Accessibility links

Украинаның санкциясына қазақстандық журналист те ілікті


Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 16 қыркүйек 2015 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 16 қыркүйек 2015 жыл.

Киевтің жаңа санкциясында шетелдік тілшілердің де аты-жөндері аталған. Олардың бірі – қазақстандық журналист Ольга Коваленко бұл тізімге енгеніне өзі таңырқайды.

Сәрсенбі күні кешке Украина президенті Петр Порошенко «Қырымды аннексиялау мен Донбастағы агрессияға қатысты» санкция тізімін кеңейткен жарлыққа қол қойды. Киев бұл жаңа шектеулер елдің шығысындағы өздерін-өздері «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасы» деп жариялап алған сепаратистердің сайлау өткізу туралы шешіміне қарсы шара ретінде қабылданғанын айтады.

Украина президенті мақұлдаған жаңа санкция тізімінде 400 жеке тұлға мен 100-ден астам заңды тұлға бар.

«МАҒАН НЕГЕ САНКЦИЯ САЛҒАНЫН ТҮСІНБЕЙМІН»

Киевтің санкция тізіміне аты-жөні қосылған адамның бірі – қазақстандық журналист, ресейлік «РИА Новости» агенттігімен әріптес «Новости — Казахстан» басылымының бас редакторы Ольга Коваленко. Ол өзіне қатысты салынған санкцияны көріп қатты таң қалғанын айтады.

Кәсіпқой журналист, әлеуметтік желіні пайдаланушы ретінде өмірімде ешқашан Украина туралы мақала жазып, ой білдірген емеспін.

– Кәсіпқой журналист, әлеуметтік желіні пайдаланушы ретінде өмірімде ешқашан Украина туралы мақала жазып, ой білдірген емеспін. Кәсіпқой журналист ретінде өзім бармаған елдегі, өзім көрмеген жердегі, өзім сөйлеспеген адамдар туралы, сан алуан пікірлерін тыңдамай жатып мақала жазуым мүмкін емес. Маған қатысты не үшін осындай санкция салынғанын түсінбеймін, – деді журналист Азаттық тілшісіне.

Украина билігі тізімдегі басқа адамдар сияқты Ольга Коваленкоға да «Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігіне, ұлттық мүддесіне қауіп төндіргені үшін; террорлық әрекетке септесіп, адам мен азаматтық құқығын мен еркін бұзғаны үшін»ел аумағына кіруге рұқсат ететін виза беруге тыйым салған.

Ал Ольга Коваленко Украинаға осыдан алты-жеті жыл бұрын екі күндік журналистік форумға барғанын, одан кейін бұл мемлекетпен ешқандай байланысы болмағанын айтады.

– Маған және басқа көптеген журналистерге, оның ішінде BBC мен CNN-нің, ТАСС-тың тілшілеріне не үшін осындай жала жабылғанына Киевтің ресми түрде жауап бергенін қалар едім, – дейді Ольга Коваленко.

КИЕВ: «БҰЛ ТІЗІМ ӨЗГЕРТУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ»

Украинаның кеше бекіткен санкциялар тізімінде 34 журналист пен 7 блогердің аты-жөндері бар. Олардың арасында ВВС-дің Мәскеудегі журналистері, германиялық Die Zeit және испаниялық El Pais басылымдарының тілшілері, ресейлік ТАСС, НТВ, «Известия» және «Российской газета» баспасөз құралдарының тілшілері де жүр.

ЕҚЫҰ Киевтің санкция тізіміне журналистерді де қосқанына наразылық білдірді.

Журналистердің еркін жүріп-тұруына бөгет болатын ауқымды шектеулерді енгізгені қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес.
ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович.

«Үкіметтің терроризмен күрестегі, ұлттық қауіпсіздігі мен азаматтарының қауіпсіздігін қорғаудағы заңды құқығын сыйлаймын. Бірақ журналистердің еркін жүріп-тұруына бөгет болатын ауқымды шектеулерді енгізгені қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес» деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович.

ЕҚЫҰ өкілінің сөзінше, санкция – журналистердің ақпаратты еркін жинау құқығына зор қауіп.

Бүгін таңертең Украинаның ақпараттық саясат министрі журналистердің де аты-жөні енген жаңа санкция тізімі «өзгертуді талап ететінін» мәлімдеген. Бейсенбі күні түстен кейін Украина президенті Петр Порошенконың ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне «BBC журналистерін санкция тізімінен шығарыңдар» деген тапсырма бергені хабарланды.

XS
SM
MD
LG