Tajik Air әуе компаниясы қарызға батып, бірнеше жыл бұрын әуе рейстерін тоқтатуға мәжбүр болған. Қазір Тәжікстандағы әуе тасымалы нарығында "Сомон эйр" атты жеке компания үстемдік құрған. Бұл компанияның ел президенті Эмомали Рахмонның отбасына қатысы бар деп айтылып жүр.
Тәжікстан қаржы министрлігі тамызда Tajik Air компаниясына банкрот болу қаупі төнгенін, үкімет бұдан былай оны қолдауға қаржы бермейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ әуе компаниясын не күтіп тұрғаны "жоғары үкіметтік деңгейде" шешілетінін айтты. Әдетте Тәжікстанда ондай шешімді авторитар президент Эмомали Рахмон қабылдайды.
Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди) бірнеше инсайдер және дереккөзбен сөйлесті. Олар Tajik Air компаниясын билік бизнестен әдейі ығыстырып жатқанын, мұның астарында ел президентінің отбасына тиесілі әуе компаниясын пайдаға кенелту пиғылы жатқанын айтады.
2016 жылы қаржы министрлігі Tajik Air компаниясы банкротқа ұшырауы мүмкін екенін, компанияның табысы бір жылда 118 пайызға азайғанын мәлімдеген. Содан бері компанияны құтқаруға көп мүмкіндік болды. Бірақ компанияға келген әр басшы оны құтқарудың орнына, күйретуге бір қадам жақындата түскен.
2006 жылдан бері компанияның үш басшысына қарсы қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ешқайсын сот жауапқа тартпаған. Кейін үшеуі де миллиондаған табысы бар кәсіпкерге айналды.
Азаттық компанияда әртүрлі деңгейде қызмет істеген төрт басшымен және бір шенеунікпен сөйлесті. Бесеуі де "Сомон эйрдің" жалғыз бәсекелесі болған компанияны бұрынғы басшылары қасақана банкрот қылған дейді.
"Сомон эйр" Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның балдызы Хасан Асадуллозодаға тиесілі. Мұны ТАЛКО тәжік алюминий зауытына қатысты іс кезінде Лондон соты растап, әуе компаниясына иелік ететін офшор компания президенттің балдызына тиесілі екенін жариялаған.
WikiLeaks жариялаған АҚШ демократтары серверінен ұрланған құжаттарда "Сомон эйр" компаниясын президент Эмомали Рахмон тікелей бақылайтыны айтылады. Құжатта "Сомон эйрдің" Tajik Air мемлекеттік компаниясының орнын басуына аз қалды, ал әуе тасымалын толық өзі атқара алатын күйге жеткенде, Tajik Air компаниясы бизнестен кетеді" деп жазылған.
2015 жылдан бері Тәжікстан үкіметі Tajik Air компаниясының 2,6 млн доллардан астам қарызын кешірген. Бірақ әуе компаниясы салық органдарына, түрлі банктерге, әуежайға және қызмет көрсетушілерге 40 млн доллар қарыз.
Вильнюс соты Tajik Air компаниясын Литваның Skyroad Leasing компаниясына 20 миллион доллар төлеуді міндеттеген. Skyroad егер Tajik Air бұл ақшаны қайтармаса, Тәжікстан үкіметін халықаралық сотқа беретінін мәлімдеді.
2019 жылғы тамызда Мәскеу соты Tajik Air компаниясын Ресей федералды әуе көлігі агенттігіне (Росавиация) 555 мың доллар қарыз бен айыппұл төлеуге міндеттеді. Ресей соты Skyroad талабын да қолдап, Tajik Air компаниясына қатысы бар басқа да жиырмадан астам істі қарауға келісті. Бұл арыздардың жалпы көлемі 1,5 миллион долларды қамтиды.
2019 жылдың басында Tajik Air әуе рейстерін уақытша тоқтатқаннан кейін оларды "Сомон эйр" атқаратын болды.
Tajik Air компаниясы 520 қызметкерін ақысыз демалысқа жіберді. Бұл бір жыл бойы еңбекақы алмаған адамдарға ауыр соққы болды. "Сомон эйр" Tajik Air компаниясының бірнеше тәжірибелі ұшқышын жұмысқа алды.
Tajik Air компаниясы жұмысын тоқтатқан соң, ішкі нарықта монополиске айналған "Сомон эйр" әуе билетін қымбаттатып жіберді.
"БАҚТАЛАСТЫҚ"
2008 жылы ашылған "Сомон эйр" компаниясы көп табыс әкелетін рейстерді жылдам иемдене бастады. Ал совет дәуірінен қалған 16 ұшағы бар Tajik Air компаниясына әуе көлігі қиындық туғызған.
Әйтсе де, Tajik Air компаниясы бірнеше әуежайы, жанармай бизнесі, Тәжікстан әуе қозғалысын басқару жүйесі, әуе компаниясы үшін азық-түлік өндіретін орындары мен билет сату кеңселері бар конгламерат болды. Бұл компанияға нарықтағы жаңа бәсекелесіне қарсы тұруға аз да болса септігін тигізді.
Ол кезде Tajik Air компаниясының 1,3 млн доллар қарызы болды. Мұны компания көп табысының бірімен оңай жаба салатын еді. Бірақ екі компанияның арасында әділ бәсеке болмады.
"Сомон эйр" ашылған соң үкімет Tajik Air холдингін сегізге бөлді.
Ел астанасы Душанбе, Ходжанд, Бохтар, Күләб секілді ірі қалалардағы әуежайлар "халықаралық әуежай" атанып, Tajik Air компаниясынан бөлініп шықты. Ал одан кішірек әуежайлар жергілікті биліктің бақылауына өтті.
Басқа әуе компаниялары Tajik Air компаниясынан бөлек жұмыс істеді. Олардың кейбірі жекеге өтті.
Озоди зерттеуі Tajik Air компаниясына келген жаңа басшылардың "Сомон эйрға" қатысы барын көрсетті.
Мысалы, TZK – ұшақ отынын жеткізуші жалғыз компания Эмомали Рахмонның балдызы Асадуллозодаға тиесілі Menford Holdings LTD оффшор компаниясы арқылы басқарылады. Бұл компания нарықтағы монополиясын пайдаланып, жанармай бағасын Қырғызстанмен салыстырғанда 40 пайызға қымбаттатқан.
Президент Рахмонның отбасы әуе рейстеріне билет сатуда да монополия орнатқан. Билет сату қызметін бақылау еш саудасыз және көпшілікке хабарланбай Air Service Agency оффшор компаниясына берілген. Ал бұл агенттікті президенттің қызы Тахмина Рахмонова мен оның күйеуі Зарифбек Давлатов бақылайды.
Бірнеше жерде Air Service Agency агенттігі Tajik Air билетін сатуға арнайы құқық иеленіп, табыстың 14 пайызын алғаны жазылды.
2019 жылы Fergana.ru сайты Tajik Air компаниясын басқарған менеджерлердің бәрінің дерлік Асадуллозодаға қатысы барын хабарлаған. Сайт бірнеше дереккөздің "(басшылардың) мақсаты Tajik Air компаниясын жою болды" деген сөзін келтірді.
Tajik Air басшысының бұрынғы орынбасары Валерий Шарифов 2018 жылы компанияға қызмет көрсететін еншілес компаниялар бағаны үш есе көтергенін, соның кесірінен әуе компаниясы қарызға батқанын мәлімдеді.
Дәл осы кезде "Сомон эйр" ұлттық әуе компанияның ең табысты бағыттарын иемдене бастады.
2014 жылы Tajik Air басшысы Фируз Хамроев екі әуе компанияның арасында "әділетсіз бәсекелестік" туғанына шағым айтып, көп ұзамай жұмысынан айырылды. Tajik Air компаниясын екі жыл басқарған ол 2014 жылғы шілдеде орнынан кетті.
"Сомон эйр" ашылған соң алты жылдың ішінде рейс санын көбейтіп, жолаушыларды тартты. Соның арқасында Tajik Air компаниясын басып озды. Бұл үрдіс кейінгі жылдары да жалғасты.
Президент Эмомали Рахмон ресми сапарларға "Сомон эйр" ұшағымен шығады. Ал Рахмонның кенже ұлының есімі – Сомон. Бұл кездейсоқтық па, әлде компания президент ұлының атымен аталған ба, ол жағы беймәлім.
Осылайша, Тәжікстанның ең ескі әуе компаниясы дағдарысқа бата берді, ал жаңадан ашылған компания небәрі алты жылда оның орнын басты.
Ресейлік компаниялардың қысымына қарамастан, 2008 жылға дейін Tajik Air Тәжікстан рейстерінің бәріне ұшақ ұшырып келген еді.
БИЛІК ПЕН TAJIK AIR
Tajik Air компаниясы басшылары мен президент Эмомали Рахмон арасындағы шиеленіс 2019 жылғы 21 қаңтарда үкімет отырысында басталды. Онда президент компания басшысы Хайролла Рахимовты қатты сынаған еді.
Рахмон Рахимовты жиыннан қуып, оның жұмысын тексеруді бұйырды.
Содан соң Хайролла Рахимов "қызметін асыра пайдаланып, қаржыны ысырап қылды" деп айыпталып, қамауға алынды.
Бірақ іс сотқа жетпеді. 374 мың долларды заңсыз иемденді деп айыпталғанына қарамастан, Хайролла Рахимов 200 мың доллар төлеп босап шықты. Оның орнына билік Рахимовтың жүргізушісі, компания басқарушы болған Азизулло Сафаровты қамауға алды. Оған "256 мың доллар иемденді" деген айып тағылды. Шетелге кетуге мәжбүр болған Азизулло Сафаров өзіне "жала жабылып", соның "құрбаны болғанын" айтты.
– Tajik Air басшылары мен прокуратура кінәні мойныма алуымды сұрады. Менің атымнан ақшаны қайтарып, мені түрмеден шығарып алатынын айтты, – деді Сафаров Азаттыққа.
Сафаров алты ай түрмеде отырып, 2020 жылғы қыркүйекте босап шықты.
– Олар менің ағамның атынан ақша төледі, – дейді Сафаров.
Азаттық Хайролла Рахимовқа да хабарласты. Ол Tajik Air компаниясының проблемасы өзі басшылыққа келгенге дейін басталғанын айтты. Ол бұл қызметке 2016 жылғы қаңтарда тағайындалған.
ОҒАН ДЕЙІН НЕ БОЛДЫ?
Tajik Air компаниясындағы дереккөздің бірі Хайролла Рахимовтың сөзін растады. Аты-жөнін атамауды сұраған ол Рахимовтың тұсында әуе рейстері тоқтағанымен, компания оның алдында Рустам Холиков басқарған кезде үлкен проблемаларға тап болғанын айтты.
2014 жылы Душанбе халықаралық әуежай басшысы Рустам Холиков Хамроевтың орнына Tajik Air басшысы болған. Оның тағайындалуы Tajik Air компаниясының астанадағы әуежаймен бірігуімен тұспа-тұс келді.
Бірақ билік Tajik Air компаниясына қаржы проблемасын шешуге әуежайдың ақшасын жұмсауға тыйым салды. Холиковтың сөзінше, сол кезде Tajik Air 1,4 миллион доллар қарыз болған.
Алты айға жетер-жетпес уақытта Рустам Холиков Tajik Air қарызынан құтылғанын мәлімдеп, компания жаңа ұшақ сатып алып, жаңа маршруттарды іске қосатынын айтты. 2016 жылғы қаңтарда Рустам Холиков қызметтен кетті, себебін ешкім түсіндірген жоқ.
Содан соң билік әуе компаниясын Душанбе әуежайына қосу жоспарынан да бас тартты.
TAJIK AIR ҚАРЫЗЫ
2018 жылғы сәуірде Вильнюс соты Tajik Air компаниясын Skyroad Leasing компаниясына 20 миллион доллар төлеуге міндеттеді. Әуе компаниясы литвалық компаниядан екі ұшақты жалға алып, ақысын төлемеген.
Сот Тәжікстан көлік министрлігі құқықтық мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Зафар Хафизов әрекет етпеді деп, оған қатысты қаулы шығарды.
Хафизов Tajik Air компаниясынан сотқа қатысуға және 8 мың доллар сот шығынан төлеу үшін Еуропаға барған. Бірақ оның шығынды неліктен төлемегені белгісіз. Азаттықтың Тәжік қызметінің зерттеуі Хафизов содан бері Еуропада қалғанын көрсетті.
Тәжікстанның алаяқтықпен күрес агенттігі Зафар Хафизовқа қатысты тергеу бастап, бірақ істі соңына жеткізбеген.
Азаттық үкіметке берілген баяндамамен де танысты. Онда алаяқтықпен күрес агенттігі Литвадағы сотта компанияның жеңілуіне Tajik Air басшыларының "немқұрайдығы" себеп болды деген қорытынды жасаған.
Агенттік 2008 жылдан бері Tajik Air компаниясы проблемаларын көбеюіне басқарушылар жауапты екенін айтады.
2019 жылы Skyroad Leasing Tajik Air әуе компаниясын Душанбедегі экономикалық қылмыстармен айналысатын сотқа беріп, Литва сотының шешімі бойынша 20 миллион доллар төлеуін талап етті.
Душанбедегі сот Tajik Air мен Skyroad Leasing арасындағы келісім Тәжікстанның заңына қайшы келеді деп шешіп, Душанбе соты литвалық компанияның төлем талап етуге құқығы жоқ деген қаулы шығарды.
Одан кейін Skyroad Leasing істі Тәжікстан экономикалық сотына берді. Ол 2019 жылғы тамызда төменгі инстанция соты шешімінің күшін жойып, істі қайта қарауды тапсырды.
Оқиғамен таныс екі дереккөз жоғары экономикалық сот шешімді Tajik Air басшыларының араласуымен қабылдағанын айтты.
Төменгі сот Tajik Air компаниясын жақтап шешім қабылдағанына, компанияны ірі қарыздан құтқарғанына қарамастан, компания басшылары сот шешіміне разы болмаған дейд соттағы дереккөздер.
Олардың кейбірі кей басқарушылар президенттің қызы Озада Рахмонның қызымен серіктес болғанын айтады.
Олар Озода Рахмонның атынан жоғары экономикалық соттан төменгі инстанция сотының шешімін жоюды сұраған деді Азаттыққа аты-жөнін атамауды сұраған дереккөз.
Азаттық Tajik Air компаниясымен байланысып көрді. Олар мұны "шылғи өтірік" деп атап, жоққа шығарды.
"НАШАР КЕЛІСІМ"
2009 жылы Tajik Air компаниясы Skyroad Leasing компаниясымен екі ескі Boing ұшағын жалға алу туралы келісімшартқа отырған.
Тәжікстан бас прокуратурасы, алаяқтықпен күрес органы және көлік министрлігі Tajik Air компаниясын салдыр-салақтық танытқан деп айыптап, келісімді компания мүддесін қорғай отырып жүзеге асыра алмаған деп сөккен.
Мысалы, олар ескі ұшақ жалдаудың келісімде көрсетілген бағасы тым қымбат екенін мәлімдеген. Сондай-ақ Tajik Air компаниясы ұшақты көп пайдаланбағанын, оны иесіне қайтаруға немесе келісімшартты өзертуге талпынбағанын айтқан. Мұның орнына компания жалдау ақысын төлемей кеткен.
Сотта Tajik Air компаниясын қорғаған литвалық Magnusson заң фирмасы бұл шешімді әділетсіз деп сипаттайды. Әуе компаниясы 2018 жылы төлеуі тиіс ақшаның тым көп екені айтылған.
Азаттық көрген құжатта Magnusson фирмасы Tajik Air компаниясына Skyroad Leasing компаниясына қарсы арыз жазуға кеңес берген. Бірақ әуе компаниясы одан бас тартқан.
Келісімшарт бойынша, Tajik Air Skyroad Leasing компаниясына 60 айдың ішінде 17 миллион доллар төлеуі тиіс болған. Әуе компаниясы тағы 4 миллион доллар төлесе, екі ұшақты иемдене де алатын еді.
Skyroad Leasing өкілі, адвокат Паулиус Дока компания Tajik Air-мен 2013 жылы байланысқанын, сол кезде олар жалдау ақысын төлеуді тоқтатқанын айтады.
Tajik Air Skyroad Leasing компаниясының әрекетіне жауап бермеген. Сондықтан, компанияның сотқа шағым жазғаннан басқа жолы қалмаған дейді компания өкілі.
Бірнеше дереккөз, әсіресе, жағдаймен таныс заңгерлер Азаттыққа Tajik Air басшылары компанияның күйреуіне "белгілі бір деңгейде мүдделі" болғанын айтты. Олай болмағанда, проблеманы ерте шешу оңай болар еді дейді өз аты-жөнін атамауды сұраған дереккөздер.
Tajik Air басшылары жалға алу бағасын неге төлемегенін, ұшақты неге қайтармағанын түсіндірмеді. Олар компанияның Skyroad Leasing компаниясының әрекетіне неге жауап бермегенін немесе Вильнюс сотының шешіміне қарсылық білдірмегенін де айтпады.
2014 жылы Tajik Air компаниясы Skyroad Leasing компаниясының серіктесі FL Technics компаниясына сот шешімінде көрсетілгеннен жарты миллион доллар артық ақша төлеген.
FL Technics Tajik Air компаниясын 1,2 миллион доллар қызмет ақысын төлемегені үшін сотқа берген. Оның орнына әуе компаниясы Литвада орналасқан компанияға 1,6 миллион доллар төлеген. Бұл сот шешімінде көрсетілген сомадан 453 мың долларға көп.
Tajik Air басшылары бұл шешімін түсіндірмеді. Азаттық компанияның сол кездегі басшысы Холиковпен байланысқанымен, ол жауап берген жоқ.
ХОЛИКОВ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК
2019 жылғы тамызда қауіпсіздік қызметі Холиковты Душанбе әуежайында Стамбұлға баратын рейске отырғалы жатқан жерінен қамауға алған.
Билік Холиковтың елден шығуына тыйым салып, Tajik Air қаржысын ұрлау туралы қылмыстық іс бойынша тергеу қорытындысын күтуі керек деген.
2016 жылғы қаңтарда Nigoh тәжік тәуелсіз басылымы Tajik Air компаниясы Холиковтың кесірінен бір жылда 19,2 миллион доллар шығынға батқанын жазған.
Nigoh зерттеуі Холиков қызметінен кеткен уақыттан екі апта бұрын жарияланған.
Холиков та, Тәжікстан билігі де бұл жарияланым туралы пікір білдірмеген.
Akhbor 2019 жылы Tajik Air қызметкерлерінің ашық хатын да жариялаған. Онда қызметкерлер бұрынғы басшыдан "заңсыз иемденген" миллион долларды қайтаруды талап еткен.
Холиковтың еңбек жолын зерттеу барысында оның мемлекеттік қызметте болғанда кәсіпкерлікпен айналысқаны белгілі болды. Тәжікстан заңы бойынша, мемлекеттік қызметкердің жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынады.
2015 жылы президенттің ресми сайты Эмомали Рахмон Ситабр-Агро компаниясына тиесілі арнайы қойманың "ресми ашылуына" барғаны жазылған. Душанбе маңындағы Хизор ауданындағы бұл компанияны Холиков ашқан және басқарған.
Ол кезде Холиков Tajik Air басшысы болып отырғанына қарамастан, ақпаратта оны жеке кәсіпкер деп жазған.
2020 жылғы қыркүйекте мемлекеттік телеарна президент Эмомали Рахмонның азық-түлік өндіретін компанияның "ресми ашылуына" барғанын көрсеткен. Бұл компания да Ситабр-Агро компаниясына тиесілі.
Онда Холиков компанияны "президент жарлығы бойынша" ашқаны айтылады.
Ситабр-Агро компаниясы 2008 жылы құрылған. Ол кезде Холиков Душанбе әуежайын басқарып тұрған еді.
АСАДУЛЛАЗОДАНЫҢ "АДАМДАРЫ"
Бірнеше дереккөз Азаттыққа Tajik Air компаниясының құлдырауына әсер еткен адамдардың Асадуллозодамен және оның төңірегіндегілермен байланысы барын айтты.
Мысалы, Рахимов Tajik Air басшысы болмас бұрын "Сомон эйр" компаниясы басшысының орынбасары болған.
Tajik Air компаниясының ресми банк есепшоттары "Ориенбанкте" тұр. Ал бұл банкті Асадуллозода басқарады.
Tajik Air басшысы Дилшод Исматуллозоданың ағасы – "Ориенбанкте" Асадуллозоданың орынбасары болып істейді.
Tajik Air компаниясының қаржы жөніндегі бас қызметкері және Skyroad Leasing компаниясымен келіссөз жүргізгендердің бірі Акбар Шарифов қазір Асадуллозоданың TalCO компаниясының филиалында жұмыс істейді.
Асадуллозода Tajik Air компаниясын сақтап қалуға арналған үкімет тобының отырысына да бірнеше рет қатысқан.
Бұл топ көзбояушылық үшін құрылды ма, әлде үкімет расымен әуе компаниясын құтқаруға тырысты ма, ол жағы белгісіз.
Азаттықтың Тәжік қызметі – Озодидің зерттеуінен аударылды.
ПІКІРЛЕР