30 қазан күні Эгей теңізінде жер сілкініп, оның толқыны Түркия мен Грекияның сол маңдағы елді-мекендеріне жетті. Магнитудасы 7 балл болған зілзаладан аса қатты зардап шеккен қалалардың бірі – Измир. Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Түркияның батысында орналасқан Измир қаласында жер сілкінісінен қайтыс болғандар саны 102-ге жеткен. Азаттық Измирде тұратын қазақстандықтармен сөйлесіп, алған әсерін сұрады.
ОРНЫМЫЗДАН ТҰРУҒА ШАМАМЫЗ КЕЛМЕДІ
Гүлдана Болат 2018 жылдан бері Измир қаласындағы Эгей университетінің магистратура бөлімінде білім алады. Ол жер сілкініснен қатты зардап шеккен Борнова ауданында тұрады. Жер сілкінісі болған сәтте жеті жасар баласы екеуі үйде болған. "Әуелі баяу басталды да біртіндеп күшейе берді. Төбеде ілулі тұрған шамдар тербеліп, қабырғадағы суреттер мен ілулі тұрған басқа да заттар құлай бастады" деп еске алады оқиға болған сәтті.
Үйден шығу түгіл орнымыздан тұруға шамамыз келмей қалды.
– Үйден шығу түгіл орнымыздан тұруға шамамыз келмей қалды. Балам қорыққаннан жылап жіберді. Менің де өн бойымды үрей билеп, жылауға шақ қалдым. Теледидардан 7 балға жетті деп хабарлады. Құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр. Кеше ғана көршіміз құлаған үйдің астында қалған туысқандарын тапты. Әке-шешесі жұмыста болған. Үйден кішкентай екі қызды қазып алды. Үлкені оныншы сыныпта оқиды, кішісі жеті жаста екен. Жеті жасар қыз әпкесінің қолында, үйіндінің астында су сұрап, сөйлеп жатып қайтыс болыпты. Үлкені тірі қалды, – дейді Гүлдана.
Гүлдананың жердің әлі де сілкініп жатқанын, қала ішінде үлкен кептеліс пайда болғаны айтады. "Жедел жәрдем көліктері межелі жерге жете алмай қалды. Тұрғындар жаппай қала сыртына қаша бастады" дейді ол.
Тұрғындардың қала сыртына қаша бастауын Измирде оқып жүрген тағы бір қазақстандық Ақерке Көшенова да растайды.
– Киім-кешектерін алып кетіп жатқандарды көріп отырмыз. Біз енді баратын жеріміз болмағандықтан, қозғалмадық. Екіншіден түрік жұрты қазақтармен салыстырғанда эмоцияға көп беріліп, айғай-шу шығарып жібереді екен, – дейді Ақерке.
БІР ҮЙДЕН БЕС АДАМ ОПАТ БОЛДЫ
Алматылық Ақерке Измир қаласында Гази университетінде докторонтурада оқиды. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы "Шабыт" университетінде аға оқытушы болған ол Түркияға өткен жылы барған.
Өзінің үшінші қабатта тұратынын, аса бір қатты қорқа қоймағанын айтқан Ақерке "бір үйден бес адам үйінді астында қайтыс болды" дейді.
Танысымның әйелі мен екі баласы, енесі және қайын әпкесі қатар қайтыс болды.
– Жақын танысымның әйелі мен екі баласы, енесі және қайын әпкесі қатар қайтыс болды. Үш күн қазып әрең тапты. Бүгін солардың жаназасын шығарып, жерледі. Барып қайттық. Өте ауыр жағдай. Еске алудың өзі қиын, – деді.
Гүлдана мен Ақерке әкімдік тарапынан зардап шеккендерге жоғарғы деңгейде көмек көрсетіліп жатқанын айтып, "әр ауданның орталығында құрылған штаб-пәтерде тамақтан бастап тіс пастасына дейін таратылып жатыр" деді.
СОҢҒЫ ҮЛГІДЕГІ ҒИМАРАТТАР ДА ҚҰЛАДЫ
Ақеркенің айтуынша, үйлер ең көп құлаған Байраклы ауданы Измирдегі ең қымбат, элиталы аудан болып есептеледі екен. "Үйіндіге айналған ғимараттардың қатарында ертеде салынған ескі үйлер де, кейін салынған жаңа кешендер де бар" дейді қазақстандық.
Екі жылдан бері Измирде білімін жетілдіріп жүрген тағы бір қазақстандық Әсел Қайролла мұндай зілзаланы бірінші рет көргенін айтады.
– Бұрын Алматыда да, осы Измирге келгелі де бірнеше жер сілкінсін көргем, сезгем. Олардың тербелісі әрі кетсе 5-7 секунд еді, бұл жолы маған 1-1,5 минуттай көрінді. Мамандар 45 секунд болғанын айтып жатыр. Жағдайымыз шүкір. Борнова ауданында тұрамын. Қираған үйлердің көбі Байраклы ауданында, Борнованың Байраклымен шектесетін жерінде 2 ғимарат құлапты. Басқа аймақтар аман, бірақ құламаса да, қабырғалары жарылған, пайдалануға жарамсыз үйлер көп, – дейді ол.
Азаттық тілшісімен хабарласқан Измирдегі қазақстандықтар құтқару жұмысының өте қарқынды жүріп жатқаны, еріктілердің де көп екенін айтады.
Reuters агенттігі Түркияда жер сілкінісі жиі болатынын жазады. Басылымның мәліметінше, 1999 жылы Измит қаласында 7,6 балдық жер сілкінісі болып, 17 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ал 2011 жылы Ван қаласындағы зілзаладан 500-ден астам адам қаза тапқан.
ПІКІРЛЕР