Accessibility links

Тәжікстанда репрессия күшейді. Душанбе сапармен келген БҰҰ өкілін де елемеді


Рушан ауданына кіреберіс. Тәжікстан.
Рушан ауданына кіреберіс. Тәжікстан.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Мэри Лоулор Тәжікстан билігін "үрей күшейіп жатқаны үшін" сынға алды. Бірақ Душанбе белсенділер мен тәуелсіз адвокаттарға күмәнді айып тағып, ұзақ жылға түрмеге қамауын жалғастырып жатыр.

Түрменің қараңғы камерасында отырған адам "Адвокатыммен сөйлескім келеді" дейді.

Оған көрші камерадағы біреу "Мен осындамын" деп жауап береді.

Әртүрлі елдерде кең тараған қуған-сүргін кезінде көбі түсінетін бұл әзіл Тәжікстандағы жағдайды жақсы сипаттайтын сияқты. Онда билік оппозициямен, азаматтық белсенділермен, журналистермен, оларды қорғауға батылы жеткен адамдармен жылдар бойы күресіп келеді.

Осы айда БҰҰ адам құқықтары жөніндегі сарапшының Душанбеде болғанына қарамастан, Тәжікстан билігі мұнымен тоқтайтынға ұқсамайды.

БҰҰ-ның құқық қорғаушылардың жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мэри Лоулор екі апта Тәжікстанда болып, елдегі азаматтық еркіндік жағдайын жоғары бағаламай кетті. Сол кездің өзінде билік кезекті қуғын-сүргінін жүргізіп жатты.

9 желтоқсанда Душанбеге сапармен барған БҰҰ адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Мэри Лоулор Тәжікстан билігін "үрей күшейіп жатқаны үшін" сынға алды
9 желтоқсанда Душанбеге сапармен барған БҰҰ адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Мэри Лоулор Тәжікстан билігін "үрей күшейіп жатқаны үшін" сынға алды

Лоулордың сапары кезінде кемінде алты белсендіге қатысты үкім шықты. Оның ішінде танымал қоғам белсендісі Ульфатхоним Мамадшоева 21 жылға, адвокаттар Манучер Холикназаров пен Фаромуз Иргашев 15 және 30 жылға түрмеге кесілді.

Тәжікстанды жағдайды бұрыннан бақылап жүрген сарапшы, Оңтүстік Калифорния университетінің адам құқықтары жөніндегі доценті Стив Свердлоу Азаттыққа "Лоулордың сапар соңындағы жалынды баспасөз конференциясы" Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың Тәжікстандағы "сұмдықтар парадына" деген ұстамды реакциясына қатты қарама-қайшы болғанын айтты.

Лоулор Душанбеде болған кездің өзінде үкім шығып жатқаны "Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бастаған жазасыздықтың дәлелі болғандай" деді Свердлоу.

РЕПРЕССИЯЛАР ЛЕГІ

9 желтоқсан күні Душанбедегі баспасөз конференциясында Лоулор тәжік билігінің елді "үрей күшейіп жатқан атмосферада" басқарып отырғанын мәлімдеді.

Елдегі репрессиялар Таулы Бадахшан автономды облысындағы әскери операциядан соң күшейген деді құқық қорғаушы. Онда тұратын 250 мыңнан астам адамның көбі – памир өкілі.

30 жылға сотталған адвокат Фаромуз Иргашев.
30 жылға сотталған адвокат Фаромуз Иргашев.

Лоулор жергілікті журналистердің "Тәжікстанда 1990 жылдары болған азаматтық соғыс кезіне қарағанда, қазір журналист болу қиын" деген сөзін келтірді.

Тәжікстан үнемі авторитар ел болғанымен, арнайы баяндамашы айтқан мәселелердің көбі 2015-2016 жылдары басталған.

Бұл кездері конституциялық реформа Рахмонның құзыретін кеңейтіп, биліктің "Исламның қайта жаңғыруы" партиясына деген төзімін тауысты. Ұзақ жыл бойы үкімет пен заң шығарушы билік құрамында болған партия оппозициялық күш ретінде әрекет еткен еді.

2015 жылы даулы сайдаудан кейін партия парламенттегі орнынан айырылған соң, топ лидерлеріне терроризм бойынша айып тағылды. Келесі жылы олар ұзақ уақытқа, кейбірі тіпті өмір бойынша бостандығынан айырылды.

"Рахмон билік тізгінін 34 жастағы ұлы Рустан Эмомалиге бермек" деген әңгіме күшейген соң, журналистерді қамауға алу, саяси оппоненттерді экстрадициялау мен олардың отбасына қысым көрсетілгені жайлы хабарламалары жиілеп кетті.

Лоулор Душанбеде болған кездің өзінде үкім шығып жатқаны "Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бастаған жазасыздықтың дәлелі болғандай" дейді Стив Свердлоу
Лоулор Душанбеде болған кездің өзінде үкім шығып жатқаны "Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бастаған жазасыздықтың дәлелі болғандай" дейді Стив Свердлоу

Соған қарамастан, халықаралық қауымдастықтардың Душанбедегі демократияға қарсы әрекеттеге деген көзқарасы тым ұстамды болды.

Тәжікстанның Қытай мен Ресей секілді негізгі серіктестері оның авторитар саясатына ешқашан қарсы шыққан емес. Бірақ құқық қорғаушылар Батыс елдерінің репрессияларға көз жұма қарағанына алаңдаулы.

"Халықаралық қауымдастықтың Ресейдің Украинаға басқыншылығына, Ауғанстанға тәліптердің билікке келуіне, Қытайдың Орталық Азияға ықпалына алаңдаулы деген күннің өзінде, Вашингон, Берлин, Брюссель, Лондон және басқа да ойыншылардың адам құқықтары дағдарысының артып жатқанына реакциясы әлсіз болды" дейді Свердлоу Азаттық радиосына.

Human Rights Watch пен Хельсинки комитеті 32 жастағы саяси белсенді Абдуллохи Шамсиддиннің Германиядан Тәжікстанға депортациялануы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Германия билігі оның бассауға сұрау өтінішін қанағаттандырмаған еді.

""Исламның қайта жаңғыруы" партиясындағы беделді қызметкердің ұлы Шамсиддин Тәжікстанға оралса, бірден қамауға алынып, азапталады" деді Тәжікстанның ұлттық альянс өкілі Махмуджон Файзрахмонов. Тәжік оппозиция топтарының бұл коалициясы Еуропада орналасқан.

Оның 13 желтоқсанда депортацияланатыны айтылған. "Процесс бір аптаға тоқтатылды, бірақ ол әлі қамауда отыр" деді Файзрахмонов Азаттыққа. "Депортация қаупі әлі де жоғары".

"БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ШАБУЫЛ"

Өткен аптада Таулы Бадахшан облысынан шыққан алты адамға қатысты жабық сот отырысы өтіп, үкім шықты. Олар Душанбе баяғыдан бақылауға алғысы келген облыста мамыр-маусымда болған оқиғалардан соң қамауға алынған.

Тәжікстан билігі наразылар мен полиция қақтығысынан он адамның қаза тауып, 27 адамның жарақат алғанын мәлімдеді.

Ал ең қанды қақтығысқа куә болған Рушан ауданының тұрғындары Азаттықтың Тәжік қызметіне оқиға орындарында 21 мәйіт табылғанын айтты.

Лоулорға сапар кезінде Таулы Бадахшанға баруға рұқсат бермеген. Бірақ ол елдің басқа бөліктерінде қамауда отырғандарға бара алған.

65 жастағы Мамадшоева – журналист, памир қауымдастығының танымал өкілі. Оның қоғамдық ұйымы Батыс донорлары қаржыландыратын жобалармен айналысқан.

Қамауға алынғаннан бір күн бұрын ол Азаттықтың Тәжік қызметіне Хорог немесе Рушан ауданындағы наразылықтарға қатысы жоқ екенін айтқан.

Бірақ кейін мемлекеттік телеарна көрсеткен видеода ол тәртіпсіздіктерге қатысы барын мойындайды. Сол үзіндіде оның бұрынғы күйеуі, отставкадағы генерал-мойор Холбаш Холбашовтың да мойындауы көрсетілген. Қыркүйекте сот Холбашовты өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Осы үкімдерге қатысты 13 қыркүйек күнгі мәлімдемеде Human Rights Watch арнайы қызметтер тәртіпсіздіктерді тергеу кезінде, әсіресе, Мамадшоева мен Холбашовтың ісінде оларды азаптаған болуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.

Орган Тәжікстанды "адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға, Таулы Бадахшан автономды облысындағы азаматтарға бір жыл бойы жалғасып жатқан шабуылды тоқтатуға" шақырды.

Өткен аптада сот прцесі кезінде айып тағылғандардың ішінде Мамадшоевадан басқалары "Комиссия 44" арнайы тобына қосылды. Бұл топ былтыр күш құрылымдары аудан тұрғынын қамауға алып жатып, өлтіріп алған соң құрылған еді.

Тамызда Тәжікстан жоғарғы соты "Комиссия 44" тобын заңсыз қылмыстық топ деп таныды.

Холикназаров пен Иргашевке тағылған айып Душанбенің тәуелсіз адвокаттарды қауіп көретінін аңғартатындай. Лоулер сапар кезінде билік шектеулері артып жатқандықтан, олардың саны күрт азайғанына алаңдаушылық білдірген.

Әділет министрлігі енгізген шектеулер 2015 жылы күшіне енген. Сол жылы "Исламның қайта жаңғыруы" партиясының түрмеде отырған мүшелеріне қызметін ұсынған екі адвокат қамауға алынған.

Бузургмехр Еров пен Нуриддин Махамов алаяқтық пен конституцияға қарсы қылмыстары үшін жазасын әлі өтеп жатыр. Құқық қорғау топтары мен билікті сынаушылар оларға жалған айып тағылғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG