Accessibility links

Саяси қайраткерге айналған соғыс ардагері


Джон Маккейн, АҚШ сенаторы
Джон Маккейн, АҚШ сенаторы

АҚШ Сенатына Аризона штатынан алты мәрте сайланған республикашыл саясаткер, Вьетнам соғысында алты жылдай тұтқын болып, азаптаудан аман шыққан қаһарман Джон Маккейн 81 жасында дүние салды.

Екі мәрте президент сайлауында жеңілсе де, Сенатта ондаған жыл бойы принципшіл саясаткер ретінде танылған Маккейн соңғы жылдары мидың қатерлі ісік дертіне шалдығып, емделіп жүрген. Тамыздың 25-інде ол ауруынан айықпаған күйі Аризонадағы ранчосында, бала-шағасының ортасында көз жұмды. Өмірінің соңғы жылы "Толассыз толқын: жақсы заман, әділ іс, ұлы шайқас және басқасы" атты соңғы кітабын жазып бітірді.

Кітабында Маккейн қанша ғұмыры қалғанын білмейтінін ашық жазды, соңғы саяси оқиғаларға қатысты белсенді түрде пікір айтып, позициясын білдірді, президент Дональд Трамптың саясатын сынады, 2008 жылы сайлауға түскенде вице-президент ретінде Алясканың бұрынғы губернаторы Сара Пэйлинді таңдағанына өкінді, АҚШ-тың халықаралық аренадаға абыройы үшін алаңдады.

Сенаттың Қарулы күштер комитетін ұзақ басқарған Маккейн қорғаныс және халықаралық саясат бойынша білгір маман болып саналатын.

Джон Маккейн 1936 жылғы тамыздың 29-ында АҚШ-тың Панамадағы әскери теңіз күштер базасында туған. Әкесі де, атасы да АҚШ әскерінің адмиралдары болған.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУУ

Төрт жұлдызды адмирал атанған әкесі мен атасының жолын қуған Джон Маккейн 1958 жылы Аннаполистегі Әскери теңіз академиясына түседі. Он жылдан соң Вьетнамға жөнелтіледі. Мінген ұшағын Ханой маңында жау әскері атып түсіріп, тұтқынға айналады.

Джон Маккейннің әскери ұшқыш кезі
Джон Маккейннің әскери ұшқыш кезі

Екі қолы мен мойны сынған ұшқыш жалғыз адамдық камерада азаптауды бастан өткереді. Ертерек босату туралы ұсынысты қабылдамай, барлық америкалық тұтқын еркіндікке шыққан соң барып өзін ең соңынан қайтаруды талап етеді.

АҚШ-ты жақсылығы үшін, даналыққа, әділетке және адамдарының ізгілігіне сенетіні үшін сүйдім. Бұл елді тек мекен емес, шайқасуға лайық идея болғаны үшін сүйдім.
Джон Маккейн

2008 жылы президент сайлауына кандидат болу туралы Республикалық партияның ұсынысын қабылдап тұрып ол: "Басқа бір елдің түрмесіне түскенде барып өз еліме ғашық болдым. АҚШ-ты жақсылығы үшін, даналыққа, әділетке және адамдарының ізгілігіне сенетіні үшін сүйдім. Бұл елді тек мекен емес, шайқасуға лайық идея болғаны үшін сүйдім. Қатты өзгердім. Өз еркім өзімде емес еді. Елдің адамына айналған едім" деді.

Сөзі мен ісі сәйкес еді. Сертіне адал күйі қалды.

Сенатор ретінде президенттерді саясаты көзқарасымен үйлеспесе, партиясына қарамай сынады. Қоғамның көз алдында ол соғыс қаһарманынан саяси тұлғаға айналды.

Конгрестегі Өкілдер палатасына сайланған алғашқы мерзімі кезінде президент Рональд Рейганның Бейрутқа әлеуеті жеткіліксіз әскер қою туралы шешіміне қарсы болды. Маккейн бекер алаңдамаған болып шықты. 1983 жылғы қазан айында жанкешті америкалық әскери бөлімшеге бұзып-жара кіріп, бомба жарып, 241 сарбазды мерт қылды.

1986 жылы Маккейн АҚШ сенаторы болып сайланды.

Джон Маккейннің 1988 жылғы бейнесі
Джон Маккейннің 1988 жылғы бейнесі

Тағы бір республикашыл президент Джордж Бушпен салық саясаты, азаптау мәселесі мен АҚШ-тың Ирактағы стратегиясы бойынша теке-тіреске барған кезінде Джон Маккейннің жұлдызы жарқырай түсті.

Ол Демократиялық партия жетекшілерін де талай састырды.

Маккейн президент Барак Обаманың сыртқы саясатын қатты сынады. Ирактан әскер шығаруын қолдамады, Сирия президенті Башар Асад өз халқына химиялық қару қолданып, Вашингтон сызған "қызыл шектен" өтіп кеткен кезде де әскер кіргізбегенін сөкті.

БАС СЫНШЫ

2017 жылы Дональд Трамп президент болып сайланып, Ақ үйге кіргенде де Маккейннің турашылдығы сол күйі қалды. Трамп екеуі денсаулық сақтау саласындағы сақтандыру жүйесі және сыртқы саясатқа келгенде, әсіресе Ақ үйдің Сирия, Ресей мен Қытайға қатысты позициясын талқыланғанда жиі шарпысып қалып жүрді.

Өзіне қарсы шыққан республикашыл, я демократ саясаткерді кемсіте сөйлейтін Трамп Маккейнді "біліксіз" деп атады. Президент сайлауына түскен кезде сөйлеген бір сөзінде өмірінде әскери борыш өтемеген Трамп Маккейнді "соғыста тұтқынға түскені үшін ғана қаһарман атанған" деп мысқылдады. "Тұтқынға түспеген адамдарды ғана ұнататынын" айтты.

Бірақ Маккейннің өзі де саяси карьерасы кезінде көші-қон саясаты, түсік жасату мен салықты азайту сияқты мәселелер бойынша көзқарасы үшін сынға ұшырап, кейін келе кейбір ұстанымын өзгертті.

Ол Иракқа әскер кіргізуді қолдады, 2008 жылы көп ешкім танымайтын Пэйлинді вице-президент кандидаты ретінде таңдап алғаны үшін сөзге қалды. Сол сайлауда ол демократ Барак Обамадан жеңілді.

Джон Маккейн (сол жақта) Алясканың бұрынғы губернаторы Сара Пэйлинмен сайлаушылар алдында тұр.
Джон Маккейн (сол жақта) Алясканың бұрынғы губернаторы Сара Пэйлинмен сайлаушылар алдында тұр.

Халықаралық саясат аренасында Маккейн тура сөйлейтін адам ретінде көптің есінде қалды. Оның халыққа жақын тілмен сөйлеу мәнері күрделі саяси мәселелерді түсінуді оңайлататын.

Ол Шығыс Еуропа елдерінің НАТО-ға кіруін барынша қолдады.

2017 жылы сәуірде Черногорияға барған кезінде шағын ғана Балқан елінің Батыс елдері құрған қауіпсіздік қауымдастығына кіруі аймақтың қауіпсіздігі үшін және Ресейге қарсы тұру үшін маңызды екенін айтты.

"ЕСКІШЕ" ОЙЛАУ

2017 жылғы маусымның 8-інде жарияланған бір сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин өзін бұрыннан сынап келе жатқан Джон Маккейн бірде мына дүниеге Путин ДАИШ-тан гөрі көбірек қатер төндіреді деген пікір айтты деп қалды да, америкалық сенаторды әлі "Ескі дүниеде" өмір сүріп жатыр деп түйреп өтті.

Маккейннің өзі бірде Ресейді "өзін мемлекет деп атайтын жанар-жағар май бекеті" деп сипаттаған. Бірақ Путин республикашыл саясаткерді патриотизмі үшін сыйлайтынын айтты. Ол Маккейнді ежелгі Рим сенаторы Марк Порций Катонға теңеді.

Джон Маккейннің соңында 38 жыл отасқан әйелі Синди, жеті баласы (екеуі - бірінші әйелінен) қалды.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG