Билік қанша қудалауға салып, қоқан-лоқы жасап, ұрып-соғып, түрмеге қамаса да, өздерінің және Өзбекстан азаматтарының құқығын бұзбауды талап етуден тайынбайтын құқық қорғаушы жандардан өзбек жері әсте кенде болған емес.
Сондай белсенділердің бірі – Өзбекстан құқық қорғау альянсы мүшесі Аделаида Ким. Бұған дейін хабарланғандай, ол милицияның бірнеше қызметкерінің үстінен шағымданған.
Бұл іс 2014 жылы мамырдың 8-інде Аделаида Ким әріптесі Людмила Бросалинамен бірге Ташкент қаласындағы Украина елшілігі алдындағы шеруге қатысқаннан кейін басталған. Ким Украинаның шығысындағы соғыс қимылдарын, атап айтқанда «қарусыз жандарды қырып-жоюды» тоқтатуды талап еткен.
Елшілік алдына олар екеуі ғана барған еді. Бірақ, мұндай әрекеттердің жұрт арасында жайылып, үкіметке қарсы наразылыққа ұласып кетуінен қауіптенетін Өзбекстан билігі кез келген пикетті тезірек қуып таратуға тырысады.
Әлгі пикет кезінде Кимді тұтқындап, милиция учаскесіне апарған. Белсендінің айтуынша, милиция бөлімшесінде Ташкент қалалық терроризммен күрес бөлімі бастығы Бахтиёр Эгамбердыев оны мейлінше қорлаған, балағаттап, тіл тигізген әрі «Украинаға кетпейсің бе?» деп сөккен. Кимнің айтуынша, оның үстінен жалған айыппен әкімшілік іс қозғап, алты миллион өзбек сумы (2400 долларға жуық) көлемінде айыппұл салған. Кимнің апелляциялық шағымынан кейін қаңтар айында Жоғарғы сот айыппұл көлемін 300 мың сумға (120 доллар) дейін азайтқан.
Сәуірдің 8-і күні Эгамбердыев пен тағы екі милиционердің үстінен қозғалған іс бойынша сот тыңдауы басталған. Алайда, сотқа аты-жөні – Бахтиёр Эгамбердыев, бірақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып істейтін мүлде өзге адам келген. Сот отырысына Кимнің шағымында көрсетілген милиционерлер де келмеген. Ақыры сот тыңдауы «нағыз» Бахтиёр Эгамбердыевті сотқа шақыру үшін кейінге қалдырылған.
Осы мақала жазылып жатқан кезде сот процесінің қайта басталғаны жайлы қандай да бір хабар түспеді.
«ШЕНІН ӨСІРУДІ СҰРАЙМЫН»
Сәуірдің 8-і күні Өзбекстан құқық қорғау альянсы жетекшісі Елена Урлаева Аделаида Кимді қолдаған жазуы бар плакат көтеріп, сот ғимараты жанына келді. Ол сәуірде Өзбекстан ішкі істер министріне хат жазған. Құқық қорғау ісімен айналысқан жылдары Урлаеваны талай мәрте тұтқындап, еркінен тыс психиатриялық клиникаларда ұстаған, күшпен дәрі берген, ұрып-соғып, қоқан-лоқы жасаған. Бірақ ол ештеңеге мойымай, Өзбекстан азаматтары құқын қорғаумен айналысып келеді.
Биліктің құқық қорғаушыға көрсеткен зәбір-жапасын ескерсек, оның Ташкент қаласы Мирзо Ұлықбек аудандық терроризммен күрес бөлімінің бастығы Ілияс Мұстафаевтың шенін өсіруді сұрап, Өзбекстан ішкі істер министріне сәуірдің 7-сі күні жолдаған хаты еріксіз қайран қалдырады.
Бірақ Урлаева мұны еш қалжыңсыз, шын пейілімен істегенін айтады. Өзбекстан құқық қорғау альянсы жетекшісі министрге жолдаған хатында 17 жылдың ішінде Урлаеваны талай тұтқындаған Мұстафаевты «офицер әрі адам ретінде өз міндетін адал атқаратын жан» деп сипаттаған.
– Мен Мұстафаевты түсінемін, ол – солдат, сондықтан бұйрықты орындауы тиіс, - дейді Урлаева.
Елена Урлаеваның пәтерінде Мұстафаевтың жиі болатыны соншалық, тіпті ресми ескерту жасап келсе де, оны мейман ретінде төріне шығарып, дастархан жайып, күтіп жібереді.
– Менің анамды Ілияс «мама», ал анам оны «балам» деп атайды, - дейді альянс жетекшісі.
Елена Урлаева 2010 жылы шеру кезінде «азаматтық киімдегі әлдекімнің» тепкісінен Мұстафаев араша түсіп алып қалғанын, кейін әріптестерінің қылығы үшін кешірім сұрап, үйіне дейін жеткізіп салғанын есіне алады.
Құқық қорғаушы министрге хатында «осындай адал офицер жасы 50-ден асып кетсе де, әлі майор шенінде жүр» деп жазып, 28 сәуір – Ілияс Мұстафаевтың туған күніне орай оның шенін өсіруді сұраған.
Министр Ілияс Мұстафаевтың шенін өсірді ме, жоқ па – ол жағы бізге беймәлім.