Accessibility links

"Жағымсыз Ресей" туралы фильмдерге қарсы науқан


Федор Бондарчуктің "Сталинград" фильмінің жарнамасы.
Федор Бондарчуктің "Сталинград" фильмінің жарнамасы.

Ресейлік депутаты орыс адамын «құбыжық» етіп көрсететін шетелдік фильмдерді көрсетпеуге шақырды. Ол кино түсірушілерге үндеу жасап, "орыс патриотының" жағымды бейнесін сомдауды ұсынды.

Голливудтық фильмдердегі залым немесе ішімдікке үйір орыс кейіпкерді көруден шаршадыңыз ба? Онда ресейліктер жақында көңіліңізден шығатын кино түсіруі мүмкін.

ХАСИКОВТЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Ресейлік сенатор Бату Хасиков тамыздың 25-і күні «Ресейге қарсы» фильмдерді көрсетуді шектейік, ал отандық кино түсірушілер экраннан орыс адамының тартымды бейнесін сомдасын» деген пікір айтты. ИТАР-ТАСС агенттігінің жазуынша, Хасиков: «Ресей мен орыс мәдениетіне қатысты дүниелерді қарабайыр, дөрекі етіп көрсетіп, елді шошытатын фильмдерді үлкен экраннан көрсетуге шектеу керек» деген.

Кикбоксингтен бұрынғы әлем чемпионы Хасиков бұндай санатқа жататын фильмдердің атын атамады, бірақ «шын мәнінде көркем шығарма деп атауға тұрарлық шетел туындыларын көрсете беруіміз керек» деп ескертті.

Сол күні Ресей мәдениет министрлігі көруге ұсынатын 100 «классикалық» шетел фильмінің тізімін жариялады. Ол тізімде Чарли Чаплинның «Жаңа кезең», Фрэнсис Форд Копполдың «Бүгінгі ақырзаман», Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильмдері сияқты туындылар қамтылған.

Бұл тізім Ресейдегі ғылым, білім және мәдениет жөніндегі федерация кеңесі комитетінің мүшесі Хасиковтың пікіріне орай әдейі сол уақытта жарияланды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

«ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙТІН БЛОКБАСТЕР»

Хасиков «биылғы жыл Ресейде мәдениет жылы деп жарияланғандықтан отандық кино түсірушілер мемлекет қолдауымен патриоттық шығармалар жасауға тиіс» дейді. «Қазіргі біздің кинолардағы кейіпкерлердің көбі – еліктеуге лайық емес бейнелер» деді ол.

Хасиковтың пікірінше, жағымды орыс адамы бейнесін 2008 жылы түсірілген «Біз болашақтан келгенбіз» драмасынан көруге болады. Онда төрт жас жігіт екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне саяхат жасайды.

Ресей президенті Владимр Путин (оң жақ шетте) француз актері Жерар Депардьемен (сол жақ шетте) кездесіп отыр. Сочи, 5 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимр Путин (оң жақ шетте) француз актері Жерар Депардьемен (сол жақ шетте) кездесіп отыр. Сочи, 5 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Өткен жылы жарық көрген, Ресей президенті Владимир Путин риза болған «Он жетінші аңыз» атты биографиялық фильм (советтік танымал хоккейші Валерий Харламов туралы) де осындай шығарма қатарына қосылған.

Хасиковтың ұсынысы Ресей үкіметінің патриоттық тәрбие жұмысын қолға алған кезеңге сай келді. Қырғи-қабақ соғыс кезінде Батыс фильмдерінде ресейліктерді жағымсыз кейіпкуер етіп сипаттау басым болды, осы құбылыс әлі күнге дейін байқалады. Көптеген ресейліктер Голливуд фильмдерінде отандастарының араққұмар, күлкілі бейне ретінде көрінетініне наразы.

Ресейде 2012 жылы мәдениет министрі болып тағайындалған, Ресейге қатысты «аңыздарды» сейілту үшін кітаптар жазған әуесқой тарихшы Владимир Мединский еліндегі кино мамандарын «патриоттық блокбастерлер» түсіруге шақырды.

Ресей мәдениет министрлігі мемлекет қаржыландыратын фильмдерді бақылауды күшейтті. Былтыр режиссер Федор Бондарчуктың «Сталинград» фильмі халықаралық деңгейде көрсетілді. Ресейде оны отансүйгіштік киноның үлгісі деп мақтады.

Азаттық тілшісі Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG