"ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ ЖАРЫҚ БОЛМАЙДЫ"
Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы орталығы Бохтар қаласының іргесінде орналасқан Муродтың жекеменшік тіс емханасынан адам қарасы үзілмейді. Бірақ Мурод Тәжікстанның көп ауданында қазан айында басталған электр жарығын өшіру үрдісі қыс мезгілінде де жалғасатын болса банкрот болып, емхананы жабуға тура келуі мүмкін деп қауіптенеді.
– Электр қуатын таңертең және кешке бірнеше сағат ғана береді. Жұмыс кезінде жарық болмайды, – дейді толық аты-жөнін айтқысы келмеген Мурод.
Ол емханаға қаралуға келгендердің тісін тексеріп, шұғыл көмек көрсету қажет болған жағдайда қолшам немесе телефон жарығын пайдаланатынын айтады.
– Бірақ электрсіз көп нәрсе істей алмаймын. Мысалы, тіз тазалауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан клиенттерді [жарығы бар] қалаға жіберуге мәжбүрмін, – дейді ол.
Әзірге Тәжікстан астанасы Душанбе мен Бохтар сияқты облыс орталықтарында электр жарығын үнемдеп беру мәселесі жоқ. Бірақ елдің көп бөлігінде қазан айының басынан бері ресми мәлімдеме жасалмаса да, жарықты күніне бірнеше сағат қана беру әдетке айналған.
Ірі қалалардан басқа өңірлерде таңертеңгі 8-ден кешкі 5-6-ға дейін және түнгі 11-ден бастап электр жарығы болмайды.
Күндіз жарықтың өшуі мектеп, кеңсе, банк, дүкен және басқа да мекеме, кәсіпорындар жұмыс істейтін уақытқа дөп келеді.
Елдің солтүстігіндегі Соғды облысындағы азық-түлік дүкенінің иесі электр қуаты болмағандықтан тоңазытқышта тұрған ет және сүт өнімдері бұзылып, шығынға батқанын айтады.
– Бүгін 17 градус жылы, бұл өнімдерді тоңазытқышсыз қалай сақтаймын? – деді аты-жөнін атамауды өтінген дүкен қожайыны.
"ЖАРЫҚ БЕРІЛГЕН КЕЗДЕ БОСАНСА ЕКЕН"
Мейіргерлер мен науқастардың айтуынша, жарық берілмеуі салдарынан ауыл ауруханалары қиын жағдайда қалып отыр. Кей медицина мекемесі жарық болмаған кезде дизель генераторын қосады. Бірақ ауылды жердегі аурухананың бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік бола бермейді.
Восе ауданы Худойор Ражабов ауылындағы N4 ауруханада науқастар қараңғы әрі суық палатада жатыр.
Дәрігерлер түнде төтенше жағдай бола қалса не істерін білмейді. Ауруханада генератор жоқ.
– Аяғы ауыр келінім осы ауруханада жатыр. Кез келген уақытта босанып қалуы мүмкін, – дейді Восе тұрғыны Бибисоро Гиосова.
Ол "немерем жарық берілетін таңертеңгі я кешкі мезгілде дүниеге келсе екен" деп тілеп отыр.
ҮЙ ЖЫЛЫТЫП, АС ПІСІРУ МАШАҚАТЫ
Тәжікстан билігі елде жарық бірнеше сағат қана берілетінін жоққа шығарады.
Халықты жарықпен қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік "Барқи Тожик" компаниясы "ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер электр қуаты жоспарлы түрде сағаттап берілетіні жайлы еш негізсіз хабар" таратқанын мәлімдеді.
"Барқи Тожик" компаниясы 12 қазанда халықтың шағымына берген жауабында "қысқа дайындық іс-шарасына байланысты" кей аудандарда электр энергиясын беруде кідіріс болғанын хабарлаған.
Агенттік дерегінше, қысқа дайындық іс-шараларына электр желісі бағанына тиіп тұрған ағаш бұтағын кесу, электростанциялар мен электр желісін жөндеу жұмыстары кіреді.
Компания қысқа дайындық іс-шарасы қашан аяқталатынын айтқан жоқ.
Тәжікстан көп жылдан бері электр қуаты тапшылығы зардабын тартып келеді. Жарық беруде проблемалар жыл бойы жалғасқан кездер де болған.
Тәжікстан халқы 2018 жылы әлемдегі ең ірі су электр станцияларының бірі – Рогун ГЭС-і жартылай пайдалануға беріліп, электр энергиясын өндіре бастағаннан кейін елде жарықты үнемдеп беру мәселесі шешіледі деп үміттенген.
Рогун су электр станциясының құрылысы аяқталғаннан кейін Тәжікстандағы электр өндірісінің қуаты екі есе өсіп, 3600 МВт-қа жетеді деп хабарланған. Бұл үш атом электр станциясы қуатына тең. Орталық Азиядағы кедей мемлекет жаңа су электр станциясының арқасында өңірдегі электр энергиясын экспорттайтын елге айналамыз деп сенеді.
Өзеннің жоғарғы сағасында орналасқан Тәжікстанда Нұрек және Сангтуда сияқты басқа су электр станциялары да бар.
Қазіргі дағдарыс елде газ, көмір және ағаш бағасы күрт өскен кезге дөп келді. Қымбатшылықты қалтасы көтермеген халыққа үйін жылытып, ас пісіру қиынға түсіп отыр.
Жаббор Расулов ауданы тұрғыны Тургунбой Турсунов бұрын жарық болмаған кезде көмір жағып амалдап келгенін, бірақ биыл көмір екі есе қымбаттағанын айтады.
Егер қыс бойы жарық дұрыс берілмесе, Турсуновтың отбасына екі тонна көмір сатып алу қажет болады. Қазір екі тонна көмір 540 доллар тұрады. Отағасы мұндай көп ақша жинай алмағанын айтады. Мемлекеттік қызметкердің өзі 150 долларға жетпейтін жалақы алатын Тәжікстанда 540 доллар едәуір көп ақша саналады.
– Қазір тезек жағып отырмыз, – дейді Турсунов.
Тәжіктердің көбі жарықсыз қалған соң өркениет игіліктері болмаған бағзы заманға қайта оралғандай күй кешіп отырғанын айтады.
Азаттықтың Тәжік қызметі материалы бойынша әзірленді.
ПІКІРЛЕР