Guardian: Ресей әскері бейбіт халыққа қарсы флешетта дротиктерін пайдаланды
Британиялық Guardian газеті Киев түбіндегі қалаларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен сот-медициналық сарапшыларға сілтей отырып, Ресей әскерінің бейбіт тұрғындарға қарсы ұзындығы 3-4 сантиметр болатын флешетта дротиктерін пайдаланды деп хабарлады. Қарудың бұл түрі 20-ғасырдың басында – Бірінші дүниежүзілік соғыста және Ресейдегі азаматтық соғыста пайдаланылған.
Guardian басылымының жексенбі, 24 сәуір күні жарияланған мақаласында Киев облысындағы Буча, Ирпень және Гостомель қалаларында Ресей әскерінің флешеттамен толтырылған снаряд пайдаланғаны жайлы айғақтар бары айтылады.
Мұндай снарядтар жарылған кезде оның ішіндегі флешетталар жүздеген метрге ұшады. Кісі денесіне тигенде әдетте майысып не сынып қалып жатады.
Флешеттаны жүз жыл не одан көп уақыт бұрын жаудың жаяу әскеріне қарсы пайдаланған. Одан кейінгі уақытта оларды сирек қолданған. Мәселен, 1960-жылдары АҚШ әскері бұл қаруды Вьетнамда бірнеше мәрте пайдаланған.
Guardian газетінің жазуынша, флешетта халықаралық конвенциялармен тыйым салынған қаруға жатпайды, бірақ оны халық тығыз орналасқан аумақта қолдану халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы саналады.
Ресейдегі Брянск қаласында мұнай базасы өртке оранды
"Транснефть Брянск Дружба" мұнай базасының өртеніп жатқанын Ресей төтенше жағдай министрлігі растады. Министрліктің айтуынша, өрт кезінде ешкім жапа шекпеген.
Төтенше жағдай министрлігі Брянск қаласы Фокинск ауданындағы өрт туралы хабарламасын түн ортасында жариялады.
Сонымен қатар, "Интерфакс" агенттігі өзінің дереккөзіне сілтей отырып Брянскіде мұнай өнімдері сақталатын тағы бір қойманың өртке оранғанын хабарлады. "Таңға жуық Снежетьский вал [көшесіндегі] мұнай кешені аумағында дизель жанармайы бар қоймада өрт шықты" деп келтіреді дерекөзінің сөзін ақпарат агенттігі.
Украинаның қай аймақтарында қақтығыс болып жатыр? Украина тарабы таратқан хабарламалар.
- 24 сәуірден 25 сәуірге қараған түні Харьков маңайындағы тұрғын үйлер атқыланды. Бір адам жараланғаны айтылды. Харьков облысы Чугуев және Золочев аудандарын атқылаудан екі адам қаза болып, 11 адам жараланды.Бұл туралы Харьков облысы әскери әкімшілігі хабарлады.
- Луганск пен Донецк облысына күшті шабуылдар әлі жалғасып жатыр. Луганск облысында көпқабатты үш үй, төрт жер үй өртенді. Лисичансктегі мұнай өңдеу зауыты шабуылданды. Донецк облысын атқылаудан бес бейбіт тұрғын қаза тапты, екеуі бала. Бұл туралы Донецк облысы және Луганск облысының билігі айтты.
- Львов облысында ракеталарға қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істей бастады. Бұған дейін облыста бірнеше рет әуе дабылы қағылған.
- Полтова облысына ракетадан шабуылдан бір адам қаза болып, жеті адам жараланғаны хабарланды. Облыс басшысы Дмитрий Луниннің сөзінше, ракеталар Кременчуская жылу станциясы мен мұнай өңдеу зауытына түскен.
- «25 сәуір таңертең Украинаның орталық және батысында бес теміржол станциясы атқыланды» деп хабарлады Украина теміржолдары басшысы Александр Камышин. Ол «зардап шеккендер бар, қазір ақпаратты анықтап жатырмыз» деді.
Cоғыс уақытында бұл деректерді тәуелсіз дереккөз арқылы тексеру қиын.
"Тәуелсіз Украина Путин билігінен ұзақ жасайды"
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен қорғаныс министрі Ллойд Остин жексенбі Киевке келіп, Зеленскиймен кездесті. Кездесуден кейін АҚШ-қа оралған Блинкен мен Остин не айтты?
Энтони Блинкен:
- Мәскеу бұл соғыста әскери мақсаттарына жете алмай жатыр, ал Украина жетістікке жетіп жатыр.
- Бұл соғыс енді қалай жалғасатынын білмейміз, бірақ бір білеріміз – тәуелсіз, дербес Украина Путиннің билігінен ұзақ жасайды. Біздің Украинаға қолдауымыз болашақта да жалғаса береді.
- Киевке бұл сапар Американың Украина билігіне үлкен қолдауын білдіреді.
- Зеленский кездесуде АҚШ президенті Джо Байденге және АҚШ-тың жомарттығына алғыс айтты.
- Ресей Украинаның кей аймағында халыққа қатыгездік көрсетіп жатыр, бірақ украиналықтар мықты.
Ллойд Остин:
- Киев қалыпты өмірге оралып келе жатқаны байқалады.
- Украинадағы қақтығыстың сипаты өзгерген, сондықтан алыстағыны атып түсіретін қару-жарақ пен танкілер керек.
- АҚШ Украинаға жіберген қарулардың не болып жатқанын бақылай алмайды, себебі Украинада америкалық әскерилер жоқ.
- Жеңіске деген алғашқы қадам – жеңіске деген сенім. Жеңіске жететінімізге сенеміз, Украинаға дұрыс қару-жарақ пен дұрыс қолдау болса олар да жеңіске жете алады.
ПІКІРЛЕР