Accessibility links

Гол соққан футболшы жарықсыз-сусыз қалды


«Регар-ТадАЗ» клубының футболшысы Ахтам Хамрокуловқа «Истиклол» командасымен ойында төреші қызыл қағаз көрсетіп, ойыннан қуған кез. 5 қазан 2013 жыл. (Фото fcregartadaz.tj сайтынан алынды).
«Регар-ТадАЗ» клубының футболшысы Ахтам Хамрокуловқа «Истиклол» командасымен ойында төреші қызыл қағаз көрсетіп, ойыннан қуған кез. 5 қазан 2013 жыл. (Фото fcregartadaz.tj сайтынан алынды).

Тәжік футболшысы Қорғантөбе қаласы командасының қақпасына гол салғаны үшін шенеуніктердің қырына іліккенін айтады.

- Осы айдың басында Тәжікстан кубогі үшін болған жарыста мен Қорғантөбе футбол командасының қақпасына екі гол соқтым. Содан кейін қала басшылары менің Қорғантөбедегі үйімді ауызсу мен электр жарығынан ажыратып тастады, -дейді Тәжікстандағы танымал футболшы Ахтам Хамрокулов.

Осыған қарағанда қала әкімдігі жергілікті футболды дамыту мәселесіне енжар қарамайтын сияқты.

«КЕЛСЕМ, ҮЙДЕ «ҚОНАҚТАР» ОТЫР»

Қорғантөбеде тұратын Ахтам Хамрокулов осыдан екі жыл бұрын «жалақысы жақсы» деген соң қаланың «Вахш» футбол клубын тастап, көрші қаланың «Регар-ТадАЗ» командасына ауысқан.

«Регар-ТадАЗ» командасының футболшысы Ахтам Хамрокулов.
«Регар-ТадАЗ» командасының футболшысы Ахтам Хамрокулов.
- Тәжікстан чемпионатының ширек финалында бұрын өзім ойнаған «Вахш» командасына екі гол соқтым. Жеңісті тойламақ болып, кешке командалас екі серігіммен бірге үйге келсем, мені «қонақтар» күтіп отыр. «Қонақтар» өздерін қала әкімшілігінен және коммуналдық қызмет көрсету кеңсесінен келдік деп таныстырды, - дейді футболшы.

«Қонақтар» спортшыға оның екі айдан бері коммуналдық қызметтің ақысын төлемегені туралы қағаз көрсеткен. Олардың айтуынша, спортшының «ауызсу мен электр энергиясына төлемеген қарызы 600 долларға жеткен».

- Коммуналдық қызмет ақысын үнемі 100 пайыз төлеймін. Менде барлық түбіртек сақтаулы. Оларға "қағаздарыңды алып кетіңдер" дедім. Олар «Вахш» қақпасына гол соққаным үшін келген, - дейді Ахтам Хамрокулов.

Бірақ «қонақтар» спортшының үйінде электр жарығы мен ауызсу желісінен ажыратып, есептегіш аспаптарды мөрлеп кеткен.

«БІЗ ОНДАЙ МАСҚАРА ӘРЕКЕТКЕ БАРМАЙМЫЗ»

Қаладағы коммуналдық қызмет кеңсесінің басшысы Мирзо Ашуров "ондай оқиғаның болғанын" растайды.

- Бірақ оның қарыздан басқа астыртын себебі жоқ. Мен тіпті оның кім екенін, қай командада ойнайтынын білмеймін. Жеке адамдарға арналған қара тізім жоқ. Біз ондай масқара әрекетке бармаймыз. Қызмет ақысын төлемейтін тұрғындар бар. Оларға алдын-ала ескертеміз, - дейді Мирзо Ашуров.

Тәжікстан футбол федерациясының директоры Рустам Эмомали (сол жақта) FIFA президенті Йозеф Блаттермен бірге тұр. Ресей, 23 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан футбол федерациясының директоры Рустам Эмомали (сол жақта) FIFA президенті Йозеф Блаттермен бірге тұр. Ресей, 23 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Футболшы Хамрокуловтың айтуынша, бұл іске Тәжікстан футбол федерациясының директоры Рустам Эмомали (ел президенті Эмомали Рахмонның ұлы) араласқанша электр жарығы да, ауызсу да қосылмаған.

- Проблема енді ғана шешілді. Мен федерацияға шағым түсірдім. Электр жарығынсыз төрт-бес күн отыруға мәжбүр болдық. Мен Рустам Эмомалиге басшылардың үстінен арыз айттым, - дейді спортшы.

Бұл мәселенің Тәжікстан президентінің ұлы құрған «Истиклол» футбол командасы Тәжікстан кубогы финалында «Регар-ТадАЗ» командасын жеңген соң барып шешілуі де кездейсоқ болмаса керек.

Азаттық тілшілері Фарангиз Наджибула мен Мирзо Салимовтың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG