Accessibility links

"Қадырбаев пен Тажаяков - күдіктілер емес" дейді адвокат Стал


Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты.
Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты.

Бостонда ұсталған екі қазақ жігіті "тек виза тәртібін бұзғаны үшін қамауда отыр" дейді біреуінің адвокаты. Бұл арада, оларға күдіктілердің бірі жарылыстан соң смс жіберген деген ақпарат тарады.

АҚШ-тың федералдық тергеу бюросының (FBI) өкілдеріне берген жауабында қазақстандық студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяков жарылыстың дайындалып жатқандығынан бейхабар болғандарын, бұл оқиға өздеріне жай түскендей әсер еткенін айтқан.

Бұл туралы Диас Қадырбаевтың адвокаты Роберт Стал мәлімдеді деп хабарлады Ассошейтед пресс агенттігі. Бостон жарылысына күдіктілердің бірі Джохар Царнаевтың таныстары ретінде сипатталған қазақстандық екі жас азамат өткен аптада АҚШ-та ұсталған еді.


«ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ ӘСЕР ЕТКЕН»

Бұрын федералдық прокурор болып істеген Роберт Сталдың сөзінше, қазақ студенттері жарылыс болғанға дейінгі және одан кейінгі бірнеше күнде Джохар Царнаевты көрмегендерін айтқан. Бостондағы жарылыс олар үшін күтпеген оқиға болған дейді адвокат.

– Өзге жұрт сияқты бұл жігіттерге де тосын оқиға жай түскендей әсер еткен. Қатардағы жас студенттен мұндай шығады деген олардың ойына да келмеген, – деген телефон арқылы берген сұқбатында Роберт Стал.

Заңгердің айтуынша, қазір АҚШ-та абақтыда отырған екі жігіт "күдіктілер ретінде емес, студенттік виза тәртібін бұзған адамдар ретінде қарастырылып" отыр. АҚШ иммиграциялық қызметінің өкілдері бұл мәселе бойынша түсінік беруден бас тартқан. Ұсталған кезден бастап Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяковтан федералдық тергеу бюросы екі рет жауап алған, екеуі де Бостондағы жарылысты тергеу ісіне көмектесуге келіскен.

Сейсенбі күні Азаттық тілшісіне Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов АҚШ құқық органдары қазақстандық екі студентті «виза режимін бұзды» деп ұстағанын хабарлаған еді.

Бостондағы жарылысқа күдіктілерді ұстауға келген арнайы жасақ. Уотертаун, АҚШ, 19 сәуір 2013 жыл.
Бостондағы жарылысқа күдіктілерді ұстауға келген арнайы жасақ. Уотертаун, АҚШ, 19 сәуір 2013 жыл.
Кейбір сайттар екі студенттің бірінің дос қызының да ұсталғанын жазды, бірақ ол туралы толық ақпарат болған жоқ.

Массачусетс Дартмаус университетінің өкілі Джон Хоудың айтуынша, Диас Қадырбаев оқуға түсе алмаған, Азамат Тажаяков түскен, екеуі де Бостоннан 60 мильдей жердегі Нью-Бедфордта пәтер жалдап тұрған деп жазады Ассошейтед пресс.

Агенттік Бостонда ұсталған екі қазақстандықтың бірі – Азамат Тажаяковтың адвокаты Томас Кирштан телефон қоңырауына да, электронды хатқа да жұманың кешіне дейін жауап болмағанын айтады.


НОУТБУК, ТЕЛЕФОН ЖӘНЕ СМС

Бостондағы шабуылға күдіктілердің бірі бомба жарылысынан соң қазақстандық жігіттердің телефонына хабарласып, орыс тілінде жазылған смс-хат жібергені анықталған деп хабарлады ABC News жұма күні.

Бұл мәліметті құқық органындағы дереккөзге сілтеме жасап таратқан ақпарат құралы Қадырбаев пен Тажаяковтан жауап алған соң тергеушілер жарылысқа күдіктілердің ноутбугын іздеуге кіріскенін айтады. Ол ноутбукте күдіктілердің жоспары туралы дерек болуы мүмкін екені айтылады. Сонымен бірге, қазақ жастары тұрған Нью-Бедфордтағы пәтерден табылған ұялы телефон Тамерлан Царнаевтыкі болуы мүмкін деген болжам бар.

"Қазақстандық екі жігіт Бостон жарылысына күдіктілердің таныстары болған" деп хабарлаған құқық органындағы өз есімін атауды қаламаған адам.

Қару-жарақ асынған полиция қызметкерлері Таймс-скверді бақылап тұр. Нью-Йорк, 26 сәуір 2013 жыл.
Қару-жарақ асынған полиция қызметкерлері Таймс-скверді бақылап тұр. Нью-Йорк, 26 сәуір 2013 жыл.
Нью-Йорк мэрі Майкл Блумберг ресми тергеу жүргізіп жатқан федералдық органға сілтеме жасап, Бостонда жарылыс жасағандардың келесі нысанасы Нью-Йорктегі Таймс-сквер болған деп мәлімдеді.


«СӘТСІЗ ӘЗІЛ»

Бұған дейін тараған ақпараттарда, Диас Қадырбаев ұсталған кезде Terrorista#1 деген жазуы бар көлік мініп жүргені туралы хабарланған еді. Оның адвокаты әлгі жазуды «ақымақтық» деп атайды.

– Оны жас студентке түнгі сауықты ұнататыны туралы әзіл емеурінмен достары тарту еткен, саясатқа қатысы жоқ. Тек ол осындай өте ыңғайсыз сәтке дөп келген. Олардың жалғыз ғана тілегі бар – бостандыққа шығып, үйіне, отбасына оралғысы келеді. Небары 19 жасыңда үйіңе арнайы жасақ басып кірсе қандай күйде болатындығыңызды елестетіп көріңізші, – дейді Роберт Стал.

Диас Қадырбаевтың әкесі бұған дейін ақпарат құралдарына берген сұқбатында, екі студенттің де жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық істің куәгері ретінде сұралғанын айтқан еді. Ол интернетте «танымал» болып кеткен қара BMW-ның баласына тиесілі екенін, көліктің нөмірінің орнына жапсырылған жазу «достарының қалжың ретінде тартқан сыйы» болғанын атап өткен.

Сәуірдің 15-і күні АҚШ-тың Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде болған бомба жарылысы салдарынан 3 адам мерт болып, 260 адам жараланды. Бірнеше күн өткенде полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскені хабарланды.

Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан. Ал сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен
"Вконтакте" желісіндегі Диас Қадырбаев есімді қолданушының парағындағы суретте қазақ студенттер Джохар Царнаевқа ұқсайтын жігітпен (оң жақтан екінші) бірге тұр.
"Вконтакте" желісіндегі Диас Қадырбаев есімді қолданушының парағындағы суретте қазақ студенттер Джохар Царнаевқа ұқсайтын жігітпен (оң жақтан екінші) бірге тұр.
Джохар Царнаев - Массачусетс Дартмаус университетінің студенті деп хабарланды. Олардың ата-анасы балаларының Бостондағы жарылысқа қатысы барына сенбейтіндерін айтты.

Бостондағы жарылысқа қатысты АҚШ-та екі қазақ жігіті ұсталғаннан кейін "Вконтакте" желісіндегі парақтардың біріндегі Диас Қадырбаев, Азамат Тажаяков және Джохар Царнаевқа ұқсас жігіттердің қатар тұрып түскен суреттерін қолданушылар көшіріп басып, интернет арқылы тарады.
XS
SM
MD
LG