Осы жолы сөйлеген сөзінде премьер-министр Путин елдің экономикалық өсімі туралы жыпырлаған сандарды жатқа соқты.
ЕРЕКШЕ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІ
«Биыл біз оң бағытпен [келе жатқанымызды] байқап отырмыз. Жалпы ішкі өнім 4 пайызға, нақты айтқанда 3,8 процентке өсті. Әлбетте, бұл Қытайдан азырақ, дегенмен Еуропа елдері мен АҚШ-тан жоғары көрсеткіш. Сол себепті бұл осы жылдың оң нәтижесі».
Осылайша ғаламдық қаржы дағдарысын артта қалдырдық деген Владимир Путин елдің экономикалық және әлеуметтік жетістіктерін атап өтті. Ресейліктердің өмір сүру деңгейі жақсара түсті деді:
«Қараңыз, өткен жылы бізде 6 миллионнан аса жұмыссыз болған. Осы жылы біз жұмыссыздықты 1,2 млн орынға азайтып, жаңа жұмыс орындарын қайта құрдық не жаңадан аштық. Мен бұл өте жақсы көрсеткіш деп айта аламын», - деді.
Путин елдің әр аймағынан түскен қарапайым ресейліктердің түрлі сұрақтарына жауап бере отырып, бақылаушылардың Ресей премьері 2012 жылы қайтадан президенттік сайлауға түседі деген болжамдары тұсында өзін елдің негізгі жетекшісі ретінде тағы бір көрсеткендей болып отыр.
ӘСІРЕ ҰЛТШЫЛДЫҚҚА ЛИБЕРАЛДЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ КІНӘЛІ
Путин бұл сұхбатында сенбі күні Мәскеуде 5 мыңдай футбол жанкүйерлерінің ұлтшылдық бағыттағы ұрандар айтып, полициямен қақтығысып, оңтүстік Кавказдан келген ұлт өкілдеріне шабуыл жасаған оқиғаға тоқтала кетті.
Адам құқығын қорғаушы белсенділер Кремль осыған дейін грузиялықтарды елден шығартып, радикал топтарды қолдау арқылы әсіре ұлтшылдыққа жол беріп отыр деп айтқан.
Бірақ Владимир Путин экстремизмге жол берілмеу керектігін, Ресей көп ұлтты, түрлі дін өкілдері тұратын ел болғандықтан, тәртіпке бағынуға тиістігін, полицияның әсіре ұлтшыл шерушілерді тоқтатуы қажет екенін айтты.
Бейсенбі күні жарық көрген сұқбаттарында Кремльдің басты идеологтары елдегі либералды оппозицияны нәсілшілдік пиғылдағы бұзақыларды қолдап отыр деп айыптаған. Путин де осы либералды интеллигенцияны айыптап сөйледі.
«ХОДОРКОВСКИЙ ҰРЫ ҒОЙ»
Сарапшылар әдетте Путиннің халық алдындағы сөздеріне сараптама жасап, елдің авторитарлық жүйесінің жабық есік артындағы билікке таласы жайлы өз тұжырымдарын айтып жатады.
Бұл жолы Путин абақтыға жабылып, тағы ақша жеп қойды деген айыптар бойынша екінші сотының үкімін күтіп отырған мұнай алпауыты Михаил Ходорковскиге қатысты да өзінің көзқарасын айтып қалды. Путин оны ұры деп атады.
Ходорковскийге қатысты екінші сот үкімі шықпай жатып, Ресей премьері оның қылмысы сотта дәлелденген деп салды. Олигархқа қатысты қойылған сұраққа Путин сарказммен совет кезінде белгілі болған актер Высоцкийдің «ұрылар түрмеде отыру керек» деген сөзін мысалға келтіре сөйледі.
Ходорковскийді жақтаушылар мұнай алпауыты Путин билігіне саяси қауіп төндіргені үшін қамалған деп айтады.
Мәскеу соты сәрсенбі күні Ходорковскийдің үкімін оқуды осы айдың аяғына шегерген болатын.
Дәстүрге сәйкес сұқбаттың соңында премьердің көңілін көтеретін сауалдар қойылды. Чувашиялық көрермен Путиннің рояль тартатын, ән салатын сан қырлы талант иесі екенін тағы бір еске салып, өз халқынан тағы қандай талантын жасырып келе жатқанын сұрады.
"Таланттарымды түгел ашуға уақыт жетпей жатыр", - деп күрсінді Ресей үкіметінің төрағасы.