Ұлыбритания қорғаныс министрлігі әдеттегідей Украинадағы жағдайға қатысты өз бақылауын жариялады:
Ресейдің басты стратегиялық басымдығы – Донбасс үшін шайқас және Донецк пен Луганск облысына толық бақылау орнату.
Украинаның қарсылығынан Ресей аз ғана территорияға бақылау орнатты және көп әскери шығынға ұшырады.
Конгресс Украинаға арналған ленд-лиз бағдарламасы туралы заңның жобасын мақұлдады
Бейсенбі, 28 сәуір күні АҚШ Конгресінің төменгі палатасы Украинаға арналған ленд-лиз бағдарламасы туралы заңның жобасын мақұлдады. Ленд-лиз АҚШ қару-жарағын Украинаға беру рәсімін жеңілдетуді көздейді.
Өкілдер палатасының 417 мүшесі жобаны қолдады, 10 адам қарсы дауыс берді.
Сенат бұл заң жобасын мақұлдап қойған. Енді оған АҚШ президенті Джо Байден қол қоюы тиіс.
Жоба аясында АҚШ Украина мен Шығыс Еуропа елдеріне 2023 жылға дейін қару-жарақ береді. Бұл қаруды Украина сатып алмайды, жалға алады, сол себепті алдын ала ақы төленбейді.
Осы заң аясында Украина заманауи әскери техника ала алады. Бірақ қару-жарақ тізімі әлі анық емес.
Ленд-лиз бағдарламасы осыған дейін бір-ақ рет – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған. АҚШ Германияға қарсы соғыста одақтастары Ұлыбритания мен СССР-ге әскери көмекті осы бағдарлама арқылы берген.
Сонымен қатар бейсенбі күні Джо Байден Конгрестен Украинаға көмек ретінде 33 миллиард доллар бөлуді сұрады. Ол үшін арнайы заң жобасы мақұлдануы керек.
БҰҰ Бас хатшысы Киевте жүргенде қалаға шабуыл жасалды
Киевтің орталығында екі жарылыс болды. Украина билігінің айтуынша, қалаға Ресей зымырандары түскен. Алты адамның зардап шеккені айтылады.
28 сәуір күні Мәскеуден Киевке БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келген. Сапардағы негізгі мәселе – Украинаның Мариуполь қаласындағы азаматтарды эвакуациялау ісін ұйымдастыру.
Украина президенті офисінің кеңесшісі Михаил Подоляк БҰҰ хатшысы кезінде жасалған шабуыл туралы мынадай пікір білдірді:
"Антониу Гуттериштің ресми сапары кезінде Киевті зымыранмен атқылау. Бір күн бұрын ол Кремльде ұзын үстелдің басында отыр еді, бүгін одан бір шақырым жерде жарылыс болды. Мәскеудің сәлемі ме? Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі орнын қалай сақтап отырғанын еске салыңыздаршы?"
АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институты ISW Украинадағы соғысқа қатысты хабарламасы:
- Артиллерияның арқасында Ресей «Украина шығысында сәлде болса алға жылжыды», бірақ ресейлік күштер Украинаның қорғанысын бұзу үшін әлі де күресін жалғастырып жатыр.
- Ресей Изюм фронтына қосымша күш жіберді.
- Ресейдің күшті бомбалаулары мен шабуылдары Мариупольдегі «Азовсталь» комбинатындағы Украина қорғанысын бұза алмады.
- Херсон маңындағы Ресей әскері бүкіл облысты басып алу үшін жаңа шабуылға дайындалып жатуы мүмкін. Ал ресейлік оккупациялық күштер «Херсон халық республикасын» жариялауға дайындалып жатыр.
- Кремль Приднестровья аймағын соғысқа араластыруды ойлайды я НАТО-ға қосымша қысым жасау үшін Молдовадағы жағдайды ушықтыруды ойластырып жатуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР