Accessibility links

"Мәйіттер 40 сантиметр тереңдікте жатыр"


Томск облысындағы "арнайы қоныстанушылар" тұрған жеркепенің қалдығы. Ресей
Томск облысындағы "арнайы қоныстанушылар" тұрған жеркепенің қалдығы. Ресей

Ресейдің Томск облысы Верхнекет ауданындағы Палочка ауылында сталиндік террор құрбандары - жер аударылғандар мен "арнайы қоныстанушылар" жаппай көмілген орын табылды.

- Адамдарды топтап көме берген әлгі қорымдар зиратқа мүлде ұқсамайды, шөп басып кеткен төмпешік немесе су шайып кеткен таяз шұңқырлар ғана, - дейді Томск облысындағы Ізшілер қозғалысының аймақтық кеңесі төрағасы Максим Елезов.

Оның айтуынша, сүйектер елдімекеннен бір километрдей жерде 40 сантиметр тереңде жатыр.

- Бұған қоса, арнайы қоныстанушылар тұрған жеркепелерді де тауып алдық. Әлгі қорымдардың бәрін белгілеп, егжей-тегжейлі сипаттап, координаттарын GPS-ке кіргіздік, сосын акт толтырып, ауыл әкімшілігіне бердік. Енді марқұмдарды мәңгі есте қалдыру жұмыстары - жергілікті биліктің мойнындағы шаруа. Болашақта мүрделерге эксгумация жасап, оларды христиан салтымен қайта жерлеуге де болатын шығар. Бұл үшін арнайы рұқсат алу қажет. Әлгі молаларды өздігіңнен қазуға болмайды. Санитарлық нормалар талабы сондай. Себебі өлген бала-шаға, қарттар мен әйелдердің көбі аурудан кеткен, - дейді Максим Елезов.​

Палочка ауылындағы репрессия құрбандары қорымының орыны
Палочка ауылындағы репрессия құрбандары қорымының орыны

Палочка ауылы кезінде арнайы қоныстанушылар тұрған төрт кенттің ескі жұртында орналасқан. Ізшілер тобын ол жаққа жергілікті пошта бөлімшесінің бастығы Ирина Янченко шақырған. Оның бос уақытында ауылдастарымен бірге "Үлкен террор" жылдары жер аударылғандардың тағдырын зерттеп жүргеніне біраз жыл болған.

- Әуелгіде мектеп мұражайындағы шағын көрмеге жалғыз ақпарат көзі ретінде сүйендім. Әлгі көрмеде біздің ауылға бірнеше мың адам жер аударылғаны туралы деректер болды, - дейді Ирина. – Ізденіп, аудандық мұрағаттарға жүгіндім. Бастамашыл топ құрдым. 1931 жылы Алтай өлкесінен әкелген жиыны алты мыңнан асатын қайта қоныстанушыны қазір Палочка тұрған территорияға түсіргенін анықтадық. Олардың көбі "халық жаулары" мен кулактар болыпты. 1932 жылы көктемге қарай әлгі адамдардан бір мыңға да жетпейтін ғана адам тірі қалған. Адамдар шамасы келгенше жан сақтауға тырысқан. Жеркепе қазып, шөп жеген, өсімдіктердің тамырын талғажау еткен.

Жер аударылғандардың бір тобы мінген баржа
Жер аударылғандардың бір тобы мінген баржа

Ирина Янченко бірнеше жылдан бері арнайы қоныстанушылардың қазіргі ұрпақтары - ауылдастарының естеліктерін жазып алып жүр екен.

Мария Шебалинаның естеліктерінен:

"1931 жылы әкемді "кулак" ретінде соттады. Сол жылы жазғытұрым шешемді бүкіл бала-шағасымен қоса жер аударды... Томскіде бізді екі баржаға тиеді. Біреулерімізді трюмге (кеменің жүк қоятын астыңғы жағы – ред.), кейбірімізді палубаға отырғызды. Бізді кезінденің тайга аумағындағы кейін өртеніп кеткен дөңнің етегіне әкеліп түсірді. Жер аударылған адамдардың көптігі соншалық, оларды орналастыру үшін екі кент салуға тура келді. Комендант "хат жазсаңдар, мекенжайы мынау: Томск облысы Верхнекет ауданы Мохов ауылдық советі, Палочка кенті" деп хабарлады. Біраздан кейін баржа тіркеген тағы бір кеме келді, оның трюмінде 50 шақты жылқы,ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандар бар екен. Жол-жөнекей бірнеше ат арам өліпті. Оларды жағаға түсіріп тастады. Коменданттың көзіне түсіп қалмау үшін түнде әлгі жерге еңбектеп барып өлген жылқының етін кесіп алдық. Адамдардың аштан бұратылғаны соншалық, тіпті арам өлген жылқының етін де жеді".

Ирина Янченко
Ирина Янченко

- Палочка ауылы территориясында жер аударылғандарды топтап көмген жеті қорым бар, - дейді Ирина. – Олардың бірін өзіміз тауып алдық. Бірде мал азығын сүрлейтін шұңқыр қазып жатыр едік, адамдардың қураған сүйектері мен бас сүйектері шыға бастады. Мұндай да сұмдық болады екен-ау деп жағамды ұстадым. Қазір прибалттар Томск облысының әр жерінде репрессияланған ата-бабаларының аруағының құрметіне құлпытас қойып жатыр. Ал біз өз бабаларымызды білмейміз. Қазір Палочкада 300-дей адам тұрады, бәрі жер аударылғандар мен қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары деуге болады. Мысалы, құрбымның атасы мен әжесі екі кішкентай баласымен бірге жеркепеде өлгені мұрағат құжаттарын ақтарғанда анықталды. Оларды шығарып үлгермеген, ал құрбымның шешесіне қашып кетудің сәті түскен. Жергілікті тұрғындар олардың қайда жерленгенін естеріне түсіріп, моласын көрсетті.

Ирина репрессияланған жандардың тағдыры жайлы естеліктерді жазып жүріп өз ата-бабасының да тағдырын білген.

- Менің атам - Полтава облысындағы Диканька хуторы жанындағы Шляха деревнясының тумасы. Сол жақта біздің әулеттің үлкен былғары зауыты болыпты, өздері ауқатты кісілер болған. 1924 жылы бүкіл отбасын Алтайға жер аударыпты. Атам "бәрімізді мал таситын вагондарға тиеп әкетті, ал Мәскеуден өтіп бара жатқанда Ленинді жерлеп жатқан болатын" деп айтып отыратын. Алтайға барған соң ол жақта да шаруасын дөңгелетіп, аяғынан тік тұрған. Бірақ оларға сол күйі тыныштық бермей, 1930 жылы Томск облысындағы Могочино ауылына жер аударыпты. Ал ол жақтан атамды майданға жіберген. Репрессияланған адамды соғысқа қалай жібергендерін білмеймін, оны 1950 жылдары ғана ақтады ғой. Енді атамның отбасының ары қарайғы тағдыры не болғанын анықтап білгім келед, - дейді Ирина Янченко.

"ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕГУ АУЫР ТИЕДІ"

Мұндай қорымдар арнайы қоныстанушылар тұрған әр кенттің жанында болған. Томскілік "Мемориал" қоғамына қарасты "Томскідегі НКВД тергеу түрмесі" бөлімшесінің төрағасы Василий Ханевичтің айтуынша, Томск облысындағы осындай қорымдардың саны 400-ден асады.

- Әдетте оларға адамдарды топтап көме берген, көбі қараусыз қалған. Әлгі жерлерде ешқашан қазу жұмыстарын жүргізбеген, үстін шөп басып кеткен. Оларды тауып, белгі қойып, басына естелік крест орнату керек деп есептеймін. Басына барып, шырақ жағып, зиярат ету үшін ұрпақтары ата-бабаларының сүйектері қайда жатқанын білуі тиіс, - дейді ол.

Палочка ауылындағы сталиндік ререссия құрбандарының қорымы
Палочка ауылындағы сталиндік ререссия құрбандарының қорымы

Жер аударылған Вениамин Курченконың естеліктерінен:

"1931 жылы Городецк, Палочка, Суйга, Проточка деген төрт кентке 7800 адам жер аударылды. Кулак ретінде жер аударылған арнайы қоныстанушылардың өмірі өте ауыр болды. Сталиннің жандайшап коменданттары оларды тырп еткізбей қатал ұстады. НКВД қызметкерлері кенттерді аралап, халық жауларын "түп-тамырымен жойып отырды".1937-1938 жылдардың өзінде солай болды. Ол кезде мен балалар үйінде тұратынмын. Директорымыз Лев Менделеевич Леонсонды қалай алып кеткені есімде. Ол бәріміз жақсы көретін тамаша адам болатын. Ол кісімен бірге бухгалтер мен ат күтушіні де ұстап әкетті. Үшеуі де үйіне оралмады. Жазықсыз жапа шегу моральдық тұрғыдан өте ауыр тиді. Бізге басқа жаққа оқуға немесе қонаққа баруға болмайтын, армияға да алмайтын. Тек Ұлы отан соғысы кезінде Мәскеуге қатер төнгенде ғана "халық жауларын" майданға ала бастады. Олардың көбі майданда қаза тауып, үкімет наградаларымен марапатталды".

Палочка ауылынан табылған қорымда кімдердің жерленгенін анықтау қазір өте қиын. Сондықтан жер аударылғандар жайлы кез-келген дерек пен естелік маңызды.

Егер сіз жақындарыңыздың ішінде біреу біз жаққа жер аударылғанын білсеңіздер, хабарлап айтыңыздар. Бұл біздің жұмысымызға көмектеседі. Енді біз мына жақта жерленгендерді еске алу орнына айналатын ескерткіш кешені орнатылады деп үміттенеміз, - дейді Ирина Янченко.

("Сибирь.Реалии" сайты тілшісі Светлана Хустиктің мақаласы орысшадан аударылды")

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG