердің ықпалынан сескенген ел ағалары соған қарсылық жоспарын талқылау үшін Хасен Оралтайдың әкесі Қалибек хәкімнің үйінде бас қосады. Оған Гоминьдан өкілдері де қатысқан. Бұл басқосуды "құпия жиын" деп атаған Хасен Оралтай сонда Американың көмегімен күрес жоспары талқыланғанын айтады. Сол жылы арасында Американың консулы да бар, Оспан батыр және басқа да ел ағалары тамыз айында Боғда тауының Үрімжі тұсында кездеспек болады. Алайда бұл кездесу жүзеге аспай қалады...
Хасен Оралтай Оспан батырды көргенде 17 жаста екен. Әкесі Қалибек хәкім 1950 жылы Хасенді Оспан батырды шақыртуға жіберіпті.
"... Біз Гималай тауының етегіндегі Гаскөл деген жерге барғанда, әкем жаныма бірқанша кісі қосып беріп, "Оспан батырға барып амандасып кел. Оны осы жаққа көшіріп алып кел. Мына жақтың беті ашық. Артымыздан тағы да жау қуса, Үндістан, Пәкістанға өтіп кетуге болады" деген сәлем айтып жіберді. Кешке таяу Оспан батырдың ауылына барып жеттік. Ауыл дегеніміз – үй де емес, жалғыз қос. Қасында өз адамдары бар, Оспан батыр жалғыз отырған. Ол жерде басқа да қазақ ауылдары бар. Бұл жерде қынжылыспен айтатын бір жағдай – сол Мақай деген жерде мыңғырған малға ие бай қазақтар Оспанға сойысқа мал бермейді екен... Кейін сол малды коммунистер талан-таражға түсірді. Қандай қынжылыс?! Оспан! Қазақтың Оспаны, алаштың Оспаны, түркітектес халықтардың Оспанына жергілікті байлар сойысқа мал бермей, ол құлан атып жеп жан бағып отыр екен. Үйіне барып әкемнің сәлемін айтып, әкем жетелетіп беріп жіберген атын бердім. Түнде қостың жанынан бізге төсек салып берді", – дейді Хасен Оралтай. Оспан батыр Хасенді шығарып салып тұрып, ол жерден көше алмайтынын айтыпты.
"1951 жылы ақпанның басында сол жерде Оспан батырға да, одан мың шақырым жерде отырған бізге де Қытай армиясы шабуылдады", – дейді Хасен Оралтай.
"ОСПАН БАТЫР АТЫЛҒАН КҮНІ БОЛМАДЫМ..."
1951 жылы ақпанда ұсталғаннан кейін Оспан батырдың тергеуі, соты қалай өтті? Қандай сұрақтар қойылды? Батырды тергеген Жағда Бабалықұлы не дейді? Бұл туралы оның Азаттық радиосының тілшісі Едіге Мағауинге 1993 жылы берген сұхбатынан тыңдауға болады. Ол кезде Оспан батырдың атылғанына 40 жылдан асып кеткен. Жағда Бабалықұлы Оспан батырдың соты 1952 жылы ақпанда болды дейді.
– Сізді Оспан батырдың тергеуіне қатысқан дейді. Сол рас па? Сол кезде көрген-білгеніңізді ортаға салсаңыз.
– Оспан батыр 1951 жылы қолға түсіп, Үрімжіде қамалды. Мен Оспанды сот кезінде көрдім. Сот 1952 жылы ақпан айында болды. Сол кездегі сот туралы айта кететін бір жағдай бар. 1950 жылдардағы Қытайдағы сот құқығы деген тек орындаушы ғана болады. Қытайдың қауіпсіздік мекемесі мен әскери барлау органдары алдын-ала тергеп, батырдың өмірбаян деректерін жинап қояды. Бұл Оспан алғаш қолға түскеннен кейін сұраққа алынғанда берген жауаптарынан тұрады. Сонда заң орындарындағы партия ячейкасы қорытынды шығарып, өзінен бір дәреже жоғары партия комитеттеріне береді. Партия комитеті не десе, сот соны орындайды. Ал Оспанның ісі бойынша қорытындыны заң орындарының қорытындысы шыққаннан кейін, ячейка емес, Шыңжаң өлкелік партия комитетінің өзі бекіткен екен. Сол кезде партияның хатшысы генерал Уан Жұң деген адам болды. Ал өлкелік соттың бастығы Бұрхан Шәхиди дейтін – үкіметтің бастығы. Осы сот заң орындарының қорытындысы шыққаннан кейін, шешім сыртқа жарияланбай, партияның ішінде сотталушының тағдыры шешіліп қойылады. Содан кейін ғана іс сотқа беріліп тұр. Сот тек халықшылық сипат үшін, халық соты тергеп жатыр деу үшін өткізіледі.
– Сонда "халық сотының" құрамы қандай болды екен?
– Сот құрамы Оспанның тағдырын халық соты шешті деген саяси желеуге негізделгені байқалады. Шыңжаң өлкелік халық сотының өкілі, Үрімжі аймақтық халық сотының өкілі және Үрімжі халық сотының өкілдерінен тұратын бұл құрамда тағы да мыналар бар. Қытай Азаттық армиясының, алтыншы және бірінші дала армияларының өкілдері, бесінші корпус, яғни, бұрынғы Ұлт-азаттық армиясының соты өкілдері қатысты. Арнайы дайындалған үлкен залдың ішінде әр үстелде 2-3 өкілдер отырды. Мен сотқа бесінші корпустың атынан қатыстым.
– Сот кезінде Оспан батырға көптеген сұрақтар қойылды емес пе? Сұрақтардың негізгі жобасы қандай болды?
– Сұрақтардың негізгі бөлігі саяси органдардың тергеу кезіндегі сұрақтарына байланысты қойылды. Одан бөлек әр адамның өзінің сұрақтарын қоюға шектеу қойған жоқ. Сұрақ өте көп болды. Оны бүгін еске алу да қиын... Кім не дегенін айта алмайсың...
Әркім әр нәрсеге шұқшиып қойған сұрақтарды түйіндегенде, көбірек есімде қалғаны мыналар: "Үкімет пен партия қайта-қайта адам жіберіп, райынан қайтсын, елді артынан ерітіп тоздырмасын, бұрынғы істері қудаланбайды деп уәде берсе, сіз неге қаруыңызды тастамадыңыз?" деген негіздегі сұрақтар көп болды. Сондағы батырдың бір-ақ ауыз жауабы "Мен сенбедім" болды.
Екінші көп қойылған сұрақ: "Гоминьданның 120 мыңдық армиясы, оның қолбасшысы Тау Сую Қытай халық азаттық күресінің алдында қолын көтеріп, қаруын тастап бас иді. Ал сіз неге қару тастамадыңыз?" деген сұрақ болды. Оған да батыр сенбегенін айтты. "Үкіметке де, партияға да сеніп тұрған жоқпын", – деді.
Үшінші негізгі сұрақ: "Коммунизмге қарсы, Үш аймаққа қарсы Дінді қорғау ұйымының сіз кімі боласыз?" Батыр оған: "Мен оның орынбасарымын, бас алқа мүшесімін", – деді.
Төртінші сұрақ: "11 тармақты тыныштық бітімінен кейін, тыныш жатқан Үш аймаққа неге шабуыл жасадыңыз?" Осекең берген жауабында "Бір сайтанның азғыруы болды. Оған өкініш көп қой", – деді.
"Үш аймақ әскерінің қолға түскен бөлігінен керей балаларын бөліп, қалғанын қырып отырғаны қалай?" – деген тағы бір сұрақ болды. "Ондай істердің болғаны рас, бірақ мен ондай жарлық берген жоқпын", – деді Оспан батыр. Келесі бір сұрақта "Офицерлер мен жауынгерлердің мойнына тас байлап, Ертіске тасталғаны рас па?" – деп сұралды. Мұнда офицерлер деп Шығыс Түркістан офицерлерін айтып отыр. "Оны білмеймін", – деді батыр.
"Подполковник Жүсіпжан бастаған бір топ адамды атқа сүйреп өлтіргенін білесіз бе?" – деп тағы сұрақ қойды. "Жүсіпжанды білемін, бірақ мен ондай жарлық берген жоқпын", – деді батыр.
Мен кейбір есімде қалған сұрақтарды айтып отырмын.
Сонда аты есімде қалмапты, бесінші корпус сұрақшыларының бірі сот кезінде "батыр" деген сөзді қайта-қайта айта берсе керек, біз байқамаған екенбіз. Соған шамырқанып қалған Ошың [Оспан батыр – Азаттық] "Әй, сен неге қайта-қайта "батыр-батыр" дейсің? Одан да мені босат. Қолыма – қару, астыма ат бер. Содан соң менің батырлығымды көресің", – дегені есімде. Сол жерде отырғандардың ішінде қазақ тілін ұғатындар сонда бір-бір күлісіп алды.
– Сізді Оспан батырмен жеке кездесті деген сөз бар. Кездескен кездегі әңгіме туралы да еске түсіріп, айтып берсеңіз.
– Мен ол кісімен жеке кездескім келіп, іштей ойланып жүрдім. Қалай кездесем? Сол үшін бастықтардан рұқсат сұрадым. Мен олардан тек кейбір сұрақтарды анықтайтын тұсы бар деп кездестіруін сұрадым. Кездесуге жарым сағат уақыт берді. Бір-ақ мәселені сұрау үшін барғам. Бірінші сұрағым, ішімде жүрген бір нәрсе, өзімнің жеке сұрағым еді. Көптің көзінше сұрауға болмайды. "Аға, Гоминьданмен бітімнен кейін жалыны сөніп, бағы қайтқан азаттық арманы жеңіліске ұшырап, туы жығылған, ері мойнына кетіп, көзіне көк шөп үймелеген, өз қолыңызбен құрған Үш аймаққа не өкпеңіз бар еді?" – деп сұрадым. Ойланып отырып қалды да, "Бір сайтанның азғыруы ғой, екі қазақ бір-бірін қырды. Оған сайтандардың несі кетті?.." – деді.
Одан кейін мен қарсы сұрақ қойғаным жоқ. Орнымнан тұрдым да біраз теріс қарап тұрып, қайтадан отырдым.
Екінші сұрағым бала-шағасын, өмірін және тұрмысына қатысты нәрселерді сұраймын деп барғанмын. Бала-шағасын сұрасам, Шың Шысаймен [Шығыс Түркістан басқарған – Азаттық] болған соғыстарда бала-шағасының көбі қырылған екен. Содан кейін тағы бір сұрақ қойдым. "Аға, қолға түсерде мылтығыңызда оқ бар ма еді?" – деп сұрадым. "Бар еді", – деді. "Неге атысып өлмедіңіз?" – деп едім, "Cол жері қапы кетті", – деді. Сосын мен ол кісіні тергеу кезінде киімінің қатты кірлеп кеткенін көргенмін, көйлек-дамбал тіккізіп апарып едім. Өзім де кезінде түрмеде көбірек жатқан адаммын, қалай киетінді, қалай шешетінін білем. Аяқ-қолдағы кісенді көтеру қиын болады. Бірақ соның өзінде де біздің әдістеріміз болатын. Сол тәртіп бойынша дамбалын кигіздім. Бірақ көйлегін кигізе алмадым. Соны кигіздім де қош айттым. Өйткені менің сұрап алған уақытым бітіп қалды...
– Одан кейін Оспан батырды көрдіңіз бе?
– Одан кейін алаңда көліктің үстіне қойып аралатып жүргенде көрдім. Дәл ататын күні емес. Әр жерге апарып, көліктің үстіне шығаратыны бар еді, сол кезде көрдім...
– Оспанның атылуына байланысты не айтар едіңіз? Сол кезде Оспанды Әнуар Жакулин деген кісі атты деген бір сөз бар. Сол қаншалықты рас?
– Бұл – қате сөз. Оны Әнуар Жакулиннің дұшпандары айтқан шығар, дұшпандары айтпаса, біреу ойдан шығарған шығар… Сол уақытта Әнуар Жакулин Құлжада болатын. Құлжаның уәлиі еді. Сондықтан ол атты деген өтірік сөз.
– Ал дәл Оспанды атқан күні өзіңіз қайда болған едіңіз, есіңізге түсіре аласыз ба?
– Ол күні болмаппын, болған жоқпын. Басқа жақта болыппын. Нақты қайда екенін өзім де білмеймін, жоқпын, әйтеуір...
"ОСПАН БАТЫРДЫ АТАУҒА ӘЛІ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН..."
Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысынан бері 80 жыл өтсе де, Қытай билігінің оған деген көзқарасы өзгермеген сияқты. Шығыс Түркістандық жазушы Сейітқан Әбілқасымұлы 1993 жылы Азаттыққа берген сұхбатында Оспан батыр туралы Қытайдағы көзқарасты былай сипаттайды:
"Бұл әділеттілік емес. Қытай үкіметі Оспанға келгенде ләм деп ауыз ашпайды. Қайта оны қаралап, "бандит" деп есептейді. Оны тексеріп, ағартуды ойламай, төрткүл дүние өзгеріп, жаңарып жатқан демократия дәуірінде әлі қолға алмай отыр".
Алайда арада бір жыл өткенде, Азаттық радиосының қызметкері Талғат Қосжігіт 1994 жылғы 28 сәуірде эфирден берілген хабарда Қытайдағы сол кездегі ахуалды суреттейді:
"Бейжіңдегі Жуңго, яғни Қытай үкіметінің 1980 жылдары бастатқан "есікті айқара ашу" және елдің ішінде жүргізе бастаған жұмсарту саясатының нәтижесінде Шыңжаңда жарық көретін журналдар мен тарихи романдарда Оспан батырдың есімі атала бастады. Онда батыр туралы бірқатар оңды көзқарас, пікірлердің баян етілгені көзден таса қалған жоқ. Сондықтан енді Оспан батырдың іс-қимылдарының ақталу мерзімі жеткен сияқты".
Бірақ іс барысында керісінше көрініс қалыптасқан. Қытайда әлі күнге Оспан батыр факторы қауіпті екені байқалады. 2020 жылы күзде Қытайдан Оспан батырдың сондағы ұрпақтары "өмір бойына сотталғаны" жайлы хабар жетті. Алматыда осы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізген батырдың ұрпақтары мәселенің сорақы екенін айтқан.
– Қытай билігі күні бүгінге дейін Шыңжаңда Оспан батырдың есімін дәріптеуге, атын атауға тыйым салған. Керісінше оны "бүлікші", "банды", "ел ішіне іріткі салушы" ретінде атайды, – деген батырдың тікелей ұрпағы Өркен Нәбиұлы.
2016-2017 жылдары басталған Қытайдың Шыңжаңдағы діні ислам түркітілдес ұлттарға науқандық қысым кезінде арнайы лагерьге отырып шыққан адамдар да онда Оспан батырға қарсы уағыз айтылатынын жеткізген.
"Аптасына төрт рет "тексеру хат" жазғызады. Алғашқы екеуінде қазақ және қазақстандық идеясын сынап, одан кейінгі екеуінде Оспан батыр мен Қанат Исламды (Қытайда туған қазақ боксшысы – ред.) қаралауың керек... "Оспан батыр коммунистік партияға қарсы оқ атқан бүлікші" дейміз. Осының бәрін өздері сабақта үйретеді. Қанша қатты жамандасаң, оларға сонша жағады", – деген Қытайда қамауда болған Айнұр 2021 жылы.
Оспан батырдың қазасы туралы бұл мақалада қысқаша сипатталған тақырып "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі 58-эпизодында кеңірек айтылады.
Ұлт-азаттық күрес қайраткері Оспан Сіләмұлы жетекшілік еткен қозғалыс Азаттық радиосында ең көп қамтылған тақырыптың бірі болды. Соған қарамастан мәліметтерде, сандарда анықтайтын тұстар жетерлік.
"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодына Хасен Оралтайдың Ұлттық академиялық кітапхандағы жеке қорынан материалдар пайдаланылды.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдап, ой-пікір бөлісуге болады.
ПІКІРЛЕР