Accessibility links

АҚШ Асадтың әуе базасын атқылады


Жерорта теңізіндегі АҚШ әскери кемесінен Сирияның Шайрат әуе күштері базасына атылған «Томагавк» зымыраны. Суретті АҚШ әскери теңіз күштері таратты.
Жерорта теңізіндегі АҚШ әскери кемесінен Сирияның Шайрат әуе күштері базасына атылған «Томагавк» зымыраны. Суретті АҚШ әскери теңіз күштері таратты.

АҚШ баспасөзі сәуірдің 6-сы кешке Америка Құрама Штаттары әскерінің Сириядағы үкімет бақылауындағы әуе базасын зымырандармен атқылағанын хабарлады. Ақпараттарға қарағанда, АҚШ бұл соққыны осы аптаның басында бейбіт азаматтарға химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде берген. Шабуылдан кейін Сирия үкіметі химиялық қару қолданды деп айыпталған еді.

Бұл - азамат соғысы басталған 6 жылдың ішінде АҚШ-тың Сирия үкіметіне жасаған алғашқы тікелей шабуылы әрі Дональд Трамптың АҚШ президенті болып жаңадан сайланғаннан кейін берген тұңғыш шешуші әскери бұйрығы.

АҚШ Сирия үкіметінің әуежай базасын зымырандармен атқыламас бұрын Ресей дипломаттары мұндай «салдары күмәнді әрі қасірет әкелетін шараға» қарсы мәлімдеме жасаған болатын. Ресей өкілдері АҚШ-қа «шабуылдың зардабы мен жауапкершілігін көтеруге» тура келетінін ескерткен.

АҚШ-тың аяқ астынан жасаған бұл шабуылы Трамп саясатының оқыс өзгергенін білдіретіндей. Өйткені, былтырғы сайлау кампаниясында ол Таяу Шығыстағы қақтығыстарға белсене араласуға қарсы екенін, «ең әуелі – Америка» саясатын ұстанатынын, яғни АҚШ-тың ішкі мәселелерін шешу мәселесін алға шығаратынын айтумен болған.

Химиялық шабуылға ұшырады деген Хан-Шейхун қаласында қаза тапқан адамдарды жерлеу сәті. Сирия, Идлиб провинциясы, 5 сәуір 2017 жыл.
Химиялық шабуылға ұшырады деген Хан-Шейхун қаласында қаза тапқан адамдарды жерлеу сәті. Сирия, Идлиб провинциясы, 5 сәуір 2017 жыл.

Бірақ Трамп сәуірдің 4-і Сирияның Хан-Шейхун қаласында жасалды деп болжанған, 86 адам қаза тапқан газ шабуылынан кейін «өліп жатқан балалардың суреттерін көргенін, бұл оқиғаның қатты әсер етіп, оны өзгерткенін» айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Химиялық шабуыл құрбандары (суретті басыңыз)

Трамп Сириядағы әуе күштері базасын зымырандармен атқылау туралы бұйрықты не үшін бергенін түсіндірген теле-үндеуінде «Сирия диктаторы Башар Асад бейбіт тұрғындарға жантүршігерлік химиялық шабуыл жасады. Ол жүйке жүйесін істен шығаратын у қолданды. Асад қорғансыз балалар мен әйелдерді, ерлерді өлтіріп жатыр» деді. Газ шабуылы кезінде адамдардың жүйке жүйесі зақымданып, сал болып қалған.

Химиялық шабуылға ұшырады деген Хан-Шейхун қаласында ауруханаға түскен бала. Сирия, Идлиб провинциясы, 5 сәуір 2017 жыл.
Химиялық шабуылға ұшырады деген Хан-Шейхун қаласында ауруханаға түскен бала. Сирия, Идлиб провинциясы, 5 сәуір 2017 жыл.

Трамп бейбіт тұрғындарға қарсы газ қолдануды «жантүршігерлік жауыздық», «адамзаттың сүйегіне түскен таңба» деп бағалайтынын мәлімдеді. Ол мұндай әрекетке қарсы шара қолданатынын білдірген.

Трамп бұйрығы себептерін «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігінің өмірлік мүдделері үшін, өлім себетін химиялық қаруды қолдануды, таратуды тоқтату үшін» деп түсіндірді. Оның сөзінше, Асад халықаралық құқықты бұзып отыр.

Сәуірдің 7-сі күні таңертең Жерорта теңізінде тұрған АҚШ әскери кемелері Сирияның батысындағы Шайрат әуе күштері базасына 59 «Томагавк» зымыранын атқан. АҚШ шенеуніктерінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, «мұндай ауқымды шабуыл арқылы әуе базасындағы ұшақтар, жанармай бекеттері, ұшып-қону жолақтары көзделген».

Трамптың сөзінше, «бұл әуежайды Сирия үкіметі улы газ шабуылын жасауға пайдаланған». Пентагон шабуылдың мақсаты нысанаға алынған аумақты ғана жою болғанын мәлімдеді. Ал сарапшылардың айтуынша, АҚШ шабуылынан көптеген бейбіт тұрғындар мен әскери әуе базасының маңында тұратын Ресей әскери қызметкерлері зардап шегуі, тіпті қаза табуы мүмкін еді.

БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Никкли Хейли Сириядағы химиялық шабуыл құрбандары деп суреттер көрсетіп тұр. Нью-Йорк, 5 сәуір 2017 жыл.
БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Никкли Хейли Сириядағы химиялық шабуыл құрбандары деп суреттер көрсетіп тұр. Нью-Йорк, 5 сәуір 2017 жыл.

АҚШ шабуылы жөніндегі ақпараттар тарардан сәл ғана бұрын Ресейдің БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Владимир Сафронков Вашингтонды Ресейдің одақтасы болып отырған Сирияға шабуыл жасаудан сақтандырып, «егер соққы жасалатын болса, оның жағымсыз зардаптары болатынын» ескертті.

Сафронков «Біз [шабуылдың] жағымсыз салдарлары туралы ойлануымыз керек. Егер ондай салдары күмәнді әрі қасірет әкелетін әскери әрекет жасалған жағдайда оның жауапкершілігі сол әрекетті іске асырғандардың мойнында болады» деп мәлімдеген.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Владимир Сафронков (ортада). Нью-Йорк, 5 сәуір 2017 жыл.
Ресейдің БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Владимир Сафронков (ортада). Нью-Йорк, 5 сәуір 2017 жыл.


«Жағымсыз салдарлар қандай болуы мүмкін?» деген сауалға Сафронков «Иракқа, Ливияға қараңдар» деп жауап берген.

Пентагон Ресейге әуе күштері базасын атқылайтынын алдын ала ескерткенін айтады. Пентагонның мәлімдемесіне қарағанда, олар Ресей әскері тұрып жатқан аймаққа зымыран түсірмеуге тырысқан.

Пентагонның әскери-теңіз флоты өкілі Джефф Дэвис «Ресей әскерилеріне ертерек хабар беріліп, олар қақтығыс аймағынан тыс жерге шықты. АҚШ шабуылын жоспарлаушылар ол маңдағы Ресей және Сирия персоналына барынша зиян келтірмеу жағын ойластырды» деген.

Трамп зымыран шабуылы жасалатынын алдын ала хабарлаған жоқ. Алайда сәуірдің 6-сы АҚШ-тың қауіпсіздік саласы ресми өкілдері Сирия билігіне күні бойы ескертулер жасаумен болған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға шабуыл жасауға бұйрық берген Флоридадағы әскери базада сөйлеп тұр. 6 сәуір 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға шабуыл жасауға бұйрық берген Флоридадағы әскери базада сөйлеп тұр. 6 сәуір 2017 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон (Rex Tillerson) Сирияда жасалған химиялық шабуылға қатысты Ресейді де айыптауға болатынын айтқан. Тиллерсонның сөзінше, Мәскеу 2013 жылы жасалған Сириядағы химиялық қаруды жою туралы келісімді орындамаған.

«Ресей астыртын келісімге барған не келісімді соңына дейін орындауға қауқары жетпеген» дейді Тиллерсон.

Трамп Флоридадағы әскери әуе күштерін аралап жүрген жерінде журналистерге «Сириядағы оқиға (улы газ шабуылын айтады – ред.) болмауы тиіс еді, ондай шабуыл - жантүршігерлік қылмыс. Ондай қылмыстыр жасалмауы керек» деген. Трамп Флоридада осы күндері Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен екі күндік кездесу өткізіп жатқан.

Газ шабуылынан кейін Трамп «өркениетті елдерді» АҚШ-тың «Сириядағы қантөгісті тоқтату жолындағы күресіне» қосылуға шақырып, «АҚШ мақсаты – химиялық қару қолдануды тоқтату» деп мәлімдеген. «Біз АҚШ-тың әділет жолындағы күресіне сенеміз, әлемде түбінде бейбітшілік пен келісім орнайтынына сенеміз» дейді Трамп.

АҚШ-тың бұл шабуылын Конгрестегі екі партия өкілдері де қолдап отыр. ​Сенаттың сыртқы қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Боб Коркер «Асад өз азаматтарына қарсы жасаған қылмыстары үшін жазаланбай қалмайтынын ұғуы керек. Бұл шабуыл соны білдіреді әрі қажет болды» дейді. Ал сенаттағы демократтар жетекшісі Чак Шумер «Асад мұндай қылмыстарына жауап беретінін білгені жөн» деген пікірін айтты.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ

Сәуірдің 7-сі күні Азаттықтың жаңалықтар қызметі Ресейдің АҚШ-пен арада жасасқан Сирия аспанындағы қақтығыстардың алдын алу туралы келісімді тоқтатқанын хабарлады.

Сириядағы әуе күштері базасын АҚШ атқылағаннан кейін 6 жылға созылған азамат соғысында Сирия президенті Башар Асадты қолдап келе жатқан Ресей және Иран Вашингтонның бұл әрекетін сынап шықты. Ал АҚШ одақтастары қолдау көрсетіп жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин. Петербург, 3 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин. Петербург, 3 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин «АҚШ-тың Сирияға шабуылы егемен мемлекетке..., халықаралық құқыққа шабуыл болып саналады» дегенін Кремль баспасөз Дмитрий Песков жеткізді. Ол АҚШ шабуылы ойдан шығарылған себеппен жасалды деген.

Асад үкіметіне әскери және экономикалық қолдау көрсетіп келе жатқан Иран АҚШ шабуылы «Сириядағы терроршыларды күшейтетінін», «Сирия мен аймақтағы жағдайды күрделендіретінін» айтты.

Иран химиялық қаруды қолдануды айыптайды, бірақ оны желеу етіп біржақты әскери шаралар жасау халықаралық құқықты бұзатынын мәлімдеген.

АҚШ одақтастары Вашингтонға қолдау білдірген. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаняху twitter-де «Трамп химиялық қаруды қолдануға жол бермейтінін айқын ұқтырды. Израиль АҚШ президенті Трамп шешімін толық қолдайды» деп жазды. Сауд Арабиясы да АҚШ әрекетін қолдайтынын білдірген.

Түркия премьер-министрі орынбасары Нуман Куртулмус "АҚШ шабуылын қолдайтынын және соққыдан кейін қақтығысушы тараптар бейбітшілікке қарай бейімделеді деген үмітін" білдірген. Ұлыбритания және Франция биліктері де Асад режимін айыптап, АҚШ шабуылын құптаған.

XS
SM
MD
LG