Accessibility links

Тәжік үкіметі Рахмонның құдаларына тиесілі шипажайларын салықтан босатқан


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен күйеубаласы "Зумрад" шипажайын аралап жүр. 2017 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен күйеубаласы "Зумрад" шипажайын аралап жүр. 2017 жыл.

Тәжікстан үкіметі Исфардағы "Зумрад" және Гиссардағы "Шаамбары" шипажайларының иелеріне салық төлеу кезінде жеңілдіктер жасаған. 

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы — (Organized Crime and Corruption Reporting Project, OCCRP) 2019 жылы желтоқсан айында жариялаған материалында аталған екі шипажайдың да Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жақындарына тиесілі екенін жазған.

Оған дейін 2019 жылдың шілде айында үкімет "Зумрад" шипажайы мен тағы екі нысанды жөндеуге қажетті құрылыс және әрлеу материалдарын елге кіргізу үшін төленетін салықтан босатқан.

Бұл шешімдерден соң мемлекет бюджеті қанша қаржыдан қағылатыны белгісіз. Бірақ үкіметтің 2020 жылы ақпанның 8-і күнгі №81 қаулысына сәйкес, "Зумрад" және "Шаамбары" шипажайларының иелері 88 түрлі құрылыс материалдары үшін төленетін салық пен кедендік төлемдерден босатылған. Бұл қаулының көшірмесі ақпанның 24-і күні Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілерінің қолына түскен. Қаулыда шипажайларға әкелінген жиһаз, перде, сантехника мен душ құрылғылары сияқты әртүрлі заттарға салықтан жеңілдік жасалғаны көрсетілген.

OCCRP дерегінше, "Шаамбары" шипажайы 2016 жылы маусымда 395 мың долларға Тәжікстан президентінің отбасымен байланысы бар "Рухафзо-2015" компаниясына сатылған. Компания құрылтайшыларының бірі Зайнулло Сохибов — президенттің күйеубаласы Шамсулло Сохибовтың ағасы, яғни Тәжікстан басшысы Рахмонның құдаларының бірі.

"Шаамбары" шипажайы
"Шаамбары" шипажайы

Биыл ақпанның 14-і күні Зайнулло Шарифзода (Сохибов) үкімет жанындағы мемлекеттік сатып алу бойынша агенттіктің басшысы қызметіне тағайындалған. Ол жаңа қызметіне дейін "Таджикцемент" кәсіпорнын басқарған.

2015 жылы сәуірде үкімет "Зумрад" шипажайын жекешелендіру туралы жоспарын жариялап, нысанды 1,1 миллион долларға бағалаған. Сол жылы қыркүйек айының соңына қарай "Сомон-Сугд" компаниясы шипажай акцияларын 950 мың долларға, емделу аймағына жақын маңдағы 600 гектар жері шамамен 91 мың долларға сатып алған. "Сомон-Сугд" компаниясының бенефициар иелері — президент Рахмонның екі қайынағасы, ал компанияны президент күйеубаласының тағы бір ағасы Нарзулло Сохибов басқарады.

Тәжік президентінің маңындағы жақындарының бизнесі.
Тәжік президентінің маңындағы жақындарының бизнесі.

Ақпарат құралдарындағы жаңалықтар мен шипажай қызметкерлерінің сөзіне сәйкес, президент Рахмонның үлкен қызының күйеуі Махмадзоир Сохибов "Зумрад" пен "Шаамбары" шипажайларына жиі келіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып тұрады. Президенттің ресми сайтындағы ерекше суреттер сериясынан Махмадзоир Сохибовтың қайын атасы Рахмонға "Зумрад" шипажайын аралатып жүргені көрінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG