Accessibility links

Ресейде 1917 жыл қайталануы мүмкін бе?


Антикоррупциялық шеруге Путиннің суретін ұстап келген әйел адам. Санкт-Петербург, 12 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Антикоррупциялық шеруге Путиннің суретін ұстап келген әйел адам. Санкт-Петербург, 12 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің марксшіл жастары Батыс елдеріндегі солшылдарға еліктейді, бірақ ондай болудың оңай емес екенін мойындайды. Қаланың ортасындағы кафеде Лениннің төсбелгісін ұстап, кофе ішіп отырып Марксті мақтаған Андрей – осы заманның коммунисі.

19 жастағы Андрей Совет Одағын аңсамайды. Қазіргі университет студенті президент Владимир Путиннің билігі тұсында өмір сүріп жатыр, сондықтан өзі көріп-білмеген СССР үшін қайғырмайды. Ол Совет Одағының «қателіктері болғанын» мойындайды, бірақ ГУЛАГ пен репрессия сияқты сұмдықтар коммунистік идеяның нәтижесі емес деп ойлайды.

Андрейге жолыққанымызда оның қасында тағы екі белсенді әріптесі болды, олар да сөзге араласып, Энгельстен цитаталар келтіріп отырды. Андрей небәрі 13 жасында коммунистік партияның жастар тобына қосылған. Комсомолдар деп аталатын бұл топ Ресейдегі азамат соғысы кезінде қақтығыстарға белсене араласқан болатын. Большевиктер революциясынан кейін болған ол соғыста 12 миллион адамның өмірі қиылған.

Ақ жемпір мен джинсы киген Андрей сылақшы боп істейтін анасы, көлік жүргізушісі болып жүрген әкесінің тағдырына налып, осы наразылығының әсерінен комсомолдарға қосылған. Колледжге түсуге ақша жинау мақсатында Андрейдің өзі 14 жасынан бастап жұмыс істеген.

Ол жақында міндетті әскери борышын өтеп келген, биыл күзде университетке түссем деп армандайды. Андрей «Мемлекеттің қарапайым адамдарға дұрыс қарамайтынын ұқтым. Қоғамның ең төменгі табында болдым. Елімізде әділетсіздік көп. Жалақы мен зейнетақы өте аз, неге бұлай деп еріксіз ойланасың» дейді.

Оның шағымын естігендер либерал оппозициялық белсенді екен деп қалуы да мүмкін - «диссиденттерді қудалауға» қарсы, «қоғамды әскерилендіру» туралы мемлекеттік үгіт-насихатты сынайды, ұлттық қорғанысқа жұмсалған мол қаржыны құлдырап кеткен білім жүйесіне салса етті деп қапаланады.

1917 жылы Ресейде болған большевиктер революциясынан бері 100 жыл өтті, Андрейдің көзқарасы қазіргі Ресейде ержеткен жаңа коммунистер мен солшылдардың үнін байқатады, ал Батыста солшылдар арасынан Джереми Корбин, Берни Сандерс пен Жан-Люк Меланшон сияқты танымал тұлғалар шықты.

Петербургтегі большевиктер көтерілісін оқ атып таратқан сәт. Ресей, 4 шілде 1917 жыл. (Көрнекі сурет)
Петербургтегі большевиктер көтерілісін оқ атып таратқан сәт. Ресей, 4 шілде 1917 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде бәрі қатаң бақыланады, салыстыру қиын, дегенмен белсенділер солшыл саяси күштердің мүмкіндігіне сенеді, оппозицияның екі жалпыұлттық наразылық шеруін өткізгеніне қарап, қоғам ұйқыдан ояна бастады деп үміттенеді. Әлеуметтанушы әрі марксші Борис Кагарлицкий солшыл саясаткерлерге іш тартатын электорат пен жекешелендіруді жалғастыруға ұмтылған, үлкен жобаларды жеке басына пайдаланатын биліктегілердің арасы алшақтап бара жатқанын айтады.

Кагарлицкий «Халық үміті мен үкімет әрекеті еш қабыспай тұр. Араларында үлкен ор жатыр. Осы күзде немесе келер жылы елімізде әсіресолшыл саясаткерлердің жолы ашылуы мүмкін» дейді.

Бірақ ондай мүмкіндікті кімдердің пайдалана алатыны белгісіз. Коммунистік партия (РФКП) ресми саясат сахнасына нық бекіген, оны Кремльдің қолшоқпары санайтындар көп. Ресейдегі жұмысшылар наразылығын қолдап келе жатса да сайлаушылардың көбі «партия басшылары билікке жалтақтайды», «депутаттары әркез Кремль ұсынған заңдарды қолдайды» деп ұнатпайды.

Коммунистік партияны 24 жылдан бері қазір 73-ке келген Геннадий Зюганов басқарып келеді, ол төрт мәрте президент сайлауына түсті, үнемі аз дауыс жинайды. Азаттыққа аты-жөнін жасырып сұхбат берген партияның жас белсенділері 2018 жылы Зюганов «президенттік сайлауға түспейтін шығар» деп үміттенетіндерін айтады. Әдетте президент сайлауына Путиннен басқа, Зюганов пен либерал Григорий Явлинский және әсіре ұлтшыл Владимир Жириновский түседі. Кагарлицкий мұның жыл сайын қайталанатынынан мезі болғанын айтады.

Коммунистер шеруінде сөйлеп тұрған Геннадий Зюганов. 1996 жылдың көктемі. (Көрнекі сурет)
Коммунистер шеруінде сөйлеп тұрған Геннадий Зюганов. 1996 жылдың көктемі. (Көрнекі сурет)

1991 жылы Совет Одағы құлаған соң елде экономикалық қиындықтар, қылмыс пен ұрлық көбейді, елді тонаған «ақ жағалылар» жекешелендіру кезінде қитұрқы жолмен байыды деп санайтындар көп. Кейбір адамдар коммунистік партия 1991 жылдан бері осы саясатты қолдап келді деп те санайды.

Бұл партияның қазіргі манифесін оқысаңыз: табиғи ресурстар мен экономиканың «стратегиялық» салаларын мемлекет меншігіне өткізу, елдің қорғаныс қабілетін күшейту және Путин бекіткен 13 пайыздық салықтың көбі байларға салынатын етіп, оны "прогрессивтік тетікпен" алмастыру, кедейлердің жағдайын жеңілдету керек деген тармақтарды көресіз.

Өткен жылы сайлау алдында коммунистер жастарды өз жағына шығаруға тырысып, қазіргі заман үлгісінде басылған жарнама плакаттар мен үнпарақтар таратты. Бұл жарнама материалдарында «хипстер» Ленин джинсы мен футболка киіп, қолтығына ноутбук қысып тұрса, Карл Маркс «Капиталын» ұстап, былғары күрте киіп алған, советтік диктатор Иосиф Сталин электрондық темекі тартып тұр.

Бірақ жастар ондай тәсілдерге алдана қоймайтын сияқты. Мысалы, 30 жастағы Владислав Рязанцев өзінің радикалды солшыл тобын құрды. Социалистер, коммунистер мен анархистер 2015 жылдың соңында құрған «Солшыл блок» ұйымының өкілі «Коммунистік партия басшылары Мемлекеттік думадан жайлы орын алуға тырысады, мемлекеттік бюджет оларды жақсы қаржыландырады және партия билік жүйесіне жақсылап еніп алған» дейді.

«РФКП партиясын билікте ешқашан болмаған жаңа жетекші басқарғанын қалаймын» дейді Рязанцев. 2011-2012 жылдары Болотный алаңында болған үкіметке қарсы наразылық шеруін басып-жаншыған соң көшедегі топтардан құрылған солшыл радикалды оппозиция тарап кеткен.

Болотный алаңындағы шеру. Мәскеу, 10 желтоқсан 2011 жыл.
Болотный алаңындағы шеру. Мәскеу, 10 желтоқсан 2011 жыл.

Болотный шеруінің солшыл «қанатын» басқарған сталиншіл белсенді Сергей Удальцов төрт жарым жылға сотталды. Ол алдағы тамызда бостандыққа шығады, бірақ саяси ықпалы кеміген. 2011-2012 жылдары Удальцовтың тобы Алексей Навальныймен және 2015 жылы Кремльдің жанында оққа ұшқан Борис Немцовпен (Немцов Ельциннің тұсында премьер-министр болған – авт.) одақ құрған.

Болотный ісі деп аталған бүлік бойынша азаматтар тұтқындалған кезде «Солшыл майданның» (Левый фронт) үш ұйымдастырушысы түрмеге қамалды. Удальцов Қырымның Ресейге қосылуын қолдаған соң Рязанцев тарай бастаған «Левый фронт» ұйымынан кетіп қалады.

2014 жылы Украина жерін басып алу арқылы Ресей билігі оппозициялық күштердің халыққа ықпалын әлсіретіп тастады. Бірақ әлеуметтанушылардың айтуынша, үш жылдан соң «Қырымның әсері» басылды, көше саясаты қайтадан қыза бастады, солайша жемқорлыққа қарсы күрескен Навальный ондаған мың адамды наурыздың 26-сы мен маусымның 12-сі күні көшеге шығарды.

Бес жыл бұрынғы Болотный шеруінен бұл жолғы наразылықтың ерекшелігі – биыл Навальный солшыл күштерге сүйенбейтін сияқты. «Левый фронттың» 35 жастағы белсендісі Алексей Сахнин «Навальный жемқорлық пен миграцияны сынайтын, ресей марштарына қатысатын кәдімгі оңшыл популист» дейді. 2013 жылы саяси қудалаудан қорқып, елден кеткен Сахнин қазір Швециядан саяси баспана сұрап отыр. «Қазір ол әлеуметтік теңдік, тұрғындардың табысы мен зейнетақысын көбейтуді талап етіп, олигархтармен күресіп жүр» дейді ол.

Навальный ең төменгі жалақыны көбейтіп, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны екі еселеуді талап етеді, «әділетсіз жекешелендіру жүргізгені үшін» олигархтарға бір реттік ірі салық салу керек дейді. Ол кремльшіл олигарх Алишер Усмановқа қарсы ролик түсірді, олигарх та оған қарсы жауап беріп «саған түкіргенім бар» деді.

Коррупцияға қарсы шеруде сөйлеп тұрған Алексей Навальный. Ресей, Уфа, 12 маусым 2017 жыл.
Коррупцияға қарсы шеруде сөйлеп тұрған Алексей Навальный. Ресей, Уфа, 12 маусым 2017 жыл.

Сахнин Ресейде болып жатқан бұл процесстерді «[саяси-экономикалық] институттары дұрыс қалыптаспаған елде шектен тыс популизмнің болуы қауіпті» деп түсіндіреді. Алайда ол бір жағынан «елде үлкен демократиялық серпін бар, миллиондарды алаңдатқан мәселелер талқылана бастады» дейді.

Кагарлицкий «Навальныйдың соңынан ерген адамдардың көбі онымен салыстырғанда радикалданғандар. Навальный тек олигархтарға шабуылдайды» дейді.

Рязанцевтің айтуынша, маусымның 12-сі күні Мәскеу, Санкт-Петербург пен Ростовтағы шерулерге қатысып, сол үшін қамалған 1100 адамның ішінде бір ғана солшыл болған. «Мұндай шерулер биліктегі сыбайлас жемқорлықты тоқтатпайды, себебі жемқорлық қазіргі жүйенің ажырамас бөлігі, бізге жекелеген адамдарды емес, тұтас жүйені өзгерту керек» дейді ол.

Батыста солшыл және оңшыл популистер 1980 жылдары ұлыбританиялық премьер-министр Маргарет Тэтчер мен АҚШ президенті Рональд Рейганның жаңа либералдық экономикалық үлгісіне қарсылық ретінде пайда болды. Сахнин «Ресей ғана емес, бүкіл әлемде солшыл бағытқа сұраныс бар» дейді.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) өкілі Кристин Лагард тәрізді танымал әлемдік экономистер «Батыстағы популистік көтеріліске әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі себеп болды» дейді. Ал Кремль бақылайтын Мемлекеттік думада жаңа күштерге орын жоқ деп санайтын Рязанцев «Ерте ме, кеш пе – бұл Ресейде де болатын жағдай, бірақ бізде парламенттік емес, «көше саясаты» болмақ» деген пікір айтады.

Маусымда Pew зерттеу орталығы жүргізген сауалнама байлар мен кедейлердің арасындағы әлеуметтік теңсіздік үлкен проблемаға айналып келе жатқанын анықтады, одан бөлек, қымбатшылық пен жемқорлық, жұмыс орындарының тапшылығы мен терроризм мәселелері де мәселені ушықтырып тұр.

Ресей әлемдегі экономикалық проблемасы көп елдердің бірі саналады. 2016 жылы жарияланған Credit Suisse зерттеуі мәліметтерінде Ресейдегі дәулетті адамдардың 10 пайызы ел экономикасының 87 пайызын иеленіп отырғаны айтылады.

Коммунист белсенді Андрей «Біздің мемлекет – өз азаматтарының табысын ғана емес, өмірін де жұтып жатқан құбыжық. Кейбір адамдар ауыр өнеркәсіп пен кәсіпорындарда жұмыс істеп, тиын-тебен табу үшін бар ғұмырын сарп етеді» дейді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен солшыл белсенділер Ресейде оппозициялық саясаттың жанданғанын айтады. Сахнин «Солшыл майданның» ықпалы Удальцовтың түрмеден шығуы себепті артуы да мүмкін десе, «Солшыл блок» өкілі Рязанцев барлық солшыл күштер бірігеді деп үміттенеді.

Комсомол белсенділер де «күш біріктіреміз» деген үміттің жетегінде жүр. Комсомол ұйымы 1918 жылы Коммунистік партияның жастар қанаты ретінде құрылды, ол кезде большевиктер революциясынан кейін Ресейде азамат соғысы болып жатқан. Қазір олар революцияны насихаттамайды, бірақ билікпен күресуді көздейді.

Коммунист Андрей "келер жылғы сайлаудан шеттетілгеніне қарамастан Навальный 1917 жылы патшаны құлатқандай тарихи оқиға жасағысы келеді" деп ойлайды. Ол "егер Навальный билікке келсе, солшылдардың қолдауына зәру болады" деп сенеді.

«1917 жылды еске алайық. Революцияны кімдер жасады? Либералдар мен ұлтшылдар, яғни оңшылдар жасады. Сосын не болды? Солшыл социалистік революция болды да, коммунистер билікке келді» дейді ол.

XS
SM
MD
LG