Америкалықтар бұл тыңдауға қатты мән беріп отыр. Өйткені Коми ФБР-ді басқарып тұрғанда Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал ету ықтималдығы туралы істі тексере бастаған. Трампқа қарсы саясаткерлер президент осындай жолмен тәуелсіз тексеруге кедергі жасамақ болды деп есептейді.
Тыңдау алдындағы кіріспе сөзінде Коми президент Дональд Трамптың ФБР-де үлкен мәселелер туған соң өзін қызметтен алғаны туралы мәлімдемелерін "өтірік" деп сипаттады. Коми президент Трамп болашақта өздерінің қарым-қатынасы туралы "жалған сөйлеуі мүмкін деп қауіптенгендіктен" әңгімелерінің мазмұнын қысқаша жазып отырғанын айтты.
"Ресейге қатысты істі тексеру тәсілім оған (президент Трампқа - ред.) салмақ түсіріп, қитығына тигесін жұмыстан шығарылдым деп білем" деді Коми.
ВИДЕО: Джеймс Комидің сенаттағы мәлімдемесі
Комидің Сенаттағы барлау комитеті алдында айтқан бұл сөздері - Ақ үй мен Вашингтонда саяси дүрбелең тудырған Ресейдің Трампты қолдап АҚШ-тағы сайлау науқанына араласу мүмкіндігі туралы даудың бір көрінісі. Трамп әкімшілігінің мүшелері мен Ресей билігінің өкілдері арасындағы күмәнді қарым-қатынас туралы талқылау Трамп ФБР-дің осы мәселеге қатысты оның бұрынғы қауіпсіздік кеңесішісі Майкл Флинді тексеру ісіне кедергі келтірді ме деген сұраққа жауап іздеуге ойысты. Заңның орындалуына кедергі келтіру әрекеті АҚШ-та қылмыс деп саналады.
Бейсенбі күні сенаттың барлау комитетінің алдында есеп берген ФБР-дің бұрынғы директоры Джеймс Комидің қысқаша баяндамасы сәрсенбі күні алдын ала мазмұнын таныстыру ретінде жарияланды. Бұл құжатта Коми президент Дональд Трамппен бірнеше кездесуін сипаттайды. Осының негізінде сенат ФБР-дің тәуелсіз тергеу-тексеру амалдарына президенттің ықпал еткен-етпегенін анықтамақ.
Комидің жазуынша, қаңтардың 27-сінде кешкі асқа шақырған Трамп одан өзіне "адал болуды" ("лояльдық" - ред.) сұраған. Коми тәуелсіз тексеру бюросының басшысы ретінде президенттің бұл талабына жауап бермей, үнсіз тесіле қарағанын суреттейді. Ал ақпанның 14-інде болған және бір жүзбе-жүз кездесуде Трамп Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға араласу дауына қатысты қызметінен кеткен ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Флинді тексеру ісін жабу туралы ишара білдірген. Бұған дейін журналистердің осы жайтқа қатысты сауалдарына Трамп «Жоқ, Флинді тергеу амалдарын тоқтатуды сұраған жоқпын» деп жауап беріп келген еді. Ал Коми президентпен барлық әңгімелерін қағазға түсіріп, ФБР-дегі лауазымды әріптестерімен сол кезде бөлісіп отырғанын айтады.
Сенаторлар Комиден президент Трамптың бұрынғы кеңесшісі Флинді тексеру ісін жабу туралы ұсынысы заңның орындалуына кедергі келтіруге жата ма деп сұрағанда ФБР-дің экс-директоры келісіңкіремей, бұл сұрақты арнайы уәкіл Роберт Мюллерге (бұрынғы ФБР директоры - ред.) қою керектігін айтты.
Президент Трамп бұған дейін Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға ықпал ету ықтималдығы туралы тексерулерді "АҚШ тарихындағы ең ірі негізсіз кінәлі іздеу науқаны" деп сипаттаған. Коми мамырдың 9-ында қызметінен кетірілген еді. Оның оставкасы туралы мәлімдемесінде Трамп: "Менің үстімнен тергеу амалдары жүріп жатпағанын үш мәрте хабарлағаныңызға разылық білдірем. Сонда да әділет министрлігінің ФБР-ді басқаруға қабілетсіз екеніңіз туралы пікірімен келісем" деген.
Конгрестегі демократтар әлден-ақ Комидің сәрсенбі күнгі хатында айтылған жайттарды тексеру амалдарына қысым жасау деп бағалауға болатынын айтып, бұл жанжалды 1972-1974 жылғы "Уотергейт" дауымен салыстырып үлгерді. Демократтарды заңсыз тыңдау туралы "Уотергейт" дауы кезінде сол кездегі АҚШ президенті Ричард Никсон отставкаға кетуге мәжбүр болған.
Трамп ФБР-дің бұрынғы басшысының хатына қатысты әзірше пікір білдірген жоқ. Оның адвокаты Марк Касовитц президент өзін арнайы қызмет орындары оның әкімшілігі мен Ресейдің ықтимал байланысын тексеруге қатысты зерттеу объектісі деп танымайтынын Комидің растағанына разы екенін хабарлады.