Accessibility links

Трамп сайлау нәтижесін даулап жүр, ал президентті таңдайтын жиынға 9 күн қалды


АҚШ президенті Дональд Трамп. 26 қараша, 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. 26 қараша, 2020 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабы Джорджия штатындағы дауыс беру нәтижесін жоққа шығаруды талап етіп, сотқа тағы бір арыз түсірді. Осы штатта "президент сайлауынан да тартысты" сенат сайлауының науқаны қыза түсті. Бұл штатқа Трамп та, Байден де бармақ.

ТРАМП СОТТАСУДЫ ТОҚТАТҚАН ЖОҚ

АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабы Джорджия штатындағы дауыс беру нәтижесін жоққа шығаруды талап етіп, сотқа арыз түсірді. Трамп бүгін осы штатқа келіп, республикалық партия жиынына қатыспақ.

Президент Дональд Трамп 3 қарашадағы сайлауда Демократиялық партия өкілі Джо Байденнен жеңілген соң нәтижені өзгертуге тырысып, соттарға көп арыз түсірген. 4 желтоқсанда берілген бұл арыз – солардың ең соңғысы.
Осыған дейін Трамп штабы қозғатқан істердің барлығы дерлік "сайлау бұрмаланды" деген пікірді дәлелдейдін айғақтың жеткіліксіздігіне байланысты кері қайтарылған.

Штаттың сайлау комиссиясы Джорджиядағы сайлаудың соңғы ресми нәтижесін жариялап қойған. Ол бойынша Джо Байден қарсыласынан 12 мыңдай дауыс көп жинап штат бойынша жеңіске жеткен.

АҚШ президенті Дональд Трамп гольф көлігін айдап барады. Стерлинг. Вирджиния штаты, 22 қараша, 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп гольф көлігін айдап барады. Стерлинг. Вирджиния штаты, 22 қараша, 2020 жыл.

Дауыс беру қорытындысы даулы болған тағы бір штат – Висконсинде федералдық судья Трамптың арызын федералдық деңгейде қарау керек пе, жоқ па деген мәселені таразылап жатыр.
Трамптың заңгерлері Висконсиндегі қашықтан дауыс берген жүздеген мың адамның бюллетені заңсыз деп танылуы тиіс деп санайды, сондықтан олар бұл істі федералдық судьяның қарауын сұраған. Трамп Висконсин штатында осындай екі сот ісін жүргізіп жатыр.

Бұл іс бойынша сот тыңдауы 10 желтоқсанға белгіленген. Судьялар құқықтық дауды тездетіп шешуге мүдделі. Себебі 14 желтоқсанда АҚШ-тың сайлаушылар алқасы жиналып, АҚШ президентін ресми түрде сайлауы керек.

АҚШ-тың 50 штатынан жиналған 538 адам сайлаушылар алқасында келесі президенттің кім болатынын анықтайды. 3 қарашадағы президент сайлауында штаттар сайлаушылар алқасына қай кандидаттың өкілдері баратынын анықтады. Қазіргі уақытта Джо Байден 308, ал Дональд Трамп 232 дауыс иеленіп отыр. Сайлаушылар алқасында дауыс беру мерзіміне үлгеру үшін Трамп кемінде үш штаттағы нәтижені жоққа шығартуы керек.

АҚ ҮЙ ҮШІН КҮРЕСТЕН ДА ТАРТЫСТЫ СЕНАТ САЙЛАУЫ

Дональд Трамп 5 желтоқсанда Джорджияға барады деп жоспарланған. Мұнда ол Республикалық партия атынан сенаторлыққа түсіп, екінші кезеңге өткен үміткерлер Келли Лоффлер мен Дэвид Пердьюге қолдау білдірмек.

Джорджияда сайлау бұрмаланды деп негізсіз мәлімдеме жасап жүрген Трамп жақында штат губернаторы Брайан Кемпті "бейшара", ал штат хатшысы Брэд Раффенспергерді "халық жауы" деп атады. Ол сенаторлықтан үміткерлерді қолдап туит жазғанымен, көбіне президент сайлауындағы өз нәтижесі бойынша тосын мәлімдемелер жасап жүр. Кей республикашылдар Трамптың өз саяси өміріне көбірек көңіл бөлуі партияның сенат сайлауында жеңілуіне алып келуі мүмкін деп алаңдайды.

АҚШ Конгресі орналасқан Капитолий сарайы
АҚШ Конгресі орналасқан Капитолий сарайы

Республикашылдар сенатта көпшілік орынды сақтап қалу үшін екі кандидатының бірі жеңіске жетуі керек. Сонда олар Байден ұсынған заң жобаларына тосқауыл қою мүмкіндігіне ие болады.
Демократтар сенатты тура екіге жару үшін қалған екі орынды да жеңіп алуы керек. Ол жағдайда вице-президент болып сайланған Камала Харристің пікірі шешугі рөл ойнайды.

Джо Бвйден кабинет мүшелерін таныстыру салтанатында. Уилмингтон, Делавэр. 24 қараша, 2020 жыл.
Джо Бвйден кабинет мүшелерін таныстыру салтанатында. Уилмингтон, Делавэр. 24 қараша, 2020 жыл.

Президент болып сайланған Джо Байден де Джорджия штатына келіп науқан өткізбек. Жақында сенат сайлауының үгіт-насихатына АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама да қатысты.

Джорджия заңы бойынша, бұл штаттан сенатор болып сайлану үшін кандидат кемінде 50 пайыз дауыс жинауы керек. Салаудың екінші кезеңі 5 қаңтарда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG