Accessibility links

АҚШ: әлем бойынша діни төзімсіздік жалғасып жатыр


Қазақстандық Ахмадия тобы сот үкімі бойынша айырылған діни ғұрыптарын өтеу ғимараты. Алматы, 19 маусым 2012 жыл.
Қазақстандық Ахмадия тобы сот үкімі бойынша айырылған діни ғұрыптарын өтеу ғимараты. Алматы, 19 маусым 2012 жыл.
АҚШ үкіметінің діни наным-сенім бостандығына қатысты жасаған соңғы есебінде бірқатар елдердің «экстремистермен күрес» науқаны арқылы әлеуметтік қарсылық тудырғаны айтылады.

АҚШ-тың мемлекетік хатшысы Хиллари Клинтон шілденің 30-ында: әлемнің әсіресе адам құқықтары жөнінен кері кетіп бара жатқанын, ал бұл саланың бейбіт қоғам құрудағы ең маңызды мәселе екенін айтты.

Есептің Қазақстан туралы бөлімінде ҰҚК-нің "діни экстремизммен күреске" ерекше назар аударып отырғаны, ал экстремизм туралы заң арқылы үкімет қандай да бір топты "экстремистік ұйым" деп жариялауға қатысты өкілетін кеңейткені туралы жазылған. Құжатта: "Билік орындарының экстремизмнен қауіптенген түр көрсетуі күш қолдануға ұласқаны туралы хабарлар тарады" деген жолдар бар. Баяндамада Қазақстанның дін істері бойынша агенттігінің қызметкерлері полициямен бірге діни қауымдастықтардың ғимараттарына жасалған рейдтерге қатысқаны да назардан тыс қалмаған.

Діни бостандық туралы есепте 2011 жылғы Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшырап, сотқа тартылған түгелге жуық діни топтар мен тұлғаларға қатысты жасалған заңсыз әрекеттер аталып өтіледі.

БІР МИЛЛИАРД АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ

- Біз діни бостандықты ерекше алдыңғы қатарға қойып отырмыз. Себебі әлемдік ахуалға тұтас қарап: «Сенім бостандығы жыл сайын кеңіп бара ма, әлде тарылып бара ма?» деп сұрайтын болсақ, тұщымды жауап ала алмаймыз. Бір миллиардтан астам адам сенім бостандығын тұрақты түрде жаншып отыратын үкімет билігінің қол астында өмір сүріп жатыр, - деді.

Бұл мәлімдемеде кейбір үкіметтік органдар сенім бостандығын шектеу үшін былтырғы жылы «өзгенің дінін қорлау, діннен шығу, және жала жабу» сияқты заңдарды пайдаланған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон діни сенім бостандығы туралы баяндама жасап тұр. Вашингтон, 30 шілде 2012 жыл
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон діни сенім бостандығы туралы баяндама жасап тұр. Вашингтон, 30 шілде 2012 жыл

Сонымен қатар құжатта Қытай, Иран, Солтүстік Корея және Сауд Арабиясы «сенім бостандығын тұрақты түрде жаншып отырған» елдер қатарында аталған.
Баяндама АҚШ пен одақтас боп отырған Ауғанстан мен Пәкістанды сенім бостандығын нашар қорғап отырған елдер ретінде ерекше атап өтеді.

Ауғанстанның соты шариғат заңдарын өз діндерін ұстанғысы келген мұсылман емес адамдарды жазалау үшін пайдаланады деп жазылған.

Ал Пәкістан үкіметі діни азшылықтарға жасалған экстремистік шабуылдарға көз жұмғаны үшін және «дінді қорлады» деген айыппен адамды өлім жазасына кесетіні үшін сыналды.

ҰЛТ ҚАУІПСІЗДІГІН ЖАМЫЛУ

Халықаралық сенім бостандығы ұйымының елшісі Сьюзан Джонсон Кук осы баяндама жасалған мемлекеттік департаменттің баспасөз мәслихатында сөз алып, «Ресей мен Өзбекстан екеуі де ұлттық қауіпсіздікті сылтау қылып, сенім бостандығын шектеп отыр» деді.

Ол Шығыс Еуропа және Орталық Азияның бірнеше елі діни ұйымдардың құқықтарын шектеу үшін қайта тіркеуден өткізетін заңдарды қолданып жатқанын айтты.
Ферғаналық өзбек әйелдер Мәуліт мейрамы кезінде мұсылманша ғұрыптарын өтеп тұр. 14 наурыз 2012 жыл
Ферғаналық өзбек әйелдер Мәуліт мейрамы кезінде мұсылманша ғұрыптарын өтеп тұр. 14 наурыз 2012 жыл

- Ресей мен Өзбекстан бірнеше бейбіт діни топтардың да құқықтарын шектеу үшін ұлт қауіпсіздігі деген сылтау ойлап тапты. Басқа мемлекеттер діни ұйымдардың құқықтарын шектеу үшін тіркеу заңдарын пайдаланып жатыр. Олардың құрамында Беларусь, Венгрия және Орталық Азияның бірнеше елі бар. Аталмыш елдер діни ұйымдардың заңды түрде тіркелуін қиындататын қатаң заңдар қабылдады. Осы заңдарға сүйеніп, тіркелмеген топтарды мемлекеттік қаржыдан, салықтық жеңілдіктерден айырып, жылжымайтын мүлік иеленуге мүмкіндік бермейді, - деді елші.

«САҚТАНДЫРҒЫШ КЛАПАН»

Ал Хиллари Клинтон сенім бостандығын халық өзінің ішкі наразылығын конструктивті салаға бұрып жіберіп отыратын «сақтандырғыш клапанға» теңеді. Ол үкімет сенім бостандығын шектеу арқылы дау-жанжалдың тууына жағдай жасайтынын айтты.

- Беделді, салмақты көзқарас иелері азшылықтың құқықтарын шектеуді жақтап шыққан кезде мұндай жетекшілер өз халқының оларға мойынсұнғаны мен үкім айту құқығын сеніп тапсырғанын естен шығармауы тиіс. Жетекшілер бұқара халыққа кейбір заңдардың қоғамдағы адамдардың бір бөлігіне ғана қолданылып, екінші бір бөлігіне қолданылмаса, яғни принциптер билікке икемделіп кетсе, заңды наразылық пен тұрақсыздықтың ұрығын себетінін ескертіп отыруға міндетті, - деді Клинтон.

Баяндама сонымен қатар әлем бойынша анти-семитизмнің және ахмади, бахаи, буддист және ұйғыр мұсылмандары сияқты діни азшылықтарға қарсы төзімсіздік күшейгенін атап өтті.
XS
SM
MD
LG